Жаңалықтар

Күңіреністі күн

IMG_0081

Ұлтымыздың жүріп өткен тарихи жолында күйініші мол күңіреністі шақтардың көп болғаны жанымызды жабырқатады. Әсіресе, қызыл өкіметтің қолдан жасаған қырғыны әсте естен кетпейді.

Сонау, көз ұшында бұлдырап қалған өткен ғасырдағы жиырмасыншы жылдан басталған ауыр зұлмат, сол кезеңнің елуінші жылдарына дейін созылып, төбемізден құқай кетпей, жасқаншақ, жалтақ жұртқа айналдырып жіберді. Әйтпесе, Алаштың ар-намысы үшін атқа қонған, сол үшін басын бәйгеге тіккен айбарлы тұлғаларға кенде емес едік. Соның барлығы қуғын-сүргіннен көз ашпай, ақыры репрессияның құрығынан құтыла алмады.
Бір ғасырдың өзінде халқымыз екі бірдей ашаршылықты бастан кешірді. 1919-1922 жыл мен 1931-1933 жылдары ұлтымыз бір үзім нанға зар болып, аштықтан қынадай қырылды. Бөтен елге босып кеткендері қаншама… Осынау ойранды зобалаңда жұртымыз миллондаған қандасынан айырылып, талай шаңырақтың түтіні өшті. Әсіресе, 1919-1922 жылдардағы болған аштықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кейбір деректерде осы зұлматта 1,5 млн адам құрбан болғаны айтылады. Дәл осы жиырмасыншы жылғы аштықта Торғай өлкесінде қара судың өзі тартылып, жер бетінде жыбырлап жүретін жәндіктердің жоғалып кеткенін елдің үлкендері айтып отыратын. Осы зұлмат жылдары – Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов бастаған Алаш арыстары Семей өңірінен мал жинап, оны аштықтан тұралаған Торғайға жаяу-жалпы айдап келген. Және ол малды еңсесі түсіп, бүктүсіп жатқан елге тегін үлестірген… Осы аштық жайлы әйгілі ақын Әбіқай Нұртазиннің «Тас мешін» деген дастаны бар. Міне, сол шақтағы елім деген ерлердің ұлтқа жанашырлығы, ерен ерліктері еріксіз көзіне жас алдырады.
Қолдағы бар малды тартып алып, жалаң ұранмен колхозға бі­ріктіріп, әсіре белсендік танытқан Кеңес үкіметінің сол жылдардағы қиялға бергісіз реформалары қазақ халқын әбден әлсіретіп жіберді. Соны түсінген ел ішіндегі намысы биік, білекті аталарымыз «аштықтан өлгенше, алысып өлейік» деп, билікке қарсы шығып, жер-жерде көтерілістер бұрқ етті. Ол жағдай еліміздің бар­лық аймағында болды. Олардың барлығын, құрығы ұзын өкімет езіп-жаншып, беделді тұлғалардың басын оққа байлады. Бір ғана
біздің Батпаққара көтерілісінде (қазіргі Қостанай облысы Аман­келді ауданы) 600 адамды қамауға алып, оның тең жарымы түр­меге жабылып, басшылары ату жазасына ке­сілді. Осылайша қазақ халқы 15-20 жылдың ішінде жартысына жуығынан айырылып, өз жерінде саны аз ұлтқа айналып шыға келді. Сондықтан, бұл қиямет қасіретті әрбір қазақтың баласы ұмытпай, қасиет тұтып жүргені жөн!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button