Жаңалықтар

Күндерiмнiң куәсi

(Жалғасы. Басы газетiмiздiң өткен сандарында)

Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткерi
Күндерiмнiң куәсi
(Жарияланбаған жазбалар)

22-26.VI.2007
Мәрия, Әбiш, Клара төртеумiз Маңғыстау облысының әкiмi Қырымбек Көшербаев iнiмiздiң шақыруымен Ақтауда, облыста болып қайттық. Ұшақтан түсе сала 22.06. күнi сағат 16-да театрда көпшiлiкпен кездестiк. Қырымбек, Әбiш мен туралы тебiренiп сөз сөйледi. Жыршы Амандық жыр арнады. Өзге бiраз сөйлеушiлер болды.
Халықтың ықыласынан артық не бар дейсiз, елдiң ықылас-пейiлiне разы болдық. Екi күн тiкұшақпен әулие араладық: Шопан Ата, Пiр Бекет, Құлбарақ әулиелердiң басында болдық. Бекет Атаға барғанымызда екi лағын ерткен арқар алдымыздан шықты. Бiлетiн жұрт мұны жақсыға жорыды. Лайым айтқандары келсiн.
Екi күн Кендiрлi деген жерде суға түсiп демалдық. Сол жерде де, үйiнде де Қырымбек дастархан жайды. Мен бұдан бұрын Қазақстан аумағында Каспийге түсiп көрмеген екем, суының тұнықтығына, шипалылығына таң қалдым. Мұнда бес жұлдызды екi мейманхана салынып, жаға түгел игерiлмек екен. Өйткен жағдайда жұрт ендiгi жерде Анталия, Ыстықкөлдi қойып, осында келетiн болады. Шеттен де келiп демалады. Сөйтiп, Каспий табыстың үлкен ошағына айналады.
Атырауда төрт гранд-отель салыныпты. Шетелдiң айтулы мейманханаларынан еш кемдiгi жоқ. Ақтау бұрын құм iшiнде адасқан түйедей едi, құлпырып келедi екен. «Ақтау Сити» салынса, бұл қала әлемнiң айтулы қаласына айналғалы тұр екен.
Биыл қатарынан бес завод, университет қалашығы, өзге де маңызды объектiлер салына бастапты. Порт өсуде. Ауылдық жерлерде мектептер салынып, елдiң келбетi өзгеруде. Ескi жұртта қалған көсеудей өлке алтын ожауға айнала бастапты. Мұнай мұхитының үстiнде отырып қайыршының күнiн кешкен Маңғыстау бай өлкеге айнала бастапты. Бiз осыған қуандық. Қырымбек апасы екеумiзге ерекше ықылас танытты. Тәңiр жарылқасын. Елеу секiлдi асыл ағаның тұяғы едi, абырой жолдас бола берсiн, мәртебесi өсе берсiн. Келiн екеуi Оңталап, Салтанат, Еркiн балаларымыздың қызығына тоймай жүрсiн.
Биыл менiң жетпiс жылдығыма орай Әл-Фараби атындағы Ұлттық университет менiң атымда стипендия тағайындап, Жетiсу университетi де Әбiш екеумiздiң атымызға бiр-бiр арнайы стипендия тағайындады. Тәңiр жарылқасын. Елге амандық берсiн.
26.06. күнi кешкiсiн Астанаға оралдық.

30.VI.2007
Президенттiк мәдениет орталығында Испания королi Хуан Карлос I мен королева Софияны қарсы алдық.
2001 жылы бұл кiсiнi мен Еуразия университетiнде қабылдаған едiм. Ұмытпапты. Аралады. Риза болды. Өзiне бөрi басын сыйлап, королеваға алқа тақтық.

19-30.VII.2007
Демалыста болдым. 21.07. Бақанаста Бөлтiрiк шешенге ескерткiш қойылып, конференция өткiзiлiп, ас берiлдi. Конференцияда сөз сөйледiм.
Италияның «Ени» компаниясының менеджерi Луана Котичнони Ное деген кiсiмен келiссөз жүргiзiп, «Орхон ескерткiштерiнiң толық Атласын» итальян, ағылшын тiлдерiне аударатын болып келiстiк.
26.07. күнi Олжас Сүлейменовтiң анасы Фатима апай 92-ге қараған жасында дүние салды, таңға жуық Парижден Олжас келiп, 27-i күнi түске таман (сағ.12:20) Олжекеңе көңiл айтып, жанында бiр сағаттай болдым. Иманғали Тасмағамбетов, Ғани Қасымов, Тимур Сүлейменовтер бiрге болды.
28.07. iнiм, «Қазақ Темiржолы» Ұлттық компаниясының Президентi Жақсыбек Күлекеевтiң 50 жылдық мерейтойы өттi.
Той иесiнiң ағасы ретiнде дастарханға басшылық жасадым. 30.07. күнi Бекмаханның үйiнде мейман болдық. 31.07. Астанаға оралып, жұмысқа кiрiстiм.

1-18.VIII.2007
Күнделiк жазудың қияметi сол, арасы сәл үзiлсе, жүрiсiнен жаңылған жорғадай боласың. Жазбауға дағдыланып кетесiң. Осылай, 18 күн қолыма қалам алмай, күнделiк бетiн ашпай өмiрде ештеңе болмағандай баз кештiм.
Шындығына келгенде, осы күндерi де үлкен оқиғалар болды.
Демалыста болдым. Арқаны араладым. Қаздауысты Қазбек би атамның шапанын таптым. Игi жақсылармен кездестiм.
Арқаның азаматы, Абылайдың шапанын тапсырған Хамзе Сәтжановтың Қарағандыдағы 70-жылдық тойына қатыстым.
Ағамыз әрi жездемiз Сыбанбай Құралбаев Алматыда дүние салды, жерлеп қайттық.
Бүгiн (18.08) Мәжiлiске, мәслихатқа сайлау күнi. Дауыс бердiм. Даусымды «Нұр Отан» партиясына бердiм.

20.VIII.2007
Жетi партия сайлауға түсiп, жеңiске «Нұр Отан» партиясы жеттi, қалғаны далада қалды.
Бүгiнде жалған уәдемен елдi алдай алмайсың.
Елбасы басқарып отырған партияға халық сенедi де, өзгелерiнiң өтiрiгiне сенбедi. Халықты қалай алдайсың? Бүгiн бұрын Премьер-министр болған Ұзақбай Қараманов 70-ке толды. Қараманов туралы толғанысымды аяқтадым. Кешкiсiн сайлаудың қорытындысына орай «Қазақстан» телеканалына тiкелей эфирге шықтым.

21.VIII.2007
«Тұңғыш Премьер-министр» (Ұзақбай Қараманов туралы ой-толғам) деген мақалам «Егемен Қазақстан» газетiнде бiр бет болып шықты.

24.VIII.2007
Алматыға Ұ.Қарамановтың 70 жылдық тойына келдiм. Ығай мен сығай тегiс жиналды. Онда бiр сағаттай болып, түнде Жәркентке жүрдiк. Мұнда бiр кездегi Талдықорған облысы, Панфилов ауданында туып-өскен, қатардағы қойшыдан колхоз бастығы дәрежесiне жетiп, даңқы, атағы жер жарған Ыбырайымжан Қожахметовтiң 80 жылдық тойына келдiк. Бiздi қайта-қайта шақырған соң Мәрия екеумiз келген едiк.
25.08.2007 тойы өттi. Кешегi жарықтық, Н.Н.Головацкий, И.М.Белаловтармен атағы бiрге шыққан, бiрге жүрген Ыбекеңнiң тойы жақсы өттi. Кеше ғана «Егемен Қазақстанға» жарияланған «Ағаға хат» дейтiн құттықтауымды оқығанымда ағамыз көзiне жас алып, булығып сөйлей алмай қалды. Бұлар – өмiрге сирек келетiн адамдар. Ел жақсы жиналды, еңбегi ақталды.

26.VIII.2007
Зейнолла Қабдоловтың қайтыс болған жылына орай берiлген асқа қатыстым.

27-30.VIII.2007
Сағат Әшiмбаевтың 60 жылдығына байланысты және Қобыланды батырға арналған Ақтөбедегi конференцияға мақала және баяндамамен шұғылдандым.
(Жалғасы бар)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button