Мәдениет

КҮМБІРЛЕЙДІ КҮЙ КЕШІ

анар

Алдағы сенбі, яғни, мамырдың 25-і күні «Конгресс холл» сарайында белгілі күйші Анар Мұздаханованың «Аққу домбыра» деп аталатын жеке концерті өтеді.

Күйшінің мерейтойына арналатын осы кеште сонау Кетбұға бабамыздан бастап, Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Сүгір, Дина, Нұрғиса сынды қазақ күй өнері жауһарларының ең таңдаулы, ең танымал күйлері шертілмек. Концертте Қазақ халық аспаптар ансамблі, «Шалқыма» халық биі ансамблі, Гүлзира Бөкейханова, Эльмира Жаңабергенова, Ғазиза Жұмакенова сынды өнер майталмандары өнер көрсетеді. Сондай-ақ, кешке Анардың әкесі, белгілі күйші Айтбай Мұздаханов қатысады. Ол кісі бүкіл Қостанай өңірін дүрілдеткен күйші. Әкесінің 40 күйі мен 20-дан аса әні бар. Өнерлі орталарда, көпшілік алдында сол шығармаларды насихаттауға бел шеше кіріскен Анар келе-келе өзі де күй шығаратын болған. 1985 жылы «Жігер» фестиваліне қатысып, әкесінің «Бабалар үні» циклынан «Тархан баба», «37-інші жыл», «Бозтайлақ» күйлерін күмбірлеткен.

Репертуарында бүгінде 200-ге тарта шығарма бар Анар қазақ­тың Алтай-Тарбағатай, Арқа, Жетісу, Қаратау күйшілік мектептерінен де хабардар. Дәулескер бабалардың күйлерін бабына келтіре,өзіндік өрнек сала орындайды. Ол Франция, Англия, Венгрия, Индия, Германия, Түркия елдерінде өнер көрсетті.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button