Желтоқсан

Курстасымды қорғамақ болдым…

Мен де желтоқсан алауының ұшқынымын. Журналистік қызметімде желтоқсаншылар, олардың ерлігі жөнінде біраз мақала жаздым. Бірақ Желтоқсан көтерілісінде өзімнің бастан кешкенімді ешкімге жария етпей келдім. Келешек ұрпақ білу үшін болған оқиғаны жазуды жөн көрдім.

[smartslider3 slider=1066]

 Ол кезде мен ҚазМУ-дың журна­листика факультетінің 2-курсында оқитын едім. Желтоқсанның 17-сі. Үшінші пар – «Қазақ ауыз әдебиеті». Есіктен оқытушы Шәкір Ыбыраев пен кураторымыз Ләтипа Ахметова ене берді. Ол кісі бетін бізге бұрып: – Өздеріңе белгілі, кеше пленум болып, Үкімет басына Колбин жолдас сайланды. Бірде-біреуің ол жаққа барушы болмаңдар, – деп ескертті. Ұстаздар осылай «темірдей тәртіп» орнатқанмен, ебін тауып шықтық.

Мен №61 автобусқа мініп, «Пионер» дүкеніне таяу аялдамадан түсіп қалдым. «Қайда барасың?» деп жолымды бөгеген милиционерге «Конспект жазуға қалың дәптер аламын» деген сылтау айттым. Милиционерден алыстай бере алаңға бет алдым.

Үкімет үйі алдында өрт сөндіретін машиналар. Сойыл ұстаған жасақшылар. «Үкімет басына өз адамымыз сайлансын!» деген ­сияқты саңқылдаған ызалы сөздер естіледі. «Тараңыздар!» дегенге құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Кенет өрт сөндіретін көліктер су шаша бастады. Алдымызда тұрған жастар судан жан-жаққа бытырай қашты. Қараңғы түсті. Сырт киіміміз суға малшынып, тоңып, қалтырай бастадым. Мойныма су құйылып кетпесін деп пальтомның жағасын көтеріп, тоқылған көк түсті бас киімді маңдайыма тартып қойдым.

Сырттан әкелген арнайы жасақ жұртқа лап қойды. Әсіресе жастарды ұрып-соғып, көлікке сүйрей бастады. Абыржып қалған мен автобус аялдамасына қарай жүгірдім. Жетсем, автобус іші лық толған халық. Жалма-жан есіктің ортасын бөліп тұрған темірден шап бердім. Көлік қозғалғанда, тегеурінді қол менің пальтомның жағасынан мықтап ұстап алды. Келесі аялдамаға дейін әлгі қол мені жібермеді. Автобус тоқтап, адамдар түскенде мені әрі қарай күшпен лақтырып жіберді. Апыр-топыр аяқтың астында жатып, әлгі адамның бет-әлпетін де көре алмай қалдым. Сол бейтаныс жанға әлі қарыздармын. Егер мені желкемнен мықтап ұстап тұрмағанда, көліктің астына түсіп қалар ма едім. Әупірімдеп ішке ендім. Салон іші у-шу!

Сүйретіліп жатақханаға жеттім. Ол жылы белім қылдай әдемі көрінсін деп пальтоның сыртынан қайыс белдік тағатын едім. Шешінейін десем, белдіктің темірі мұз болып қатып қалған. Қызарып тонған қолым икемге келер емес. Жатақханада бір қыз көмекке келді. Бөлмеден шағын оқтауын алып шығып, белдіктің темірінен ұрып, шешуге көмектесті. Көрпенің астында дірілдеп, тоңып, таң атқанша кірпік ілмедім.

Ертеңінде студенттерді сабақ аяқталған соң қадағалап, жатақханаға қарай қуалай бастады. Дүкенге барып, азық-түлік әкелуге небәрі 10-15 минут уақыт берді. Келген соң міндетті түрде кезекші әйелге белгілену қатты тапсырылды.

Кешкі сағат 7-нің кезі. Әлдекім есік қақты. Ішке енген жігіт ағасы әлдебір суреттерді алдыма тартты. Суреттер арасынан пальтомның жағасын құлағымнан асыра көтеріп, шапканы маңдайыма түсіріп киіп, бетімнің жартысы түсіп қалған түрімді көріп, ішім қылп ете қалды. Ертеңінде сезік алмасын деп ескі пальтомды киіп алдым. Қасымда бірге тұратын Әуестің беті толық түсіпті. Оны екі-үш күн тергеуге алып, жайына қалдырды.

Желтоқсан оқиғасында көзге түсіп қалған курстасым Аманғазы Кәріпжановтың мәселесі қаралды. Мен бұл кезде топта комсорг едім. Жиналыс ашу маған жүктелді. Курстастар Аманғазының жақсы қырын айтып, қорғамақ болды. Соңғы сөз комсомол жетекшісі ретінде маған берілді. «Қатаң сөгіс берейік!» дедім. Ол кезде комсомол қатарынан шықса, оқудан шығарылады. Курстастар құптады.

Бірақ мұнымен Аманғазының мәселесі бітпеді. Сағат бесте екеумізді факультет комсомол комитетінің жиналысына шақырды. Бұл жиналыста кілең «бүлікші» деп танылған жастардың мәселесі қаралды. Кезек бізге де келді. Қазақ бөлімінде оқитын А.Кәріпжанов мән-жайды өз ана тілінде түсіндіре бастауы сол еді: «Орыс тілінде жеткіз» деді төрде отырған белсендінің бірі. Аманғазы ойын орыс тілінде жеткізе бастады. Аманғазы комсомол қатарынан шығарылды. Маңдайымнан суық тер бұрқ етті. Оның әкесі қайтыс болғанын, жалғыз анасы жетім баланы өсіріп отырғанын, Аманғазы үйінің үміт күткен үлкені екенін мына жұрт қайдан білсін?! Сөйлемек болып ұмтыла беріп едім: – Тойбекова, уже все решено, – деп қағып жіберді. Сөйтіп Аманғазы оқудан шығып кете барды. Осы оқиғадан кейін «саяси сауатсызсың» деп мені комсоргтан алып тастады.

Тұрмысқа шыққан соң алаңда табаннан ызғар өтіп, өрт сөндіретін көліктен шашылған суық судан тиген аурудың азабын тарттым. Дәрігерлердің бала тууыма қарсы болғанына қарамастан, жүкті болдым. Бірақ тұңғышым қайтыс болды. Екінші баламды жеті ай бойы ауруханада, иненің астында жатып, дәрігерлердің бақылауымен дүниеге әкелдім. Үшінші баланы көтеру үшін сегіз жыл ем қабылдадым. Желтоқсанды еске алсам, жүрегім ауырады…

Жұлдыз ТОЙБЕК,

Желтоқсан көтерілісіне қатысушы,

ақын-журналист

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button