Әлеумет

Латын әліпбиі: диграфтан апострофқа дейін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы көктемде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жыл құстарындай жаңа­лықтарды ала келіп, санамызды серпілтті. Басынан түрлі зобалаңды өткеріп, талай асыл дүниесінен айырыла жаздаған қазаққа жан-жақтан келіп жатқан жат идеологияға ұлттық құндылықтары арқылы төтеп бере алатынын ұқтырды. Ұлттық бірегейлікті сақ­тап, заман көшіне лайық алға озу керектігін түсін­дірді.

Ұлттың жаны тіл екені белгілі. Елбасы айтқандай, қазіргі заманғы технологиялық орта, коммуникация, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесі латын әліпбиі негізінде өркендеп отыр. Сондықтан осы салаларда әлемнің озық елдерінде болып жатқан үдерістерден қалмау үшін қазақ әліпбиі де соған сай болуы тиіс.
Ел Президенті әріден ойлап, осыдан бес жыл бұрын «Қазақстан-2050» стратегиясында 2025 жылдан бас­тап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігіне назар аударды. Тәуелсіздік алған кезеңімізден бұған мұқият дайындалғанымызды, бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік, байыптылық қажеттігін айтты. Биыл осыған нақты пәрмен берді. Жыл аяғына дейін ғалымдарды тартып, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабыл­дауды, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспа­сөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бас­тауды тапсырды.
Содан соң арнайы жұмыс тобы құрылып, биылғы 11 қыркүйекте Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытуды үйлестіру республикалық орталығының директоры Ербол Тілешов жаңа графи­кадағы әліпбидің бірінші нұс­қасын ҚР Парламенті Мәжілісінде таныстырды. Әліпби нұсқасын әзірлеуде аталмыш орталық пен А.Бай­тұрсынов атындағы Тіл білімі институты жетекші рөл ат­қарды.
Алғашқы нұсқа 25 таңбадан және әріптерді қосақтау арқылы бір дыбысты беретін 8 диграфтан тұрды. Диграф «ә», «ө», «ү», «ң», «ғ» сияқты қазақтың төл дыбыстарына және «ч», «ш», «ж» әріптеріне негізделді. «Сәбіз» сынды кейбір сөздердің оқылуы күлкі шақыратындығынан және «бір әріп – бір дыбыс» принципіне сәйкес келмейтіндіктен, бұл нұсқа көпшіліктің көңілінен шықпады.
9 қазанда Елбасыға апостроф (дәйекше) негізінде әзірленген әліпбидің екінші нұсқасы таныс­тырылды. 32 таңбадан тұратын бұл әліпбидегі 9 дыбыс апострофпен берілді. Ербол Тілешов бұл нұсқа диграфқа қарағанда халыққа жеңіл болатынын айтты. Алайда осы әліпби туралы да теріс пікірлер айтылмай қоймады. Дегенмен қоғам қолдап, ғалымдар, тіл мамандары, саясаткерлер, жастар және Қазақстан халқы Ассамблея өкілдері ортақ мәмілеге келді.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлы­ғымен қоғам қолдаған әліпби нұс­қасын бекітіп, онда қазақ әліп­биін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құруға тапсырма берді. Бұл комиссия өткен айда жұмысын бастады. Әліпбиді көшіру 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асатын болды. Бірінші кезең – 2018-2020, екінші кезең – 2021-2023, үшіншісі 2024-2025 жылдарды қамтиды. Келер жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандар мен орта мектептерге арналған оқулықтар да­йындала бастайды.
Бастысы, бұл істе асығудың қажеті жоқ. Алайда бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары атауларын латын әліпбиіне негізделген әріптерге өзгертіп үлгерді. ҚР Парламенті Сена­тының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда «Твиттер» желісіндегі жеке парақшасына «Ұлттық комиссия қазақ тілі латын әліпбиі бо­йынша нақты шешімге келген жоқ, сондықтан «апостроф» әліпбиін газеттерде я басқа жерлерде пайдалануға әлі ерте» деп жазды.
Анығы, латын әліпбиі ұлты­мызға таңсық емес. Өткен ғасырда, 1929 жылдан бастап 1940 жылға дейін қазақ осы жазуды қолданды. Сөзге қатты мән беретін халықпыз, сол себептен латынға көшу деп айтудан гөрі, қайта оралу деп айтқанымыз дұрыс. Ербол Тілешовтің сөзінше, 1940 жылдан осы күндерге дейін кирилл әріптерімен жарық көрген бай әдебиетіміз бен ғылыми еңбектерді арнайы аппарат көмегімен латын­шаға жылдам әрі оңай аудара аламыз. Сондықтан бұған алаңдауға негіз жоқ.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button