Жаңалықтар

КҮНДЕРIМНIҢ КУӘСI

(Жарияланбаған жазбалар)
(басы)

29.XI.2007

Шыңғысхан туралы әңгiме көп. Артыс-тартыс та жеткiлiктi. Қазақтың ежелден келе жатқан әдетi емес пе, Шыңғысханды қазақ едi деп алып, қазақ болғанда соның iшiнде жалайыры, жоқ керей едi дейтiн әңгiмелер де өрттей қаулап тұр.
Ол кезде қазақ жоқ едi. Моңғол халқы да, мемлекетi де жоқ едi. Моңғол – ыдыраған түрк тайпаларының орнында пайда болған мемлекет. Сондықтан, Шыңғысханның (Темучиннiң) түрiк тектес тайпалардан екендiгiнде еш күмән жоқ. Өзi – қият тайпасынан, шешесi Ұлын да, әйелi Бөрте де қоңырат елiнен. Бұл – әлемге әйгiлi ақиқаттар.
Жалпы түрiк-моңғол мұрасының Ресей­ге ықпалы туралы да айтыла бермейдi. Әсiресе, Алтын Орданың орыс мемлекет­тiгiнiң қалыптасуына, дамуына ықпалы туралы мандырымды ештеңе айтыла бер­мейтiнi өкiнiштi. Ресей (Русь) түптеп кел­генде, Алтын Орданың теңдес бiр бөлiгi, яғни Моңғол империясының автономиялық статусы бар бiр бөлiгi едi.
Моңғолияның Русьтi басып алғанын еш­кiм терiстей алмайды. Сондықтан да Моңғо­лияда қалыптасқан мемлекеттiк басқару жүйесi, алым-салық – бәрi де сәй­кес едi. Бiрақ хан әкiмшiлiгi орыс жерiн тiкелей басқарған жоқ және олар ұлыс жүйе­сiне кiрген жоқ едi. Сол кездегi Орыс­тың саяси жүйесiнде, экономикасында Алтын Ордадан алғандары көп болды. Орыстар моңғолдардың билiгiн мойын­даған. Орыс тарихын бүлдiрген (быт-шыт қылған) екi оқиға: Моңғол шапқыншылығы және Қазан төңкерiсi. Алтын Орда құлаған­нан кейiн ғана Москва мемлекетi қалыпта­сып, дами бастады. Десе де, ол ХIII ғасырда Шыңғыс ханның немерелерi жаулап алып қалыптастырған дәстүрде үлкен импе­рия­ға айналды. Оның да құрамында Моңғол тәрiздi әртүрлi ұлыстар, ұлттар болған едi. Сөйтiп, Моңғол империясы сол кездiң өзiн­де-ақ бiз бүгiн айта бастаған жаһандану дейтiннiң хабаршысы едi.
Моңғол империясының 800 жылдығына орай әлем Шыңғысханның жеке басына қай­та­дан мән бере бастады. Осы датаға байланысты бiлiп жазғандардың да, бiлмей жазғандардың да есепсiз еңбектерi жа­рық көруде. Ресей тарихшылары Николай Крадин мен Татьяна Скрынникованың «Теорема Чингисхана. Опыт средневековой цивилизации» деген кiтабында бiр басын­да қым-қиғаш қайшылық тұнып тұрған Шыңғысханның тарихи тұлғасы туралы тың ойлар, жаңа көзқарас бар тәрiздi. Шың­ғысхан туралы әдiл айтылған. Мақта­майды да, даттамайды да, тұлғаның кел­бетi шындыққа сәйкес жазылған. Орта ға­сырдағы Еуропа, араб, парсы тарихшылары Шыңғысханды жабайы, қанқұйлы жаулау­шы, өркениеттi талқандаушы ретiнде көр­сеткенi белгiлi. Әлгi авторлардың кiтабында Шыңғысхан дарынды тұлға ретiнде көрi­недi. Шыңғысханның қатыгез табиғатында адамға тән кiсiлiк сезiмдер де жеткiлiктi едi. Достарының қасынан кеткенiне, жақын серiктерiнiң ажалына қабырғасы қайыс­қаны, күңiренiп қайғырғаны тарихтан бел­гiлi. Алғашқы әйелi Бөртеге деген сезiмi, адалдығы да кiсiнi таң қалдырғандай. Шың­ғысхан бiр ғана әйелдiң бетiне қарап қалмаған адам, оның бес жүздей әйелдерi, көңiлдестерi болған.
Шыңғысхан өз адамдарына ешқашан опасыздық жасамаған, опасыздарды кешiрмеген. Олар қатесiн мойындап, ал­дына келiп бас исе, кешiре де бiлген. Дос­тықты қадiрлей бiлген, оны өмiр бойы ар­дақ­таған. Оның қандай да қиындықты жеңе бiлгенiне өзiнiң төзiмдiлiгi мен сол шексiз дархандығы себеп болған едi. Шың­ғысханды ұлы қолбасшы қылған да – осы қасиеттер. Ол жаугершiлiктен түскен олжаны бөлiсуге де жомарт едi. Осы қа­сиетi Шыңғысханның төңiрегiне топтаса­тындардың көбеюiне де себепшi болды. Ақырында мұның өзi Шыңғысханның ұлы империя құруына жәрдем еттi.
Шыңғысхан – сол кездiң өзiнде-ақ конструктивизм теориясын жетiк меңгер­ген қайраткер. Мұның мағынасы: этностар, этникалық топтар әуелi конструкт, идея ретiнде қалыптасады да, соның негiзiнде халық пайда болады. Ал көптеген халық­тар саяси жобаның нәтижесiнде қалып­тасты, яғни қалыптастырды. Шыңғысханға дейiн моңғолдар болған жоқ. Ол бiр этни­калық кеңiстiкте көршiлес, қатар тiршiлiк еткен тайпаларды тұтас халық етiп құ­растырды. Олардың бәрi де күнi кеше ғана Түрiк қағанатын құраған, қағанат құлаған соң ыдыраған тайпалар, рулар едi.
Адамзат өмiрiнiң қаншалықты нәзiк еке­нiн, адам баласының оны өз қолымен қира­татынын Моңғол империясының тарихы­нан айқын көруге болады. Мемлекеттiң, кез келген халықтың түбiне алауыздық, бақ­таластық жетедi. Солай болған, солай бо­ла да бередi.

 

30.XI.2007

Концерт залында Сағат Әшiмбаевтың жаңадан шыққан екi томдығы мен «Аза­мат­тыққа адалдық» дейтiн кiтаптарының тұсауын кесу рәсiмiн өткiздiк. Сағаттың жары Шәрбану Бейсенованың да «Мизам шуақ» дейтiн кiтабы аталмай қалған жоқ.
Кеште: Әбiш Кекiлбаев, Әкiм Тарази, Рымғали Нұрғалиев, Қуаныш Сұлтанов, Сауытбек Абдрахманов, Алдан Смайыл, Нұрғожа Ораз, Жұмагүл Саухат, Шәрбану Бейсеновалар сөйледi. Ақын Несiпбек Айтұлы өлең арнады. Сөз арасында ән айтылып, күй тартылды. Кештi мен жүргiзiп отырдым. Кеш соңында байтақ дастархан жайылды. Онда Кәкiмбек Салықов, Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдiмбек, Қой­шығара Салғараұлы, Кеңес Юсупов, Әлiбек Асқаров, Алтыншаш Жағановалар сөз сөйледi, тiлек айтты.

 

01.XII.2007

Халықаралық түркология конференция­сының екiншi күнгi мәжiлiсi ҚР Президент­тiк мәдениет орталығында өттi. Конфе­рен­ция жұмысына Мәдениет министрi Е.Ертiс­баев қатысып, сөз сөйледi. Венгриядан, Түр­киядан, Ресейден, Қырғызстаннан келген ғалымдар ойларын ортаға салды.
Конференцияның шешiмiмен Халық­аралық Түрк iлiмi академиясы құрылды. Президенттiгiне мен сайландым.

 

02.XII.2007

«Қазақстан» ұлттық арансынан Нұртi­леу Иманғашұлының «Дiңгек» хабарының менiмен жүргiзген сұхбаты берiлдi.
Жұртқа ұнаған тәрiздi. Телефон соғу­шылар көп болды.

 

04.XII.2007

Жақында Мадридте ОБСЕ-нiң құрамын­дағы 56 мемлекет 2010 жылдың төраға­лы­ғына Қазақстанды бекiттi. Бұл елеулi оқиға едi, мұны Президент саясатының сал­танаты десе де болады. «Айқын» газетi осы жөнiнде менiмен сұхбаттасты, онысы газеттiң бүгiнгi санында жарияланды.

 

05.XII.2007

Бiздiң Орталықта өткiзiлетiн сақтар конференциясының және Абылай ханның қамқа тонын ұлықтаудың әзiрлiгiмен айналыстық. Атқаратын жұмыс көп, дайындықты күшейту тапсырылды.

 

06.XII.2007

«Абылай ханның қамқа тоны және Байдалы би» дейтiн кiтап «Күлтегiн» бас­па­сы­нан шықты. Тиражы түгел Орта­лыққа жеттi.
Республикада патриоттық тәрбие беру жөнiндегi комиссияның мәжiлiсi өттi. Сол баяғы пәтуасыз қу сөз.

 

07-12.XII.2007

Осы уақытқа дейiн тарихи мұраны әспеттеп, ұлықтап жатқан ешкiмдi көрге­нiм жоқ. Бұл-дағы баяғы бiздiң тарихқа деген қырсыздығымыздан ғой деп ой­лаймын. Атадан қалған мұраға, асыл мү­лiк­ке деген құнт бiзде, өкiнiшке қарай, әлi қалыптаспай келедi. Өткенге көзқарасты өзгертсек, сөйтiп асыл құндылықтары­мызды ардақтай бiлудi үйренсек деп, Абылайдың алтын зерлi қамқа тонын ұлық­тауды биiк деңгейде өткiзуге тал­пындық. Несiпбек екеумiз «Абылай ама­наты» қойылымының сценарийiн жаздық. Абылайдың шапанын iлетiн Алматыдан әдейi тұғыр жасаттырып алдырдым. Сах­наны оқиғаға сай безендiрдiк. Бұхар жы­раудың ролiн атқаруға Сәбит Оразбаевты, Абылайды атқаруға Саятты шақырдық. Шақыру билетiн әдемi етiп жасаттық. Президенттен өзгесiнiң бәрiмен хабар­ласып, Тәуелсiздiгiмiздiң мерекесi қар­саңын­дағы осы маңызды жиынға шақыр­дым. Бәрi де уәдесiн бердi, бiрақ солар­дың көбi келе алмады. Бiрi қырсыздыққа, немқұрайдылыққа салды, бiразының қолы тимедi, кiмге өкпелейсiң. Жеке той емес едi, елдiктiң көрiнiсi едi, келмеген кiсiнiң қайсысын кiнәлайсың. Байқауымша, бiздiң билiкте жүргендердiң көбiнiң кө­кейiнде елдiк, ата тарихы емес, жеке басы­ның мүддесi басымдау ма деймiн. Бiр-бiрiне жылтыр сөйлейтiн, бiрiнiң қабағын бiрi аңдитындар көбейiп барады әйтеуiр.
Шапанды ұлықтауға әзiрлiк жаман болған жоқ. Елге тегiн тарататын «Абылай ханның қамқа тоны және Байдалы би» деген кiтап әзiр болды, ас бергелi екi ту бие сойдық, өзге де әзiрлiк жасадық.
Қысқасы, бүкiл ұжым болып, қызыл­танау­ланып ала шапқынға түстiк.

 

13.XII.2007

Шапанды жарқыратып ұлықтадық. Ел көп жиналды. Перде ашылып, сахна төрiнде жарқырап шапан көрiнгенде жұрт орнынан тұрып кеттi. Мен, Хамзе Сәтжанов, Ермұхамет Ертiсбаев сөз сөйледiк, Аман­жол жыр төктi.
Байтақ дастархан жайылды, кiтапты тараттық.

(Жалғасы бар).

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button