Sport

Лаула, ақ олимпиада алауы!

КЕШЕ ПХЁНЧХАНДА XXIII ҚЫСҚЫ ОЛИМПИЯЛЫҚ ОЙЫНДАР БАСТАЛДЫ

Жаһан спортшылары мен спорт жанкүйерлері төрт жылдан бері тағатсыздана күткен бәсірелі күн де келіп жетті. Кеше, 9 ақпан күні Кореяның Пхёнчхан қаласында кезекті қысқы Олимпиялық ойындар ресми түрде ашылды. Ақ Олимпиа­да астанасындағы жаңадан салынған 35 мың орындық Олимпиялық стадионда Ойындардың салтанатты жағдайда ашылу рәсімі болып өтті. Шеруде біздің еліміздің жалауын шорт-трекші Абзал Әжғалиев көтеріп шықты.
Төрт жылда бір айналып келетін айтулы аламан 25 ақпанға дейін созылады. Онда жалпы 15 спорт түрі бойынша сайысқа түсетін 3000 спортшы 102 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Жарыстар арасында дәстүрлі шаңғы, биатлон, тау шаңғысы, хоккей бар. ХОК бұл жолы бағдарламаға сонымен қатар ерлер мен әйелдердің коньки спортынан масс-старт, ерлер мен әйелдер сноубордының биг-эйр, тау шаңғысынан командалық жарыс және кёрлингтің дабл-миксті секілді 6 түрлі сайысын қосып отыр.

Пхёнчхан – Сеулдің шығыс жағынан 130 шақырым жердегі Тхэбек тауының етегінде орналасқан қала. Мұнда қыс ұзаққа созылады әрі қарлы болып келеді. Ал қала атауы, корей тілінен аударғанда, «бейбітшілік және гүлдену» деген сөздердің жиынтығын құрайды. Дәл қазір Олимпиада үшін бұдан артық ұранды табу да қиын. Шағын шаһарда небәрі 9940 адам ғана тұрады. Ал бүкіл округ бойынша тұрғындар саны 43700 адамды құрайды. Осы ретте Пхёнчхан мен арадағы уақыт айырымын да білгеннің зияны жоқ. Ол Астана уақытынан, мысалы, 4 сағат ілгері. Ал Мәскеумен арасын – 6, Берлинмен аралығын 8 сағат бөліп жатыр.
Әдетте, Олимпиялық ойындарда спорт сайыстары оның ресми ашылуынан бірер күн бұрын ойнала береді. Бұл жолы Пхёнчханда сондай сынақтар 8 ақпанда сарапқа түсіп кетті. Сол күні олимпиадашылар 1998 жылдан бері бағдарламада бар кёрлингтен жарыс көрігін қыздырды. Ал кеше ерлер мен әйелдердің фристайлдан могул бағдарламасы бойынша сайыстары өтті. Осы таласта біздің Юлия Галышева ерледі. Ол іріктеу қорытындыда 76,36 ұпаймен 7-орын алып, финалға шықты.
Ерлер арасындағы бәсекеде екі бірдей спортшымыз финалға жолдама алды. Атап айтқанда, Дмитрий Рейхерд 81,23 балл алып, үшінші орынға көтерілсе, Павел Колмаков 79,98 ұпаймен жетінші сатыға орналасты. Енді әйелдер медальдар үшін шайқасты 11 ақпанда өткізсе, ерлер ақтық айқасқа 12 ақпанда шығады.
Кеше сондай-ақ трамплиннен секіруден де жарыс өтіп, оған жерлесіміз Сергей Ткаченко қатысты. Біздің 18 жасар бағланымыз онда 90 метр­ге секіріп, 83,7 балл жинады. Нәтижесінде 51-орыннан көрінген спортшымыз келесі шешуші кезеңге өтуге таяқ тас­там жерде қалып қойды. Ал финалға алғашқы 50 орынды алған тарландар шықты. Енді ол 16 ақпанда үлкен трамплин жарысына қатысады.
Жалпы, Қазақстан аталмыш жаһандық жарысқа 46 атлет аттандырды. Олар спорт­тың 9 түрі бойынша 57 мәрте шайқасқа шығады. Алайда «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, біз олардың бәрінен жүлделі орындар күтіп отырған жоқпыз. Бірақ жоғарыда айтылған үш фристайлшының жүлделі орындардан көрінуге мүмкіндіктері бар екенін ашып айта аламыз. Мұның арғы жағында жарыс жолына енді шығатын тағы бір фристайлшымыз – Жанбота Алдабергенованың да тілеуін тілеп отырғанымыз рас. Сол сияқты мұның алдындағы Сочи Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған, содан сәл бұрын әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып үлгерген мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді бұл жолы да тұғыр төрінен күтетіндей ретіміз бар. Ересектер қатарына енді қосылған Элизабет Тұрсынбаеваның да алдыңғы саптан көрініп қалуы әбден ықтимал. Бұлардан басқа, тағы Айза Иманбек атты тағы бір жас мәнерлеп сырғанаушы бар.
Сосынғы бір айта кететін жайт, кеше әйелдер сайысына Юлиядан бөлек, біздің балғын үмітіміз – 16 жасар Аяулым Әміренова да қосылды. Ол қорытындыда 26-орынға тіреліп, финалға іліге алмады. Дегенмен оның 11 ақпан күні тағы бір іріктеу сайысына қатысып, бағын қайтара сынай алатын мүмкіндікке ие болып отыр.
Бұдан төрт жыл бұрын Юлия Галышева мен Жанбота Алдабергенова да биіктен көрініп, жүлделі орынға қол созым жерде қалып қойған болатын. Егер сәл ғана сәттілік қолдап әкет­кенде, олардың екеуінің де тұғырдан қол бұлғап тұратындай мүмкіндіктері бар-тын. Енді сол жолғы олқылықтардың орны осы ретте толтырылса жөн болар еді.
Еліміз құрамасының ең қалың шоғырын биатлоншылар ұстап тұр. Бұл командада қазақстандық 10 атлет еліміздің намысын қорғайды. Солардың арасынан жамағатта лидер атанып жүрген Галина Вишневскаяның медаль үшін таласуға мүмкіндігі мол. Мұндай үмітті шорт-трекшілер үздігі Абзал Әжғалиевтен де күтер едік. Биатлоншылар да, шорт-трекшілер де өздерінің алғашқы сынақтарын бүгін бас­тайды.
Біздің содан кейінгі бір көз қадап отырған бәсекеміз шаңғышылар жарысы болмақ. Онда соңғы жылдары алуан түрлі халықаралық жарыстарда оза шауып жүрген Алексей Полторанин бар. Ол бұл маусымда Италияда өткен «Тур де Ски» турнирінде керемет өнер көрсетіп, мамандар мен жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. Сондықтан жұрттың маңдайалды шаңғышымыздан табыс күтуі заңдылық болып табылады. Біз одан Сочиде де тап осылай үлкен үміт күткенбіз. Бірақ сол жолы оның айы оңынан туа қоймады.
Ал бүгін, 10 ақпан күні Олим­пиаданың ең алғашқы чемпиондары мен жүлдегерлерінің есімдері белгілі болады. Осы күні 5 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Олар әйелдер арасында биатлоннан 7,5 шақырымдық спринтінен, конькиден 3000 метр­ге жүгіруден, шаңғының 15 шақырымдық скиатлонынан, ерлердің К-98 бағдарламасы бойынша жекелей жарысы мен шорт-тректен 1500 метрлік са­йысынан тұрады.
Соңында сенсация есебіндегі бір жаңалық. Халықаралық олим­пиялық комитет өткен жылғы 5 желтоқсанда допинг жанжалына байланысты Ресей құрамасын Ойындарға қатыстырмау жөнін­де шешім қабылдаған еді. ХОК сонымен бірге тексеруден «таза» шыққан 169 ресейлік спортшыға бейтарап ту астында өнер көрсетуге арнайы шақыру жіберді. Ал Олимпиялық ойындар басталуға бір апта қалғанда, Швейцарияның Лозанна қаласындағы Спорт арбитражды соты Ресейдің 39 спортшысының апелляциялық шағымдарын қарап, олардың 28-ін қанағаттандырды. Сөйтіп, осынша спортшының Сочи Олимпиадасында жеңіп алған медальдары қайтарылып берілді. Сот 11 жағдайда үкімнің күшін жеңілдетіп, спорттан мәңгілік аластату жазасын алып тас­тады. Бірақ олардың медальдары қайтарылып берілмеді. Соның өзінде Ресей спортшылары Сочиде жеңіп алған командалық есептегі бірінші орнын сақтап қалды. Ал кеше CAS Ойындарға шақырту ал­маған ресейлік 47 спортшы мен 2 жаттықтырушының шағым­дарын қанағаттандырмай тас­тады. Соның өзінде бұл елден Олимпиадаға қазір 168 спортшы қатысып жатыр.
Сайысқа келушілер ара­сын­­дағы ең атақтысы Олим­пиаданың бес дүркін чемпионы германиялық конькиші Клаудия Пехштайн болып отыр. Осы ойындар кезінде 46 жасқа келгенін тойлайтын ол барлығы 9 медаль жеңіп алған екен.
Бір айтарлығы, Ойындар жарыстарына билет сату өте баяу қарқынмен жүруде. Бүгінге дейін олардағы 1,07 млн кіру билетінің тек 30 пайызы ғана сатылыпты. Корейлер билет сатып алуға аса құштар болып отырған жоқ. Бұған билеттің өте қымбат екені де себеп болып тұрған сияқты.

Серік ПІРНАЗАР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button