Жаңалықтар

КҮННІҢ КҮРТ ЖЫЛЫНУЫ ҚАЛАҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ?

Өткен аптаның соңғы күндерінде ауа райы күрт жылынып, соңы жаңбырға ұласты. Тылсым табиғаттың осылайша тез құбылуы елордадағы жауапты сала мамандары да, тұрғындарды да біршама әуре-сарсаңға салғаны анық. Жалпы, бұл мәселе қалалықтарға қаншалықты әсер еткенін білу мақсатымен біз көше қиылысында кездескен бір топ астаналықты әңгімеге тартқан едік.

ERM_0038

Айзат ҚОЙЛЫБАЙ, мемлекеттік қызметші:
– Ауа райының құбылмалылығы күнделікті тірлігімізге бәлендей әсер етпейді десем, қателескен болар едім. Еліміздің басым аймақтарында күн күрт жылынып, айналадағы қар тез ерігелі бері қалалықтар ыңғайсыздықты сезінуде. Әсіресе, таңертеңгі уақытта жұмыстарына асыққан жұрттың берекесі қашты. Мәселен, көше тазалаушылар қарды сыртқа шығарып үлгермей жатқандықтан, ертеңгісін қар тиеген көліктің көптігінен кептеліс азаймай отыр.
Күннің күрт жылынуына байланысты жерде жатқан қар тез еріп, оның астындағы шөп-шалам, күл-қоқыс көрініп қалды. Ал, бұл қала көркін бұзып тұр. Сондықтан әкімдіктің ұйымдастыратын дәстүрлі тазалық шараларын, экологиялық айлықтар мен сенбіліктерді күтпей, әркім өз ауласын, үйінің маңын тазалау арқылы айналаны абаттандыруды ретке келтіруі керек деп есептеймін.

Айнагүл САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ, мұғалім:
– Қардың еруі – табиғи құбылыс. Баяғыда есепшілер табиғат құбылыстары мен аспан денелеріне қарап, «келер жылы бәлен болады, одан кейінгі жылы түген болады» деп алдын ала топшылап отырады екен. Ал, қазіргі ғылым мен техника дамыған заманда қар, жауын-шашын мөлшерін алдын ала болжауға болмай ма? Жердегі қардың қалыңдығы қанша, қар қатты ма әлде үрпек пе, қар қорының сақталуы қаншалықты, соның бәрі арнайы ауа райын бақылау бекеттері арқылы есептелініп отырылса, елімізде апаттар саны азаяр еді.
Күні кеше орталық саябақ маңынан өтіп бара жатып, кіреберістегі суға шомылатын хауыздың қоқысқа толғанын көрдім. Бұған дейін қалың қардың астында көрінбей жатқан осы күл-қоқысты енді ешкімнің нұсқауын күтпей, тез арада жинауға кірісуіміз керек.
Қала – өзіміздікі. Бізге оны сырттан біреу келіп жинап бермейтіні анық. Ендеше, Астананың айнадай әрі өзгелерге үлгі болуына тек өзіміз атсалысуымыз қажет. Әрине, бұл ретте коммуналдық қызмет саласының мамандары ерекше белсенділік байқатса, дұрыс болар еді.

Берік МАҚСАТОВ, автожүргізуші:
– Ауа райының күрт жылынуы салдарынан қыс бойы жауған қалың қар тез еріп, жергілікті жердегі өзендердің арнасы мен каналдар, көпір маңы тазартуды қажет етіп тұр. Әсіресе, Астана жолдарының проблемасы – таусылмайтын тақырып.
Қар еріген соң, ойқыш-ұйқышы көрініп, шұңқыр жерлермен жүру қиындады. Бұл ретте жеңіл көліктерге тым обал-ақ.
Қаланың ішінде жүріп-ақ, кейбір шағын аудандарда автокөлігіміздің астын күніне сан мәрте соғамыз да жүреміз. Міне, осының бәрін шұғыл түрде қолға алуымыз керек.
Тіпті, күні ертең ЭКСПО көрмесін өткізгелі отырмыз. Мұны да ескерген жөн.

Дайындаған
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button