Басты ақпарат

Күтумен өткен өмір өкіндірмесін

Біз бәріміз бірдеңені күтеміз. Сөйтіп өмір өте береді. Күткенімізді Жаратушы немесе белгілі бір пенде бере салады деп ойлап, еш әрекеттенбей отырсақ, уақыт өткізіп аламыз. Кейін өкініштен өзегіміз өртенуі мүмкін. Музыкалық жас көрермен театрының эксперименталды сахнасында премьерасы өткен «Go Do» комедиялық абсурды бізді осындай ойға жетелейді. Қойылымның авторы – Ирландия мен Франция елдеріне ортақ ақын, драматург Сэмюэль Беккет. Шығарманы қазақ тіліне аударған – көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлық пен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қалихан Ысқақ, ал қоюшы режиссер – Мекан Жұмабаев.

[smartslider3 slider=3537]

Аталмыш театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтың айтуынша, осы спектакль өткен ғасырдың елуінші жылдары жаңа драматургияны бастады. Әу баста да «Годоны» сахналауға еш режиссердің жүрегі дауаламапты, сондықтан Сэмюэль Беккет өзі қойды. Оның себебі – бұл көрерменнің қабылдауына ауыр қойылым. Оны көрген әр адам да өзінше түсінеді. Асхат Максимұлы астаналық театрда спектакльдің көрермендері де көп болмайды деп пайымдайды. Қалай дегенмен де Мекан Жұмабаевты қызықтырған қойылымға елордалық өнер ошағы орын берді. Ал бұдан бұрын осы режиссер дәл бұл қойылымды І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында сахналады.

Спектакльде көп кейіпкер жоқ. Жалғыз талдың жанында Годоны күтетін Эстрагон (актер Алтынбек Аманқұлов) және оның серігі Владимир (Қазбек Есқара), оларға ойда жоқта жолығып қалатын Поццо (Расул Усманов), Поццоның қызметшісі Лакки (Бибол Байғараев) және қойылымның соңында ғана көрінетін бала (Нұрай Рысбекова).

Арасында үзілісі бар екі актілі спектакльге, әдеттегідей, актерлердің қос құрамы қатысады. Біз жоғарыда аттары аталған әртістердің сомдауында тамашаладық. Ал спектакльдің негізгі айтар ойы, біздіңше, уақытты бағалау, өмір сүру үшін әрекет ету. Эстрагон мен Владимирде осының нышаны да байқалмайды. Олар күткен Годо келмесе, өздеріне қол салуға даяр тұрады. Ал Годо кім? Бұл спектакльде ашылмай, жұмбақ күйінде қалады.

Қойылым адамгершілік қасиет туралы да ойлантады. Мәселен, Эстрагонның бойынан адам сүйерлік қасиетті байқамадық. Ол – шошақайлау, ит сияқты сүйек тастаған адамға қызмет етуге дайын кейіпкер. Қайта Владимирдің бойынан ізгілік жоғалмаған екен. Ол құлаған адамға көмектесуден тартынбайды, жаманшылықты естігенде жаны түршігеді. Ал Поццо байлығына мастанған қазіргі байлардың бейнесін көз алдымызға келтірді. Лаккидің бейнесі интеллектуалдардың жолы ауыр болатынын, олардың байларға қызмет етуге мәжбүр екенін аңғартады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button