Басты ақпаратҚала тіршілігі

КҮНІ-ТҮНІ БІР ТЫНБАЙ…

Күн суығаннан бері елорданың коммуналдық шаруашылық саласының мамандары күшейтілген тәртіпке көшіп, еңбек көрігін қыздыра түсті. Дүйсенбі күні түнде Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің өзі бас болып, рейдке шығып, журналистермен бірге қаладағы қар тазалау жұмыстарын аралады.

????????????????????????????????????

– Күннің күрт суытып кетуіне байланысты жедел штаб тобы құрылды, – деп бастады сөзін Астана әкімі. – Бүгінде ол тәулік бойы жұмыс істейді. Әсіресе, «Астана Тазалық» кәсіпорнының жұмысы қызып жатыр десек болады. Олар қоғамдық көліктер жүретін жолдар мен жаяу жүргіншілер өткелдері және әлеуметтік нысандарға жауап береді. Ал әрбір ауланың ішіндегі қарды пәтер иелері кооперативтері тазалау қажет. Екі күн бойы қалың қар жауғанын көріп отыр­сыздар. Сондықтан басты міндетіміз қоғамдық көліктер жүре­тін жол­дағы қарды тазартып, оларға ешқандай қиындық туғыз­бау қажет, – деді Әсет Өрентайұлы. Сондай-ақ, ол «Біз қысқы мезгілге мұқият дайын­далдық. Әкім болып келгелі алғашқы қыс болса да, мен бұған сабырмен қараймын» деп журналистерге күліп жауап берді.
Рейд барысында алдымен алғашқы тоқтаған бекетіміз Сарыарқа ауданы болды. Аудан әкімі Арман Тұрлыбек қала басшысына қар тазалау шаралары жоғарғы деңгейде жүргізіліп жатқанын баяндады. «Қар қалың жауғаннан бері оны тазалау жұмыстары үзіліссіз жүргізілуде. Ол үшін еңбеккерлерге барлық жағдай жасалды. Техникаларға қажетті жанармай қоры да жеткілікті. Қар тазалаушы машиналарды жол полиция қызметкерлері алып жүр. Әрине, проблема да жоқ емес. Кейбір бизнес өкілдері өздерінің аумақтарындағы қарды тазалауға асығар емес. Соның әсері коммуналдық қызметке кедергі келтіріп отыр» деді ол.
Одан кейін елорда басшысы республика даңғылының бойындағы қар тазалап жатқан техникалардың жұмысын қа­рады. Осында Алматы ауда­нының әкімі Әділбек Сәр­сем­баев өз территориясында атқарылып жатқан жұмыс жайында қысқаша есеп берді.
– Дәл қазіргі таңда көшедегі қар тазалау жұмыстарына 450 техника тартылды. Одан бөлек, ішкі тазалауға 140 адам бөлінді. Негізгі күш Республика, Абай, Тәуелсіздік, А.Иманов және Ш.Уәлиханов көшелеріне түсіп тұр. Таңға дейін аталған көшелер қардан тазаланып тұрады, – деп нақтылап айтып өтті. Өз кезегінде қала басшысы аудан әкімдеріне тағы да қаладағы әлеуметтік нысандарға жататын ғимараттардың жолдары қардан тазаланып тұру керектігін қатаң тапсырды.
Рейд аясында бір байқа­ға­нымыз, қала тұрғындары жеке көліктерін жол бойына қалай болса солай қойып кетеді. Ол қар тазалаушы техникаларға кәдімгідей кедергі келтіріп, уақытты да бос шығындауға жағдай туғызады. Шара барысында осы мәселе де айтылды. Қысқасы, Астана әкімі елор­дадағы қар тазалау жұмыстарын көзімен көріп, журналистерге үнемі оны назарда ұстап отыратынын жеткізді. Расында, кешеден бері елордада қалың жауған қардың едәуір бөлігі тазаланып, жолдың бойы айнадай жарқырап қалды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button