Басты ақпарат

Күреспен өткен ғұмыр

Ұлтының болашағын ойлаған Алаш зиялы­ларын құрбандыққа шалып, «қызыл қырғын» арқылы бұқара халықты жарға соқты. Олар алдарына қойған мақсатқа жету үшін зұлымдық жасауда коммунист отаршылардан кем түспеді. Өз ұлтына опасыздық жасауда сатқындықтың адам айтқысыз небір сұрқиялығын көрсетті. Олар большевиктік идеология­мен ерте уланып, Мәскеу ұйымдастырған науқандарға белсене араласып, шен-шекпен иеленді. Қазақ коммунистер бұқара халықтың мүддесін қорғаған болып айғай-шу, сайлау ұйымдас­тырып көзге түсті. Ал жеме-жемге келгенде коммунист-колонизаторлардың сөзін сөйлеп, айтқанын істеді. Тек ұлтшыл аталған Алаш азаматтары шырылдап, халқының болашағын ойлады. Ел болудың ұлттық ерекшеліктер негізінде, еркіндікте, азат өмір сүретін халық болуды армандады.

[smartslider3 slider=3054]

Сол сындарлы жылдарды өздеріне тағдыр қылып, күреске шықты. Осы топтың бел ортасында Мұхтар Әуезов жүрді. Ал Мұхтар Әуезовтің өзі Алашорда өкіметінде қызмет істеген кезеңінде үлкен саяси тәрбие мектебінен өтті. Ұлы тұлғалармен бірге өмір мектебінің қиыншылықтарында шыңдалды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов тәрізді ағалары, Смағұл Сәдуақасовтай інісімен күн-түн демей бір жүру оның бақытты күндері болды. Оған Алашорда өкіметінің Төбе биі – өлкелік сот қызметін атқарған Шәкәрім Құдайбердіұлы да қамқорлық жасады. Шәкәрім қажы Мұхтарды өз баласындай көретін. Ал Әлихан Бөкейханов – тобықты руына жиен. Оның шешесі Мамай батырдың алты баласының үлкені Жолбарыстың Дулатының қызы – Бекжан. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді мен Әлиханның әкесі Нұрмұхамед бажа да, Шәкәрім мен Әлихан – бөле. Семейдегі Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовқа енді Омбыдан Смағұл Сәдуақасов келіп қосылды. Бұл үштік саяси жұмысты әдебиет пен оңтайлы ұштастыра білді. Өмірге көзқарасы, ұлтына деген сүйіспеншілігі оларды қияметтік дос етті. Кейін қай жерде жүріп жұмыс істесе де, ортақ мақсат үшін бір-біріне қол ұшын беріп, ұлтына аянбай еңбек етумен болды. Алашорда өкіметінде қызмет еткен жылдар Мұхтар Әуезовтің беріле жұмыс істеп, сол еңбектен ләззат алып, өзін бақытты сезінген кезеңі болды. Жүсіпбек Аймауытов екеуі семинарияда оқыған кездерден бастаған саяси, әдеби сын мақалалар жазу әдетін жалғастырып, өнімді жұмыс істеу­ге уақыт та тауып жүрді. Әлихан Бөкейхановтың тікелей тапсырмасымен Жапониядағы Мэйдзи қозғалысын зерттеп, «Жапония» деген мақала жазды. Бұл мақалада жапон өкіметінің Мэйдзи идеясы негізінде Батыстың отаршылық саясатына қарсы қалай күрескені туралы айтылды. Жапониядағы экономикалық реформалар, Батыстың оқу-білімін игерген тәжірибесі талқыланды. Өкіметтің халық мүддесін қалай қорғағаны, тәуелсіз саясат жүргізудің қыр-сыры жөнінде жазып, үлгі алу жолдарын көрсетті.

Ресейдегі ақпан, қазан революциялары көптеген жаңа мемлекеттік құрылымдардың пайда болуына оңтайлы жағдай жасады. Империя қол астындағы түркі халықтары да бұл оңтайлы жағдайды дұрыс пайдаланып қалғысы келді. Орталық Азияда Түркістан Республикасының құрылуы да түркі халықтарының бірігуін көрсетті. Бұл құрылым – түркі халықтарының түбі бір екенінің дәлелі. Осы бірігуде қазақ зиялылары негізгі күш болды. Өкімет басында Тынышпаев, Шоқаев тәрізді білімді, пассионарлық тұлғалардың келуі әлі де Тұран әлемінде энергетикалық кодтың барын көрсетті. Өйткені «Әлемге билік жүргізіп, мәдениет ошағын дамытқан түркілер неге өткен күннің құшағында қалып дамымады? Неге?» деген сұрақтар Алаш зиялыларының көкейінен бір сәт те шыққан емес.

Бір-біріне қол ұшын беріп, күресті жалғастыру үшін аман қалудың жолын ойластырды. Оған Ақ теңіз жағалауында айдауда жүрген Міржақып Дулатовтың Ахмет Байтұрсыновқа жазған хаттары дәлел. Бір хатында ол «Сендер қайтсеңдер де Мұхтарды сақтаңдар. Бізді келешекке тек Мұхтар ғана жеткізеді» дейді. 1921 жылғы ашаршылыққа немқұрайлы қараған кеңес өкіметінен Мұхтар Әуезов безінді

Орталық Азиядағы Ресей империясының құлауын өз пайдасына шешкісі келген екі мемлекеттік құрылым болды. Оның бірі – Алаш­орда өкіметі, екіншісі – Түркістан біріккен мемлекеті. 1919 жылғы азамат соғысы барысында большевиктер жеңіске жете бастады. Қазақстан жеріндегі ақтардың әскері Қытайға, Қиыр Шығысқа шегінді. Алашорда өкіметі Кеңес Одағы өкіметімен келіссөз жүргізуге мәжбүр болды. Уақытша өкімет те, Колчак өкіметінің билігі де Алаш­орда өкіметін мойындаудан бас тартты. Тек кеңес өкіметі төрағасы Ленин Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермековті қабылдап, қазақ еліне автономия беретінін жариялады. Алашорда басшыларының Ленинмен, Сталинмен кездесулерінен кейін «автономия» мәселесі шешілді. Олар Ресей Федерациясының құрамында болса да, қазақ мемлекеті құрылымының басы деп большевиктік өкіметті мойындады. Уақытша өкіметтен, Сібірде билікте отырған Колчактан еш қайыр болмағанда, «автономияға» қол жеткізу Алаштың көп жылғы арманы еді. Мұстафа Шоқайдан басқа бар Алаш зиялылары бұл жетістікке шексіз қуанды. Семей қаласында «Абай» журналын шығарып отырған Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов бұқара халықтан сүйінші сұрап былай деп жазды: «Қуаныш құтты болсын! Ал, Алаш! Қабағың қатып, көңілің жабығып тұр едің, ілгері басқан аяғың кейін кетуге таянып еді. Бодандық көліне түсіп жоғала жаздап едің… Құдай берді, жарылқады. Ақ түйенің қарны жарылды! Өмірі қазақ, қазақ болғалы көрмеген қуаныш басыңа келді, көрдің. Кеудесінде жаны бар, денесінде қазақтың қаны бар, жүрегінде Алаштың намысы бар, ары бар, Алаштың баласы! Көтер басыңды, қуаныш құтты болсын! Тойың тойға ұлассын! Тіріл, Алаш! Сілкін, Алаш! Қуан, Алаш! Жаса, Алаш!».

Ленин Алашорда өкіметі басшыларымен келіссөз шешімі негізінде 1919 жылдың 10 шілдесінде «Қырғыз (қазақ) өлкесін басқаратын» революциялық ережеге қол қойды. Казревкомның мүшелігіне С.Пестковский (төраға), С.Меңдешов, А.Байтұрсынов, Б.Қаратаев, Т.Әлібеков, В.Лукашев, К.Сидоров, Т.Седельников, тағы басқалары кірді. 1919 жылдың 4 қарашасында кеңес өкіметінің қаулысымен алашордашыларға «кешірім» жасалды. Осы кешірімнен кейін қазақ автономиясы жарияланатынына көзі жеткен алашордашылар кеңес өкіметін жақтап, ұлтына қызмет ету үшін өкімет жұмысына араласты. Олардың арасында Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышпаев, Аспандияр Кенжинмен бірге жастар легі, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов та қызметке кірді. Сондағы мақсат – қайтсе де халқына қол үшін беріп көмектесу.

Кеңес өкіметінің алашордашыларға кешірім жасап, қызметке шақырудан басқа амалы жоқ еді. Біріншіден, Алаш қайраткерлерінен басқа білімді топ жоқ. Екіншіден, бар оқыған азаматтар, негізінен, ұлтшылдық, ағартушылық бағытта болды. Сондықтан кеңес өкіметіндегі қызметтерге бар Алаш зиялылары араласты. Ахмет Байтұрсынұлы оқу министрі болып жұмыс істеді. Ол төңірегіне білімді, ұлтшыл жастарды жинақтады. Бұл заман талабы болатын. Мұхтар Әуезов, Смағұл Сәдуақасов тәрізді жастардың большевиктік партия қатарына өтуі де ұлтқа қызмет етудің қажетінен туындады. Әрине, кеңес өкіметіне қазақтың ұлттық мүддесін ту қылып көтерген ­зиялы қауым керек емес еді. Олар алашордашылармен бірге жұмыс істеді, бірақ сенбеді. Уақыт ұттырып, өз қатарын көбейтіп, ұлт арасына жік салды. Шамалары келгенше отаршыл коммунистерді билікке тағайындай берді.

1920 жылдың 24 шілдесінде Қазақ Автономиялы Республикасы құрылды. Келісім бойынша Қазақстаннан тысқары қалып келген атам заманғы біраз жерлер қайтарылды. Сонда да Омбы тәрізді облыстар Ресей Федерациясы құрамында қалып қойды. Дегенмен бес облысты қайтару Алаш қозғалысы басшыларының үлкен жеңісі еді. Мұхтар Әуезов Әлихан Бөкейхановтың Ресейдің қарамағында болу саясатын қолдағанмен, іштей наразы болды. Орталық Азия халықтарының экономикалық даму қарқынының бәсеңдігі, халықтың дінге тым көзсіз берілгені ойландырмай қоймады. Бірақ қалай болғанда да, бауырлас түркі халықтарымен бірге болу ұлттық ерекшеліктерді сақтап дамуының бірден-бір көзі деп есептеп, жасырын жұмысын жүргізе берді. Большевиктер қазаққа «автономияны» сөз жүзінде ғана беріп, бар билікті Мәскеу өз жұдырығында ұстады. Автономия алған аз ұлттардың бірден-біреуі әділдіктің ақ таңының атқанын көре алмады.

Коммунистік Мәскеу мойындап, «автономия» беру жөнінде нұсқау түскеннен кейін Мұхтар Әуезов кеңес өкіметі мекемесінде қызмет жасады. 1919 жылдың желтоқсанында Семей облыс­тық ревкомның қазақ бөліміне меңгерушілікке тағайындалды. Ол Әлихан Бөкейханов Мәскеу­ге жер айдалып кеткеннен ке­йін де ревком бөлім басшысы бола тұра, алаштық идеядан ауытқымады. Смағұл Сәдуақасов ­екеуі өз жақтастарымен қазақты бай-кедейге бөлмей, біртұтас ұлт мұңын мұңдады. Олар әр ұлт жүріп өткен тарихи жолына сай, өз соқпағын әдет-ғұрып, салт-дәстүр ерекшелігі негізінде жасауы керек деп есептеді.

Жалпы Алаш партиясы Алаш­орда өкіметі құлаған соң да тәуелсіз мемлекет құру бағытындағы күресін тоқтатпады. Қызмет бабына байланысты коммунистік партия қатарына кірген қазақ зиялыларының көбі Алаш идеясын іске асырумен болды. Ұлттық таным жолынан таймады. Коммунистердің жаңа отарлық билігі күшейген сайын ұлттық мүддені қорғау қиындай түсті. Осы кезде Орталық Азия­да кеңес өкіметін мойындамай, қарулы қарсылық көрсетіп жатқан тек «басмашылар» болды. Төңіректегі ұлттық бағыттағы саяси топтардың барлығының назары енді «басмашыларға» ауды. Алаш зиялылары да осы бір аумалы-төкпелі, қиын-қыс­тау кезеңде ұлт болашағы үшін «басмашыларды» қолдап, солардың қатарында болғысы келді. «Басмашылармен» байланыс орнату Мұхтар Әуезовке жүктелді. Отаршыл коммунистердің шовинистік саясатының күшейгендігінен секем алған Мұхтар Әуезов «басмашылар» қозғалысымен байланыс жасауға кірісті. 1921 жылдың ақпан айында Бұқара, Самарқандқа барып, «басмашылармен» кездесті. Алаш партиясының атынан барған бұл делегацияның құрамында Хайретдин Болғанбай, Дінше Әділұлы және бір топ жастар болды. Мәскеу әскери училищесінің түлегі ақмолалық Қалқаман деген офицер бастаған жастар «бас­машыларға» қосылуға барды. Сол күндері Харгош қаласында кеңес өкіметіне қарсы күресуге дайын саяси партиялардың кездесуі өтті. Бұл кездесуде Алаш зиялыларымен қатар башқұрт Заки Тоған, түрікмен Какаджан Бердиев белсенділік көрсетті. Пікір алысу барысында түпкілікті мақсат анықталып, «біріккен саяси құжат» қабылдануы қажет деп шешілді. Азаттық үшін күресіп жүрген саяси партиялар өкілдерінің Бұқарадағы әмір сарайы Ситарай-Махи-Хасадағы ұлттық федерация бағдарламасына қалай қол қойғаны жөнінде Заки Тоған былай жазады:

«Жас бұқаралықтар сақтықпен жұмыс жасады, келісім ұзаққа созылды, қазақтар тағатсыздана бастады. Ақыры дінге сүйенген екі өзбек партиясы, социалистік емес жәдиттер партиясы, «Ерік» социалис­тік партиясы және қазақтың Алашорда партиясы 7 баптан тұратын платформаға біріктік: 1. Тәуелсіздік; 2. Демократиялық республика; 3. Ұлттық армия; 4. Түркістанның тәуелсіздігі мақсатына орай экономикалық басқаруды, теміржол құрылысын, каналдар жүйесін қолға алып жүргізу; 5. Қазіргі заманға сай ағарту мен білім, орыстың араласуынсыз Батыс мәдениетімен танысудың жолын іздеу; 6. Ұлттық мәселе, мектеп пен ұлттық байлықты елде тұратын халықтардың ара-салмағына сәйкес тең пайдалану; 7. Дінге толық еркіндік, діннің саясатқа араласпауы. Бағдарлама қабылданған соң қазақтар өз өкілі Діншені қалдырып, жүріп кетті…».

Бұл кезде Мұхтар Әуезов большевиктік партия мүшесі, Семей ревкомның жауапты қыз­меткері бола тұра, ұлты үшін осындай көзсіз ерлікке барды. Мұстафа Шоқай «басмашы аталып жүргендер – көтерісшілер мен Түркістанда орыс диктатурасына қарсы күресушілер, Түркістанды құтқару жолында қан төгіп, жан пида етушілер» деп тегін айтпаса керек. Елдегі азамат соғысы аяқталғанмен, қалыптасқан шаруашылық жүйе тоқырауға ұшырады. Бұған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейінгі күйзеліс, 1920-1921 жылдардағы құрғақшылық әсер етті. Билікке ие болған кеңес өкіметі саяси-экономикалық, әлеуметтік мәселелерді дұрыс шешпеді. Оған қоса, Ресейден 2 миллион адамды Қазақстанға қоныстандыру саясаты іске асырылды. Осындай кемшіліктердің салдарынан елде ашаршылық қаулады. Ал Қазақстандағы ашаршылықты кейбір отаршыл коммунистер маркстік теория тұрғысында ақтауға тырысты. 1921 жылы Түркістан республикасын басқарған Иван Тоболин деген большевик қазақтардың аштан қырылуы жөнінде: «Маркстік теория тұрғысынан келгенде, қазақ тәрізді экономикалық артта қалған халықтың аштан қырылып жатуы – заңды құбылыс» деді. Қазақстанның бес губерниясы мен бір уезі: Ақтөбе, Орынбор, Орал, Бөкей, Қостанай губерниялары және Адай уезі ашаршылыққа ұшырады. Орынбор губерниясында – 526,401 (80 пайыз), Қостанай губерниясында – 414,350 (74 пайыз), Ақтөбе губерниясында – 446,536 (99 пайыз), Бөкей губерниясында – 66,255 (29 пайыз). Адай уезінде 75 мың адам ашаршылыққа ұшырады. Бұл 1922 жылдың қаңтарындағы мәліметтердің қаншамасы кемітіліп берілгені белгісіз. Қазақстандағы ауыр жағдайды Мәскеу билігі білді, бірақ көмек көрсеткен жоқ. Қайта ашаршылыққа ұшыраған Ресей губернияларына көмек көрсетуді талап етті.

Қазақстандағы ашаршылық тек алашордашылардың, ұлт­шылдардың жанына батты. Бұл сындарлы жылдары үлкен саяси аренаға тағы да Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасов білек сыбана кірісті. Олар революция­лық комитеттегі қызметтерін пайдаланып, ашаршылық жөнінде дабыл қақты. Себебі өлкелік революциялық комитеттерде қазақ ұлтының өкілдері аз болды. Қазақ коммунистері орталық қаулыларын орындап, Қазақстандағы ашаршылық жөнінде жұмған аузын ашпады. Қайта ашаршылық жоқ, оны шулап айтып жүрген ұлтшылдар деп орталықтың сойылын соқты. Ал шындығында елдегі ашаршылық кең етек алып, басқа да губернияларды қамтыды. Тек бір Ақмола губерниясында 472,000 (46 пайыз) адам ашаршылыққа ұшырады. Осындай жағдайды біле тұра, Мәскеу Ақмола губерниясына жоспардан тыс 300 мың тонна астықты Ресейге жіберуді талап етті. Жалпы 1921-1922 жылдары ашаршылыққа ұшыраған аймақта 3 мың 353,228 адам тұрса, оның 2 млн 286,591-і, яғни 68,2 пайызы ашаршылық пен індетке ілікті. Өлгендердің саны 1 миллионнан асып жығылады.

Қазақстанда ашаршылыққа тұрмыс жағдайы жақсы, құнарлы жерлер мен қалаларда тұратын келімсектер ғана ұшыраған жоқ. Енді ашаршылықпен күресуге кеудесінде сәулесі бар зиялы қауым жаппай көтерілді. 1921 жылдың 10 желтоқсанында Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов және Смағұл Сәдуақасовтың ұйымдастыруымен ашаршылықпен күреске арналған қазақ қызметкерлерінің үлкен кеңесі өтті. Күн тәртібіне екі мәселе қойылды. Біріншісі – қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына көмек көрсетуді ұйымдастыру, екіншісі – қазақ қызметкерлерін осы жұмысқа тарту және өкіметтік комиссия құруға ықпал жасап, соған араласу. Бірінші сұрақ бо­йынша Мұхтар Әуезов баяндама жасап, елдегі ашаршылық зардаптарына егжей-тегжей тоқтап, кемшіліктердің себебімен бірге, коммунистердің отаршылдық саясатты жалғастырып отырғаны жөнінде айтты.

«Аштықтан құтқару үшін дәл қазір шұғыл шара қолданылмаса, онда Қазақ республикасы қазақсыз қалады. Ашыққандарға көмек комиссиясының құрамында бірде-бір қазақ қызметкері жоқ. Олар көмекті тек еуропалық ұлттар қоныстанған мекендерге көрсетеді. Халықаралық көмек ұйымдары қазақ даласына ат ізін салмайды. Өкімет басында отырған қазақ қызметкерлері, бұл істі дәл сол күйінде қалдырып қоюға болмайтыны өз алдына, бұл – сіздер үшін қылмыс, біз бұл үшін қазақ елінің алдында, өзіміздің арымыздың алдында жауаптымыз» деп сөзін аяқтады. Қазақ өлкелік революциялық комитеті жиналыс қарарына сай ашаршылықпен күресу комиссия­сын құруға мәжбүр болды. Қазақ қызметкерлері осы комиссияның шешімін іске асыру мақсатында жаппай елге шығуға мүмкіндік алды. Семей, Ақмола губернияларынан мал жинап, Торғай уезіне жіберді. Бұл жұмысты Жүсіпбек Аймауытов ұйымдастырды. Мұхтар Әуезов ең көп ашаршылық меңдеген елді мекендерді түгел аралап, өкімет тарапынан көмек көрсетті. Ұлты үшін осыншама жанқиярлық еңбек етіп, жастыққа басы тимей жүргенде оның жасы әлі жиырма беске де толмап еді.

1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа қарсы күрес алашордашылардың республика төңірегіндегі ең соңғы бірігіп атқарған жұмысы болды. Олар ұлты үшін қандай ерлік пен табандылыққа барудың үлгісін көрсетті. «Еңбекші қазақ», «Ақ жол» газеттеріне, «Қызыл Қазақстан» журналына мақалалар жариялап, халыққа үндеу тастады. Қазақ халқының жаппай қырылып, тарих сахнасынан жоғалып кетпеуіне жол бермеді. Ал кеңес өкіметі халықтың қамын ойлаудың орнына компартияның кезекті съезіне дайындалумен әлек болды. Отаршыл коммунистерге қазақ коммунистері қосылып, ашаршылықпен күрес жүргізгеннің орнына елден жау іздеді. Кеңес өкіметінің Қазақстандағы қас жауы қазақ зиялылары болды. 1921 жылғы ашаршылықтан кейін есеңгіреген елді жікке бөлу жұмысы басталды. Қазақ қауымын бай мен кедейге, ұлтшыл мен коммунистерге бөлуге Мәскеу бар күшін жұмсады. Алаш азаматтарын қуғындау күн тәртібіне қойылды. Алғашқы соққы Алаш басшыларына тиді. Жаппай түрмеге жаба алмаса да, Міржақып Дулатов тәрізді жекелеген тұлғалар тұтқындалып, айдалды. Бірақ ұлтының болашағын ойлаған алашшыл зиялы қауым саяси жұмысын тоқтатпады. Қайта қазағына көмектесудің жаңа айла-тәсіліне көшіп, бірге түсті. Бір-біріне қол ұшын беріп, күресті жалғастыру үшін аман қалудың жолын ойластырды. Оған Ақ теңіз жағалауында айдауда жүрген Міржақып Дулатовтың Ахмет Байтұрсыновқа жазған хаттары дәлел. Бір хатында ол «Сендер қайт­сеңдер де Мұхтарды сақтаңдар. Бізді келешекке тек Мұхтар ғана жеткізеді» дейді. 1921 жылғы ашаршылыққа немқұрайлы қараған кеңес өкіметінен Мұхтар Әуезов безінді. Коммунистердің қазақ халқына опа әкелмейтініне көзі әбден жетті. Отаршыл коммунистер мен қазақ коммунистер өз билік-мансабын сақтау үшін адам айтқысыз айуандықтарға барғанын көрді. Қазақ атымен аталған «автономияның» қазаққа жанының ашымайтынын көрген ұлт зиялылары Ташкентке жиналып, түркішілдік идеясына ұйыса бастады. Оған Қазақстанның 1921 жылы маусым айында өткен І партия конференциясының қазақ ұлтшылдарына қарсы күрес бастау жөніндегі шешімі әсер етті.

Әміржан Әлпейісов,

 Л.Гумилев атындағы ­Еуразия ұлттық

университетінің профессоры

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button