Басты ақпарат

Лейла МАХАТ, суретші: АСТАНА АСПАНЫНА КӨЗ ТОЙМАЙДЫ

Бейбітшілік және келісім сарайында орын тепкен «Құланшы» қазіргі заман өнер орталығында есімі елге белгілі елордалық суретші Лейла Махаттың көрмесі ашылды. Қылқалам иесі Астана мен Венада салған соңғы бір жылдағы туындыларын паш етті. Картиналардың дені жеті қат көктің түрлі күйін бейнелеген. Суретшінің өзі көрмені «Аспан мен жер» атаған. Сырға толы суреттердің қалай туғанын автор аузынан естуге асықтық…

Лейла Махат

КӨРІНІСТЕН ТУҒАН СЕЗІМДІ БЕЙНЕЛЕЙМІН

– Бірден ойға келетін сұрақ: неліктен аспан?
– Саяхатшы жаңа мекенде түрлі қызықты байқайды. Көрікті жерлер, халықтың әдет-ғұрпы, сәулет ғимараттары. Адамдармен танысады, эмоция мен сезімдердің жаңа әлемін ашады. Ал менің қабылдауым өзгерек. Бала күнімнен жалғасқан қызық әдетім бар. Аспанды бақылау. Мен үшін жаңа елді, өзге қаланы қабылдауымның басты өлшемі – аспан. Телефонымда ғимараттардан гөрі аспанның мыңдаған фотографиялары бар. Оның биіктігі, түсі, тереңдігі… Бәрі маңызды. Неліктен екенін түсіндіре алмаймын.
– Түрлі-түсті аспан, қа­бат-қабат немесе ақша бұлт­тардан бөлек тауларды да жиі бейнелепсіз. Сізді ша­быттандырған қай жердің табиғаты?
– Мен ешқашан белгілі бір жердің пейзажын бейнелемеймін. Өйткені көрініс емес, сол көріністен туған сезімдерім есімде қалады. Яғни, алған әсерімнің суретін саламын. Сондықтан болар, фантасмагориялық туындылар шығады. Біреулер картиналарымнан Альпі тауын көрсе, біреулер Тянь-Шань дейді. Бірақ ол – менің ішімде өмір сүретін тылсым дүниелер.
Жалпы, өз көзіммен көрген өзен-көлдер мен таулар жер бетіндегі сұлулықтың 10 па­йызына да жетпейді. Анық білетінім, шетсіз-шексіз далаға, биік жартас пен телегей теңіз­дерге қарап табиғаттың орасан күшін ұғынатының сонша, құдды бір өзге әлемге есік ашқандай боласың. Әрбір жан табиғатпен етене байланысқан. Алайда адамдар күнделікті қар­балас тірлікке белшесінен батып, тіпті аспанға қарауды да ұмытып кетеді. Ал мен аспанға үнемі қараймын. Күн райын біліп, не киерімді таңдау үшін емес, өзімнің ғаламмен байланысымды сезу үшін көкке зер саламын. Кейде аяқ киімімді шешіп тастап, жалаң аяқ жер басуға құлшынысым қатты оянады. Өйткені жер бізді қуаттандырады.

kbb_9514
– Астана аспаны қандай?
– Астана аспанына қашан қарасаң да көз тоймайды. Құбылып тұрады, қозғалыс үстінде. Динамикалық аспан. Ұзақ уақыт бақылайтын мүмкіндігің болса, бақыттан басың айналады, сөзбен жеткізе алмайтын бізді қоршаған энерге­тикалық өрісті сезесің.

ОЯУ ЖҮРСЕМ ДЕ ОЯТҚЫШ ҚОЯМЫН

– Аңдар мен құстың сурет­терін көрдік. Картина­ларыңыз І, ІІ, ІІІ… деп жалғасады екен. Неге?
– Бұл – жай сандар емес. Серия. Мәселен, құстың суретін салдым. Сосын екінші құстың жетіспейтінін түсініп, келесісін бейнелеуге кірісемін. Оны бітіргенде басқа құсты салғым келеді. Тағы-тағы кете береді. Бұл тақырыпты толық қамтыдым дегенде ғана құстар топтамасын аяқтаймын. Бір-біріне ғашық қыз бен жігіт секілді, түсінесіз бе? Нақтыласам, тепе-теңдік. Картиналарым диптих не жұп боп келеді. Өйткені маған баланс сақтау ауадай қажет. Екі жағымнан бекітілмесем, алысқа ұшып кететін сияқтымын.
– Бір туындыға қанша уақы­тыңыз кетеді?
– Күніне осынша сағат кетеді деп айта алмаймын. Өйткені өнердің қалыптасқан тұрақты уақыты жоқ. Кейде қолың тез жүреді, кейде ұзақ отырасың. Тіпті, шеберханадан бас алмай сурет салатын кездер болады. Күн шығып тұр ма, түн болды ма, білмейсің. Сағаттан жаңыласың. Балаларды балабақша, мектептен алып кетуді ұмытпау үшін ондайда оятқышты қосып қоямын. Енді бірде өмірдің ағынына ілесіп, шеберханаға кіруге қол тимей кетеді. Бірақ сурет салудан неғұрлым алыстаған сайын сол жаққа соғұрлым асығып тұрамын.

АЛҒАШҚЫ БАЙЛАНЫС МАҢЫЗДЫ

– Көрермендердің реакциясына мән бересіз бе?
– Суретші үшін көрерменнің бағасы қашан да маңызды. Картиналарымды көріп, көз жасына ерік берген адамдар да болды. Таңданыстан болар, бәлкім, қысым сезген шығар. Көрермен не үшін жылағанын өзі де түсінбей қалады. Кейде жылы жымияды. Олардың реакциясын көздерінен-ақ танимын.

kbb_9490
– Өзіңіз кәсіби суретшісіз. Әріптестеріңіздің туындыларына қарапайым көрермен ретінде қарай аласыз ба? Әлде картинаның дұрыс-бұрыс­тығына назар аударасыз ба?
– Әрине, жұмыстың қалай орындалғанын, қандай бояу­лар қолданғанын, қағаздың сапасы, техникасына қараймын. Бірақ бұл – екінші контакт. Ал маңыздысы – алғашқы байланыс. Алыстан көрсең де, бірден өзіне тартып алатын суреттер болады. Сурет сені өзіне жақындатса – контакт орнады деген сөз. Яғни, еңбектің еш кетпегені. Көзіме оттай басылатын, бірден баурап алатын суреттерді бағалаймын.

ТІРІ ЖҮРГЕНІҢ МЕН ӨМІР СҮРГЕНІҢ…

– Өз жерімізде де, шетелде де көрмелер ұйымдастырасыз, белсенді түрде сурет саласыз, отбасыңыз бар, шәкірттерге сабақ бересіз. Бәріне қалай үлгересіз?
– Өткенді өзгерту мүмкін емес. Бірақ ертеңгі күн – бүгінгі қолыңда. Қазір адамның өмірін қоқысқа толтыратын қаншама керексіз дүние бар. Сондықтан әр адамның мақсат-міндеті айқын жолға қойылу керек. Біздің қолымыздан бәрі келеді. Бос жүрмей, бар күшін жинаса, кез келген адам сурет те салады, ән де шырқайды, би де билеп үйренеді. Бастысы, диваннан көтеріл, тұр, алға жүр. Оп-оңай.
Қатты қаласаң, бәріне үлгеруге болады. Уақытты тиімді жоспарлап, әліңді білсең жетеді. Табиғатымызда бәрі әу баста қаланған. Бірақ қабілетті ашу керек. Ал ол үшін ойлану керек, тырысу керек, жаңалыққа талпыну керек. Өмір қозғалыстан тұрады. Бір орында тұра берсең, несі өмір?! Ол – жай ғана тірі жүргенің, бірақ өмір сүргенің емес, меніңше…

Сұхбаттасқан:
Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button