Қала мен Сала

«Күміс жас» көңілге қаяу түсірмейді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам өмірінің белесін санатқа бөліп, айқындап берді. Онда 18-ден 44 жасқа дейінгі азаматтарды жастардың қатарына қосып, 45 пен 59 жас аралығындағыларды орта жастағылар деп белгіледі, ал 60 пен 74 аралығында мосқал тартқандар, әрі қарай қарттар болып саналады.

[smartslider3 slider=3498]

Алайда мұндай классификация біздің қалпымызға келмейді және бүгінде еңбек нарығында басқаша есептеледі. Себебі бұл қарттары 80-де зейнетке шығатын еуропалық үрдіске сәйкес жасалған. Сондықтан да елімізде 63 жаста зейнетке шығатын себепті 50-ден асқан адамды зейнеткерлік жасқа жақын егде ретінде қарастырамыз. Мүмкін өмір сүру салты немесе медицинаның дамуымен байланысты ма, бұл кезді жастық шақтан ұзап, кәрілікке жеткендіктің белгісіндей қабылдаймыз. Өкшелеп келе жатқан жас буынның алдында қарт сезінетініміз де сондықтан. Ақырында 45 жастан асқаннан соң жұмыспен қамту мәселесі күрделене түседі. Өйткені күні кешеге дейін әйелдердің 58 жаста зейнетке шығуы бар, қалыптасқан көзқарас бойынша 45-тен әрі қарай жасы келген аға ұрпаққа жатады деген стереотип бір күнде өзгермесі анық. Бүгінгі қоғамдағы қалыптасқан жағдайда 45 жастан асқан адамды берерін берген, шаршағандар қатарына қосылады. Олар белсенді еңбек етіп, жақсы лауазым атқарудан ысырылып, жастарға орнын босатуға мәжбүр. Егер әлдеқандай себептермен істеп жүрген жұмысынан шығып қалса, өзі ойлаған қызметке қол жеткізуі қиын.

Самарқан СҰЛТАНҒАЗИН:

Зейнеталды жасқа таянған кезде өз мамандығыңмен жұмыс тауып кету оңай емес. «Күміс жас» жобасы басталғалы алғашқылардың бірі болып қатысқан едім. Осы жоба арқылы жұмыс тауып, жаңа жағдайда өзімнің күшімді сынап, біліктігімді көтеруге мүмкіндік алдым. Алдағы уақытта өзіме деген сенімім артып, әлі де болса қызмет етіп, өзімді көрсете білемін деп ойлаймын

Қазіргі уақытта елімізде егде адамдарды жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін көптеген мәселелерді түбегейлі өзгерту қажет. Ең бастысы, қалыптасқан көзқарасты өзгерту үшін алдымен осы жастағы адамдардың өзі өзгеріп, жаңа қоғам талабына бейімделгені абзал. Егде жастағылардың да мүддесі бірінші кезекке шығып, жұмысқа орналасуда адамның жасы бойынша кемсітушілікке жол бермеу, ондай жағдайда қызмет берушілерді жауапкершілікке тарту жолын анықтау керек. Жасыратыны жоқ, өмірдің ортан белінен асу оңай емес әрі технологиялар ауысып жатқан егде жастағыларды бүгінгі еңбек нарығындағы жаңа үрдістерге бейімдеуден басқа жастармен жұмыс істеудегі ортақ стандарттар мен психологияны білгені жөн.

Зейнет жасына тақаған сайын жұмыс табудың қиын екенін мына мәліметтер де дәлелдейді. Осыдан үш ай бұрынғы ресми мәлімет бойынша жұмыссыз жүрген зейнеталды жастағы 450 мыңнан астам адам бар. Оның 83 мыңға жуығы – 45-54 жас аралығындағы азаматтар. Ал жасы 55-тен асқан 65 мыңнан астам адам жұмыс таба алмай жүр. Көптеген компаниялар егде жастағыларды жұмысқа алуға ықыласты болмаған соң, жұмыс іздеушілер бөлігі еңбек шартынсыз-ақ, келісім бойынша бейресми жұмыс істеуге мәжбүр.

Жыл басында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнеткерлік жас алдындағы жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту мақсатында «Күміс жас» арнайы жобасын іске қосуды жоспарлап отырғанын мәлім еткен еді.

«Күміс жас» жобасына қатысушылар – зейнеталды жастағы жұмыссыз адамдар. Бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалған азаматтар уақытша жұмыспен қамтылады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, жоба жыл сайын 5 мың адамды қамтиды. Жобаның басты шарты бойынша қатысушылардың жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін ескере отырып, субсидияның ең жоғары шегі – 30 АЕК (91890 теңге). Экологиялық үстемеақы бойынша төлемдер есепке алынбайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Егер де айлығы 200 мың болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді.

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті.

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына немесе «еnbek» электронды еңбек биржасына жүгіну қажет.

Мемлекет тарапынан жүргізілетін кешенді жұмыстар зейнеталды адамдардың әлеуетін де бағамдап бермек. Шындығында, 40 жасты қамал алатын жас деп анықтаған. Яғни жеке өмірінде, қоғамда біршама жетістікке жетіп, тұлға болып қалыптасудың басында болса, 60 жасты жан-жағына сыйлы, кәсіпті меңгеріп, әулеттен басқа өз ортасының тұлғасы болып игілікке қол жеткізген деп есептеледі. Бұл – адамның кәсіби және тұлғалық дамуының шыңына жеткен кезі. Бұл кезеңде, әдетте, адамның психологиялық дамуы қалыптасып, өресі тұрақты деңгейде қалады. Психологиялық тұрғыдан алғанда, жастықтың соңы – 40-49 жас және кәріліктің басы 49-60 жас аралығын анықтайды.

Адам баласы өмірдің келесі бір сатысына өткенде өз-өзіне сұрақ қоятыны белгілі. Осы кезеңде алдағы жоспарын, асыл мұратын анықтап алады. Адамның ішкі мүмкіндігінің барынша ашылуы, кемелденуі 50-ден кейін басталады. Бұл кезде балалар ержетіп, алды отбасын құрып, немере сүйіп, көңіл жайлана бастайды. Өмірдің түрлі сынағынан өтіп, қалған уақытындағы өз мүдделерін, басымдықтарын, өмірдегі өз орнын нақты бағалап, айналасындағылардың да қадірін түсінетін кезең.

Сонымен, зейнеталды «күміс жас» – адамның ең әлеуметтік белсенді және өнімді кезеңі. Толыққанды барға қанағат етіп, мәнді-мағыналы өмір сүруге барынша мүмкіндік ашылған сәт. Сол мүмкіндікке қол жеткізу үшін мемлекет тарапынан жасалған «Күміс жас» жобасы зейнеталды адамдардың әлеуетін ашуға күш салады.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button