Денсаулық

КҮННІҢ ЫСТЫҒЫ ӨТІП КЕТПЕСІН

cde319da61ed5761cd6ec0dee755896e_XL

Сарыарқаның қоңыр салқын жазына үйренген астаналықтар шіліңгір  шілде түскенде қиналып қалады. Жаздың күні жанға жайлы болуы үшін мына  жайттарды ескере жүріңіз.

Дәрігерлер жасыл түстің адам ағзасына жағымды әсерін жиі айтады. Күннің аптабында жасыл шалғын, жайқалған көк жапыраққа қарап жанарыңызды демалдырыңыз. Себебі, жасыл түс көздің қарашығына, көз жанарының түбінде орналасқан жүйке тамырларына әсер етіп, тыныштандырады екен. Сонымен бірге көкөністен жасалған тағамды молынан жеу керек. Құрамында су көп көкөністер адам ағзасының ылғалдылығын сақтап,  ыстыққа төзімділігін арттырады. Осы күндері киген киіміңіздің де түсіне қараңыз. Ашық түсті жасыл, сары, көгілдір түсті көйлектер күн сәулесін жібермей, дененің демалуына септігін тигізеді. Ыстық басатын көк шаймен бірге медицинада «элеутерококк» деп аталатын дәрілік шөптің 25-30 тамшысын  таңертеңмен ішіп алғанның зияны жоқ екен. Бұл адамның сыртқы факторларға қарсы тұруын қамтамасыз етсе,  қапырықтан, ауаның жетіспеушілігіне жағымды әсері болады. Сонымен бірге мелисса және розмарин жапырақшаларын қосып қайнатқан суға лимон салып дәмдеп, сусын ішсеңіз де ыстықтан әлсіремей, жеңіл сезінуге болады.

   Мұндайда мұздың пайдасы көп. Онымен маңдайыңызды, мойныңызды сылап, желкеңіздің шұқырына қойып, сәл көзіңізді жұмып тынықсаңыз, жұмыс қабілетіңіз артып, сергек сезінесіз.

Күннің ыстығында дәрігерлер белсенді спорт түрлерімен шұғылданбауға  шақырады. Футбол, баскетбол тағы басқа ойындарда адам қатты терлеп, тез шаршайды. Алайда, шілденің ыстығында жанға жайлы спорт түрлері жоқ емес. Бұл – бассейн, гимнастика, аэробика. Немесе, таңертең күн қызғанға дейін немесе күн батқанда бір сағаттай жаяу жүріп серуендесеңіз,  денсаулыққа өте пайдалы әрі ұйқыңыз тынышталып, келесі күні сергек сезінуге көп септігін тигізеді.

Айгүл  УАЙСОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button