Жаңалықтар

КҮНДЕРІМНІҢ КУӘСІ

(Басы)

 (Жарияланбаған жазбалар)

02-03.V.2008

Екі жылдан бері соңына түскен Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың шапанын алмаққа аруаққа, Аллаға сиынып Қарағанды облысына сапарға шықтық.

Шапан қазіргі Қарқаралы, бұрынғы Егіндібұлақ ауда­ны Едірей (Мәди) ауылында тұратын Алтын Қожахметов ақсақалдың қолында еді. Бұл кісі би атамыздың алтыншы ұрпағы болып келеді. Қазыбек би – Бекбо­лат би – Тіленші – Берлі – Бажан – Қожахмет – Алтын.

Бұрын бірнеше рет сұрағанымда Алтын ағамыз (қазір жасы 84-те) шапанды бермеп еді. Таяуда Ах­медия (бұл да алтыншы ұрпағы, жасы 65-те) арқылы маған хат жаздырып, шапанды тапсырамын деп ықылас білдіріпті, келіп алып кетсін депті.

Барып алып қайту қиын емес қой, мен көп ойландым. Би ата­мыз қазақ қоғамын, мемлекетін қалыптастырған ұлы үш бидің бірі еді. Аса көрнекті мемлекет қайраткері, әрине, мәмілегер, Абы­лайханды қалмақтың тұтқынынан босатып алған да, Орта жүзді қазіргі Арқадағы жеті облыстың жеріне қоныстандырған да сол кісі. Сөздің шешені, елдің көсемі! Бұл шапанды қабылдаудың өзін тарихи шараға, қазақтың басын қоса түсетін жиынға айналдырғанды жөн көрдім. Қарағанды облысының басшыларымен, Қарқаралы ауданының әкімі Ни­ханбай Омархановпен бірнеше рет сөйлестім. Келісіп, шапанды қабылдаудың салтанатты рәсімінің сценариін бекіттім.

Сөйтіп 2.05. күні сағат 10-да Әбіш Кекілбаевты, Қуаныш Сұлтановты, Рымғали Нұрғалиды, Ақселеу Сейдімбекті, Қойшығара Салғараұлын, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Қалижанды, Мәжіліс депутаттары: Сағымбек Тұрсыновты, Шәмсатты (сена­тор), Ержан Исақұловты және ақын Аманжол Әлтайды қасыма ертіп Қарағандыға жолға шықтық. Облыс әкімінің бірінші орынбаса­ры Берік Қамалиев, облыс әкімінің орынбасары Асқар, мәслихат хатшысы Бейсембай, мәдениет басқармасынан Рымбала, өзге де ел азаматтары қарсы алып, үлкен құрмет көрсетті.

Түскі дәмнен соң Қарқаралыға бет түзедік. Ондағы демалыс үйіне жайғастық. Жолда аудан басшылары «Салтанат» дейтін ансамблімен қарсы алды.

Кешкісін қонақасы берілді. Астаналықтарға Алматыдан осы шараны өткізуге келген Амангелді Ермегияев, Жүрсін Ерман қосылды.

Ертесінде таңертеңгі дәмнен соң Қарқаралыдағы Құнанбай мешітінде, Мәди ескерткішінде, Қарқаралыдан шыққан атақты кісілерге қойылған мемори­алда болып, сағат 11-ге таяу Егіндібұлаққа шықтық.

Ел адамдары жолдан қарсы алды. Қазыбек би ескерткішінің жанына халық көп жиналыпты. Журналистер де көп екен. Алтын ағамыз да осында. Сценарий бойынша салтанатты рәсімді бастадық. Облыс әкімінің орын­басары Берік, бидің ұрпақтары Ахмедия, Алтын ақсақалдар, Әбіш Кекілбаев, аудан әкімі Ниханбай Омарханов, Амангелді Ермегияев сөз сөйледі. Жүрсін өлең оқыды. Мен де сөйлеп, осы шапанды сақтап, бүгінгі күнге жеткізген әулетке ел атынан алғыс айттым. Сөйлеушілер менің қазақтың жоғын іздеп, рухани дүниесін түгендеп жүрген еңбегімді атап жатты. Осы бір мысалдың өзінен тарих жасағанымды, мұның өзі қазақтың басын қосатын игілікті іс болғанын бәрі де бірауыздан қолдады.

Ресми жиыннан соң ас берілді. Аста би ата ұрпағына 10 шапан, бес камзол, бес жаулық, үш костюм кигіздік, ауданның кітапханасына 250 кітап сыйладық, 600 бетора­мал, 200 «Абылайдың қамқа тоны және Байдалы би» деген кітапты тараттық.

Алтын ағамызға менің өтінішім бойынша А.Ермегияев «Волга» мінгізді. Кешкісін шапанды алып Астанаға оралдық.

Егіндібұлақтан шығып, Қарқаралының тұсынан өткенде ойыма мына бір жыр шумағы оралды:

Атыңнан айналайын Қарқаралы,

Көп болды сенен қайғы тарқағалы.

Қазаққа жақсыларды үйіп бер­ген

Ақ орда, алтын бесік Арқадағы.

04.V.2008

Бөлім басшыларын жинап, сапар жайында әңгімелеп бердім. Шапан­ды көрсетіп, қор сақтау бөліміне тапсырдық. Енді оны қалпына келтіру жұмысымен айналысуымыз керек.

05-12.V.2008

Мереке күндерін қоса есептеген­де, осы күндердің бәрінде көптен ойымда жүрген «Тәуелсіздік және Елбасы» деген мақаланы жазуға кірістім. Кейде жосылып, кейде тосылып қалатын әдеті емес пе, қаламым жүрмей қойды, мақаланың жазылуы қиын болып тұр.

Жазудан қолың талады, кейде қаламың да табандап жүрмей қояды. Сол кезде қолыма домбы­ра аламын. Домбыра жетелейді, ойыңа ой қосады, қанат байлайды.

Осы күндері домбырам­ды шертіп отырып, жаңа бір әуенге түстім. Оны төселтіп, қалыптастырып, бүгін Ермұрат пен Жанғалиға тыңдатып ем, олар:

– Аға, мынауыңыз қосбасар, – деп отыр.

«Қосбасар» көптеген компо­зиторларда бар. Ол – көңілдің күйі, неше түрлі ой салатын әрі таусылмайтын әуен. Бұған қалай түсіп кеткенімді білмеймін, сөйтіп мен өз «қосбасарымды» таптым. Диктофонға жазып Жанғалиға бердім, нотаға түсіріп, домбыраға салып таяу күнде әкеліп беретін болды.

13-17.V.2008

Күні-түні «Тәуелсіз Қазақстан және Елбасы» дейтін мақаламды өңдеумен болдым. Бүгін (17.05) түнде оныншы редакциясын жасап шықтым.

Басынан кешпегендерге, оның азабын тартпағандарға творче­ство оңай олжа сияқты көрінеді. Білгенге ол – азап. Сол кезекті азап күндерді басымнан кештім. «Судың да сұрауы бар» дегендей, жазылғанның бәрі алтын бола бермейді. Ең негізгісі, жазғаның халыққа ұнау керек, көпке ой салу керек, қызмет ету керек. Әйтпесе, елге бос сөздің, құр далбасаның керегі жоқ.

Көлемді мақаланы уақыт озды­рып, жүйке тоздырып аяқтадым деп отырмын. Сәтін салса, «Еге­мен Қазақстанға» беремін.

P.S:

Біз газетіміздің біраз санында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, қазақ руханиятындағы қабырғалы тұлғалардың бірі Мырзатай Жолдасбековтың «Күндерімнің куәсі» атты күнделігін жариялаған болатынбыз. Оны оқырмандарымыз жылы қабылдағанын айтуға тиіспіз. Алайда, осынау жарияланбаған жазбалар жақында автордың алты томдығы аясында жеке кітап болып жарық көруіне байланысты, күнделікті жалғастыра беруді жөн деп таппадық.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button