ӘлеуметБасты ақпарат

«L-Капитал» «құрбандары» әділдік сұрайды

2008 жылдары қызметін бастап 12 жыл бойы халықтың ақшасын сорған «L-Капитал» компаниясының құрығына елімізде 400 мыңнан астам адам түсіп, аталған компания халыққа 10 млрд теңге шығын келтірген. 2021 жылдан бастап миллиондаған теңгелерін қайтара алмаған мыңдаған адамдар шу көтеріп, арызданып, компанияның жекелеген жетекшілері бойынша тергеу басталған. Алайда бүгінге дейін ақшасын қайтара алмай жүрген азаматтар әлі де бұл компанияның ісі сотқа жетпей, Негізгі сот талқылауы басталмай отырғанына алаңдаулы.

Осы компанияға 2018 жылы пәтерін сатып, 50 мың долларын салған Индира Батырбекова сеніміне кіріп, соңынан қалмай қойған жақын көршісіне сенгенін айтады.

– Қыздарымыз бірге өскен Жанар деген жақын көршім еді. Осы туралы айта бастады ақырындап. Басында мән берген жоқпын. Пакеттері бар, акциясын сатып алсаң балаларың өсіп келе жатыр ғой, көбейтіп аласың деп қоймады. Менде ақша бар екенін біледі. Тұрмысым жаман болған жоқ. Содан басында айына 20 мың теңгеден құйып тұратын пакетін аштым. Үйді кеңейтем деп пәтер сатқалы жүргенімді естіп алған әлгі көршім тағы қасымнан шықпады. Доллармен салсаң, бірнеше еселеп қайтарасың деді. «Мен де сөйткенмін, міне, қазір жағдайым өте жақсы» деп, қайта-қайта миыма құя берді. Тіпті кейде оны көрсем қашатын болдым. Ақыры айналдырып, үйімді сатып, салдырды. Әзірге бір жылдай пәтер жалдап тұра тұр деді. Сеніп үйіне қалай ақшамды апарғанымды білмей қалдым. Келісімшартқа артынан қол қоямыз деді де, содан ақыры бермеді. Көрген сайын, «Жанар, не болды, ақша тұр ма?» десем, «иә, тұр, арасында керек болса шетінен шешіп ала аласың» деп, содан қызыма ота жасау керек болып, 3 мың доллар шешіп алдым. 2019 жыл өтіп кетті. Бір жылға салам, шешіп алам деп едім, сен келісімшартты тағы ұзарт, сонда 30 пайыз­бен көбейтіп аласың деді. Көршім ғой деп сендім, майын тамызып сөйлегенде әбден сендіреді. Ақшамның өскенін бір қағаздан көрсетеді, болды. Сосын «Қой, мен жұмыссыз едім, жұмысқа кіргізші сол компанияға» дедім. Жұмысқа кірдім. Сөйтсем, оларда «бардак» 2018 жылдың аяғында-ақ басталған екен. Бірақ өздері карантин кезінде зауыт, фабрикаларының жұмысы тоқтап, содан жұмыс жүрмеді деп келтіреді. Ал шындығында сол кезде ірі ақша салғандар ақшаны шеше бастаған. Содан басқа кейінгі келгендерге ақшаларын бере алмай бастаған. Азғантай беріп алдап қояды, көп ақша сұрасаң жоқ. Содан адамдардың уайымы күшейеді. Ақша сұрайтындардың ұзын-сонар кезегі пайда болды. Менің жұмысым сондай адамдардың тізімін дайындап, кезегімен ақшасын беру еді. Алдап-сулап адамдардың ақшасын басқа бағдарламаға салдық деп ақша бермеудің жолын ойластырғанын ішінде жүріп біліп, сонда ғана бәрін түсіндім. Мен содан керісінше ала алмай жүрген біраз адамның ақшасын алып бердім, содан оларға ұнамай қалдым. Бірақ өз ақшамды ала алмадым. Көп былықтарын біліп алдым, бұлар нағыз қаржы пирамидасы. Зауыттарымыз бар деп жүргені кішкентай бір цехтар екен. Олар үлкен табыс әкелмейді. Соншама адамдар қанша ақша салып жатыр, ол қаржыны бұлар не өсірмейді, не өндірмейді. Ең басында тұрған, осыны ашқан адам қазір шетелде қашып жүр. 12 жылдан бері тамырын тереңдетіп, байланыстарын нығайтып алған. Иә сот жоқ, иә заң жоқ бұларға, – дейді зардап шегуші.

Бірнеше баппен компанияның 6 жетекші қызметкеріне 2021 жылдары тергеу басталады, соның өзін арызданушылар әрең бастатқан. Индира бірінші болып арыз жазған. Себебі қайта-қайта барып, ақшасын қайтара алмаған. Ол сияқты адамдар көбейіп, өздері Ватсап чат ашты, бірігіп үндеу жазды. Бір өкініштісі, соңғыларын компанияға тартып, әрі өздерінің ақшасын қайтарып алып үлгергендер бөлек топ болып, бұларға қарсы шығуда. Компанияға түскен қыруар ақша берген уәдеге сай инвестициялық айналымға түспеген, бірінің ақшасын біріне берген, көз қылып көрсету үшін дайындаған адамдарды шетелге тегін апаруға, танымал өнер жұлдыздары арқылы жарнама жасатуға кеткен.

– Жарнамаға жұмсаған. Біреуден алып, біреуге беріп отырған, болды. Сотқа іс түсті, бірақ судья анаусы жоқ, мынаусы жоқ деп қайтарып отыр. Негізгі сот талқылауы басталмай отыр. Бізді сол қинайды, үш жылдан бері күресіп келеміз. Істі дұрыс жүргізбейді. Біздің сөзімізді тыңдағысы келмейді. Бірақ біз әлі де қарап отырмаймыз, күресті жалғастырамыз, – дейді Индира.

Осы алаяқ компанияның құрығына түскен астаналық Асылым Молдамұратованың айтуынша, бұған оны немере әпкесі тартқан.

– Әпкем бұрыннан осы компанияға кір дейтін. Күйеуі, қызы үшеуі қосылып кіріп, айына 20 мыңнан салып 3 жарым жылда 1 млн теңге алыпты. Банктің депозит пайызынан пайызы жоғары деді. Миллион алғандарын өз көзіммен көрсем де салмай жүрдім қашып. Бір күні әпкем «Сенің атыңнан шот ашып, 20 мың құйып бастадым, әйтпесе жүре бересің» деді. Мен 2017 жылы қазан айында кірдім. Ол кезде пирамида деген әңгіме жоқ. Карантин кезінде «L-капитал» қаржы пирамидасы екен, салғандар өз ақшасын ала алмай жатыр екен деген сыбыс естідім. Әпкем үндемеген соң 2020 жылдың қаңтарына дейін салдым да тоқтаттым, ол кезде салған ақшам 700 мың теңгедей болды. Ала алмайтынымды сол кезде түсіндім. Пирамида екенін білген сәттен салма деп айтпаған әпкеме қатты ренжідім. Ол кісінің ұпайы түгел екен, 2019 жылы жазда 5 млн ақшасын алған. «Кейін қайтарып береді екен, арыз жаздық» деді, бірақ нәтиже нөл. Компания қайта ашылса, ақшаны алуға болады екен дегенді де естідік. Мен арызданбадым, себебі ақшаны ешкім қайтармайды. Сала берер ме едім, болашақ күйеуім тоқтата сал деді, сөйтсем ол зерттеп, бәрін біліпті, – дейді астаналық тұрғын.

Компанияға 2016 жылдары үйін сатып, 11 млн теңгесін салған Әйгерім Битанова да – ақшасын қайтара алмаған зардап шегушілердің бірі. Оған кафеде отырғанда түр сипаты келіскен адамдар келіп, осы компанияға шақырады. Айтқандарына сенген ол басында 20 мың теңгеден салатын пакетін ашады. Мамандығы әнші болғандықтан, оны шетелдерге көшпелі семинарларына тегін апарады. Сөйтіп сенімге кіріп, оның пәтерін сататынын біліп, ақшасын осыған салғызады.

– 9 деңгей бар, семинарларында біреулер қымбат сағат, біреулер машина алып жатады. Артынан қанша адам әкелгеніне қарай солай ынталандырады. Үш рет шетелге барып келдім. Мені шақырғаны әншілігім үшін деп ойлайтынмын. 8 айдан кейін ақшамды шешіп алдым. Көп емес еді. Құрылыс, көлік саласында инвестиция саламыз деп, түрлі бағдарламалары бар екенін айтатын. Түрлі сыйлықтар бар деп қызықтыратын. Айдын деген спонсорым үйімді сатқалы жүргенімді білетін. Соны ең дұрысы осында сал деп көндіре бастады. 11 млн теңгені 30 млн етіп қайтарып аласың деді. 2 млн теңгесін әзірге үй жалдауға алып қалуға кеңес берді. Сөйтіп, салдым. 2020 жылдары ақшадан қинала бастап, шешіп алайын десем, карантинге байланысты зауыттар жұмысы тоқтап тұр деп, кішкене күтуімді сұрады. Бір кезде мен қайта-қайта соғып, ала алмағасын кеңселеріне барып айқай шығардым. Екі балам бар, жалғызбастымын, үй жалдап қиналып кеттім дедім. Содан зорға деп 900 мың теңге шығартып алдым. Сөйтсем, 2021 жылы ақпанда компанияға адамдар арыздана бастаған екен, – дейді ол.

Компанияның агенттері, директорлары елдің түкпір- түкпірінде халықты алдап, ақша салғызумен айналысқан. Олардың қатарына мұғалімдер, мектеп директорлары, дәрігерлер, әскери қызметкерлер де өтіп, ақшасын салып, жақындарын осыған тартқан.

P.S: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдаулары мен маңызды отырыс­тарда қаржы пирамидасының қызметі мен алаяқ­тардың қитұрқы әрекеттерінің жолын кесу жұмыстарын күшейтуді талап етеді. Аталған компаниядан зардап шегушілер Президент тапсырмасына сәйкес жергілікті жерлерде осы ұйымға қатысты тергеу амалдары қитұрқы, бұрмалаусыз жүргізіліп, Негізгі сот талқылауы әділ өтуін, салған ақша қайтарылып, басты кінәлілер тиісті жазасын алуын сұрайды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button