Сұхбат

Ләззат КӨККӨЗОВА, Халықаралық «Астана» экшн-фильмдер кинофестивалінің медиа директоры:АСТАНА ӨЗ СУПЕР КЕЙІПКЕРІН ІЗДЕЙДІ

Өткен аптада Тимур Бекмамбетовтың ІІІ халықаралық «Астана» экшн-фильмдер кинофестивалінің өтетіндігі ресми хабарланды. Биыл аталмыш кино көрме елордаға 3 мыңнан астам қонақтар мен қатысушыларды жинамақ. Осы ретте біз, кинофестивальдің медиа директоры Ләззат Көккөзоваға сауал жолдап, Тимур мен оның командасының биылғы фестивалға дайындығы туралы аз-кем мәлімет алдық.

– Бекмамбетов кинофестивалі жылдағы дәстүрден жаңылмай шілденің 1-3 аралығында Астанада өтеді. Салтанатты ашылуы 1 шілде күні Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Астана кезекті рет әлемдік кино майталмандарын, әйгілі актерлер мен режиссерлер, мәдениет және өнер қайраткерлерін, продюсерлер мен әлеуетті инвесторларды жинайды. Қатысушылар арасында Қазақстан, Жапония, Корея, Қытайдан 150 делегат, АҚШ, Еуропа, Ресей және Қазақстаннан 300-ден астам қонақ бар. Бас қаланың тұрғындары қонақтардың арасынан Доминик Купер, Владимир Меньшов, Алексей Петренко, Артем Ткаченко сынды атақты артистерді көре алады.

– Биылғы фестиваль несімен ерекшеленбек?

– «Астана» экшн-фестивалінің аясында алғаш рет жастарға арналған «ART FEST» байқауы өтеді.
– Бұл – жас таланттарды іздеуге және оларға қолдау көрсетуді діттеген байқау. Оған 200-ден астам жас режиссерлер, сценаристтер, операторлар мен аниматорлар өтініш берді. Осылардың ішінен іріктеуден өткендер фестивальдің үш күнінде «1 күн ішіндегі видео, комикстер, костюмдер, анимация» номинациялары бойынша «Астана супер кейіпкерін» жасау жөнінде өз идеяларын ортаға салады. Яғни, Астана өз супер кейіпкерін іздейді.

– Астананың супер кейіпкеріне қойылатын талап бар ма? Ол қандай болуы керек?

– Негізгі талап – қазақ халқының мәдениетін, Қазақстанның қазіргі елордасының рухын көрсететін бүгінгі күннің мүлдем жаңа кейіпкерін ойлап табу.

– Әйгілі әртістер мен режиссерлердің шеберлік класы өтетін-ді…

– Иә, ол да бар. Танымал кино мэтрлерінің қатысуымен 7 мастер-класс өтеді. Оның ішінде «Робин Гуд», «Граф Монте-Кристо» фильмдерін түсірген американдық режиссер және сценарист Кевин Рейнольдес бар. Бұдан бөлек биыл финалға шыққан 10 қатысушы арасында сценарийлер сайысы өтеді. Оның жеңімпазын Тимур Бекмамбетов өзінің арнайы сыйлығымен марапаттайды.

– Соңғы сұрақ. Кинофестивальдің бағдарламасы туралы айтып берсеңіз…

– Биылғы бағдарлама 16 фильмнен тұрады. Беташар фильмі –Т.Бекмамбетовтың «Президент Линкольн: вампирлер аңшысы». Гала премьера – Францияның белгілі режиссері Жюльен Леклерктің «Шабул» фильмі. Соңғы көрсетілім – Марк Уэббтің «Жаңа өрмекші адам» туындысы.
Сондай-ақ, үш күн бойы супер кейіпкерлік, әлемдік экшн, деректі экшн, Кевин Рейнольдс ретроспективасы және қазақ тіліндегі көрсетілімдер арнайы бөлімдері бойынша 13 фильм көрермен назарына ұсынылатын болады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әйгерім ЕСМАҒАНБЕТОВА,
ҚМУ студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button