Жаңалықтар

ЛОНДОННАН АСТАНАҒА ДЕЙІН: БҮКІЛӘЛЕМДІК КӨРМЕЛЕР ЖҮРІП ӨТКЕН ЖОЛ

Бүкіләлемдік көрмелер немесе ЭКСПО-ның алғаш рет қазығы қағылып, іргесі көтерілгеніне бір жарым ғасырдан астам уақыт өтті. Осы аралықта оның қажеттілігі де, тартымдылығы да анағұрлым арта түсті. Соның нәтижесінде жаһан жұрты оны маңызы мен мәні жағынан Олимпиялық ойындар мен футболдан әлем чемпионаттары дәрежесімен тең санайтындай күнге жетті.

«ЭКСПО» әмбебап көрмесі қашаннан әлемдік деңгейдегі осы саладағы ең үлкен де маңызды шара болып табылады. Қалалар мен елдер оны өткізу жолында кәдімгідей бәсекеге түсіп, өзара күрес жүргізеді. ЭКСПО көрмелері әртүрлі елдер өкілдерінің пікірталас жүргізіп, ой бөлісетін, сонымен бірге, өзара жарысқа түсетін халықаралық аренасы болып табылады. Тап осы көрмелерде олар өз елдерінде болып жатқан экономикалық және мәдени өзгерістерді, даму бағыттарын, жоспарлары мен талпыныстарын шығармашылық тұрғыда көрсетіп, жалпақ жаһанға таныстыра алады.

Бірінші Бүкіләлемдік көрме мемлекет қайраткері, кәсіпкер және дизайнер Генри Коул мен ханзада Альберттің бастамалары бойынша 1851 жылы Лондондағы Гайд-паркте қанат жайды. Ол «Барлық халық ұлы іс – адамзатты жетілдіру жолында жұмыс жасасын» деген ұранның аясында өтті. Көрменің басты көрікті орны Джозеф Пакстон темір мен әйнекті араластыра отырып салып шыққан Хрусталь сарай болды. Ғимарат «алтын ғасыр» деген ұғымды білдірді. Сарайдың ішіндегі экспонаттар жанындағы басты жүру жолының екі жағынан ағаштар мен мүсіндер қатарласа бой көтерді. Көрме жабылғаннан кейін ғимарат жаңа паркке көшірілді. Бірақ ол 1936 жылы болған өрттің салдарынан түгел жанып кетті.
Көрменің жалпы ауданы 10,5 гектар жерді жайлады. Соның ішінде 7,2 га алапты Хрусталь сарай алып жатты. Шара, негізінен, осы ғимараттың ішінде өткізілді. Көрмеге әлемнің 25 мемлекеті мен Британияның 25 отар елінен өкілдер келді. Олардың саны 6 039 205 адамға жетті. Бұдан кейінгі жылдары ірі қалаларда темір мен әйнектің қоспасынан осындай ғимараттар салып, оларға оқыр­ман залдарын, пассаждар, күмбезді галерея­лар орналастыру дәстүрге айналды. Кейін көрменің халықаралық нормативті актілерге сәйкес міндетті мезіретіне айналатын қағидаттары, міне, тап осы кезде жасала бастады. Ондағы басты мақсат ең жаңа ғылыми-техникалық жаңалықтарды, даму перспективаларын, сондай-ақ қатысушы-елдердің тарихын, дәстүрлері мен мәдениетін келушілерге таныстыру болды.

Лондондағы Бүкіләлемдік жәрмеңкеде әлемнің әртүрлі елдері 13 мың түрлі экспонаттан тұратын өнеркәсіп бұйымдарын әкелді. Олардың арасында алғашқы бу двигательдерінің модельдерінен бастап, жылдам жүретін кеме мен кран, сондай-ақ астық оратын машинаға дейін болды. Британия астанасындағы ұлы көрменің табысы да бас айналдыратындай биікке көтерілді. Ұйымдастырушылар мұнда 186 мың фунт мөлшерінде таза пайда тапты. Бұл қаржыға Лондонда сосын Ғылыми және көркемсурет орталығы салынды. Осының негізінде Виктория мен Альберт музейі, Ғылым музейі, Табиғат пен тарих музейі жасалды.

Бұдан бөлек, бұл қаржының бір бөлігі елде ғылым мен өнерді дамытуға ықпал жасайтын қорды ұйымдастыруға жұмсалды. Алғашқы көрменің тап осындай жетістіктері әлемдегі көптеген елдердің өздерінде осындай шара өткізуге деген құштарлықтарын туғызды.
Алғашқы шараның тола­йым табыспен өткені сондай, бірден оны қайталап өткізуге шешім қабылданды. Сөйтіп, екінші Бүкіләлемдік көрме 1855 жылы Наполеон III-нің бұйрығымен Парижде ұйымдастырылды. Осы тұста көрмені бір ғимаратта өткізу тұжырымы ескіріп, ол алаңдарға қарай ойысты. Сөйтіп, халықаралық көрме қалашықтары пайда болады. 1862 жылғы үшінші форум тағы Лондонда өріс алды. Ал 1867 жылы Парижде керуен керген кезекті көрмеде тарихта бірінші рет қатысушы-елдердің арнайы салынған ұлттық павильондарға орналасу жүйесі қалыптасты. Осыдан кейін француз астанасы ұзақ уақыт жаһандық көрменің орталығына айналды.

Онда 1889 жылы ұйымдастырылған көрме қарсаңында атақты Эйфель мұнарасы қатарға қосылды. 1893 жылғы Чикагодағы «Ақ қала» осындай қалалардың алғашқы қарлығашы болды. Көрмелерді бұлай ұйымдас­тыру салынған нысандарды келешекте де пайдалануға мүмкіндік берді: экспозиция­лар көлдің айналасындағы ареналар мен салаларда орналасты. Парижде 1900 жылғы Бүкіләлемдік көрмеге XIX ғасырдың өн бойындағы рекордтық көрсеткіш жасалып, оған 51 миллионнан астам адамның келгені тіркелді.

1939 жылы Нью-Йоркте алғаш рет телевидение саласында RCA жетістіктері көрсетіліп, алғашқы су турбинасы ұсынылды. Осы кезден бастап көрменің сыр-сипаты бастапқы қалпындағы мазмұнын өзгерте бастады. Ол енді қоғамның жарқын болашағы үшін керекті нақтырақ мәдени тақырыптарды таңдап алатын болды. Көрмелер инновация алмасу мақсатында мәдениет аралық қарым-қатынастың белсенді бола түсуіне зор қолдау көрсетуге көшті. 1958 жылы Брюссель Атомиумы, Фуллера геодезиялық күмбезі пайда болды. 1962 жылғы Сиэтлдегі көрме «Ғарыш дәуіріндегі адам» деген атпен өтті. Бүкіләлемдік көрмелер біртіндеп көңіл көтеру мен демалыстың мекеніне айналды. Соның арқасында 1967 жылы Монреальда «Ла Ронд» паркі пайда болды. 1970 жылғы Осакадағы EXPO-да Жапония өзін жаңа әлемдік держава деп жария­лады.

Әлемде 70-жылдарда орын алған мұнай дағдары­сы қоршаған орта мен энергоресурс мәселелерін қайта зерделеуге мәжбүр етті. Әлем екі полярлы болудан қалды, 90-жылдар үміт пен оптимизм сезінген кезең болды. Орталық пен шалғай арасында өзара әрекеттесудің жаңа нысандары бой көрсетіп, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы алшақтық қысқарып, БҰҰ-ның халықтар форумы ретіндегі рөлі күшейді, халықаралық қатынастар көптараптық сипат алды. 2000 жылы Ганноверде «Адамзат, табиғат және технологиялар», 2005 жылы Айтиде «Табиғат даналығы», 2008 жылы Сарагосада «Су және көңілге қонымды даму», 2010 жылы Шанхайда «Жақсы қала – жақсы өмір», 2015 жылы Миланда «Планетаны тамақтандыру, өмірге арналған энергия» ұрандары көтерілді.

Енді Астанада «Болашақ­тың энергиясы» насихат­талғалы отыр. Қазақ­стан бұған дейін 4 рет Бүкіл­әлемдік әмбебап көрмесінде өз павильонын жасады. Еліміз оларда өз павильонын мәдениет пен ғылымдағы, бизнес пен туризмдегі дәстүрлерге және инновацияларға сәйкес құрды.

Жаһанда бұған дейін өткізілген Бүкіләлемдік көрмелердің адамзат баласының өмір сүру дағдысын жеңілдете түсу үшін әкелген жаңалықтары мен жетістіктері аз болған жоқ. Мысалы, 1876 жылы Филадельфияда тұңғыш телефон аппараты таныстырылса, 1878 жылы Парижде фонографтың жасалып шыққаны белгілі болды. 1893 жылы Чикагода айналаны шолу дөңгелегі өмірге келсе, 1991 жылы Буффалода рентген аппараты алға шығарылды. Ал 1970 жылы Осака қаласында тұңғыш ұялы телефонның алғашқы нұсқасы және ұялы байланыс технология­сы ұсынылса, 1982 жылы Ноксвиллде сенсорлы экран көрсетілді.

      Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, тарих ғылымдарының докторы: «ЭКСПО-2017» – ЕЛБАСЫНЫҢ ИДЕЯСЫ

bez-imeni-9

Мемлекет басшысы бірінші рет ЭКСПО-ны өткізу идеясын 2008 жылы Испания қаласы Сарагосада өткен көрмеге барғанда ойына алды. 2010 жылы Қазақстанның шақыруымен біздің елордамызға Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес келіп кетті. Біздің еліміз 2011 жылы көрмені өткізуге өтінім жасады. Бізбен бірге бельгиялық Льеж, канадалық Эдмон­тон, француздық Лилль қалалары да өз өтінімдерін берді. Көп кешікпей соңғы екі қала өз еркімен бас тартты да, біздің басты қарсыласымыз ретінде бельгиялықтар қалды. Соңғысының біздің елге қарағанда көптеген артықшылықтары бар еді. Олардың дәстүрлі түрде дипломатиясы мықты болды. Олардың түрлі көрме, форум, симпозиумдарды өткізуде де тәжірибесі мол еді.2012 жылдың 22 қарашасында көрмелер бюросының штаб-пәтері орналасқан Парижде, жасырын дауыс берудің нәтижесінде, Қазақстан жеңімпаз атанды. Біз үшін 103 дауыс берілді.

Астанада өтетін көрмеде барлық мемлекеттердің өздерінің үздік инновациялық, технологиялық, ғылыми және мәдени жетістіктерін көрсетуге мүмкіндіктері болады. Қазақстанның ТМД кеңістігінде ЭКСПО-ны өткізу құқығын бірінші болып иеленуі кездейсоқтық емес. Біріншіден, әлем біздің елордамыз бен мемлекетімізді ТМД-да ең үздік деп таныды. Екіншіден, әлемдегі бейбітшілік сүйгіш бастамалардың бас­тамашысы болып табылатын біздің Елбасымыздың беделі өте жоғары еді. Үшіншіден, біздің ел адамзат үшін ең бір өзекті мәселенің бірі «Болашақтың қуаты» тақырыбын ұсына алды. Бұл үш айға созылатын арнайы мамандандырылған көрме болады және барлық павильондарды Қазақстан тұрғызады.

Осы шараның ұтымды тұстарының бірі ол Астанаға және оның маңайындағы жерлерге 2 миллионнан астам туристер келеді, ал мұның өзі еліміздің имиджіне оң әсерін тигізеді. Қазақстан энергетика саласындағы жаңа технологияларға ие бола алады. Қазақстанның әлемде одан әрі танымал болатыны да маңызды. Елге жаңа инвестицияларды тартудың маңызы да жоқ емес. Бүкіл әлемнен шағын және орта бизнес осында ағылады. «ЭКСПО-2017» ­болашақтағы және жалпыәлемдік сипаттағы ықтимал іс-шаралардың алаңына айналады. Көрменің өтуін дағдарысқа қарсы жоба деп қарауға да болады.
Көрме аясында концерттер, таныстырылымдар, цирктік шоу өткізіліп, Астана туралы кітаптар шығарылады және келетін туристер үшін Қазақстан туралы сайт әзірленеді. Басқа облыстарда да туризмді дамытуға қатыс­ты мәселелер ойластырылуда. Имидждік спорттық жарыстар, соның ішінде бокс және ұлттық күрес бойынша турнирлер қатарының өткізілуі де күтілуде.

2015 жылғы жиналыстардың бірінде Мемлекет басшысы осы көрменің маңыздылығы туралы: «Бұл – Қазақстанды бүкіл әлемге көрсететін, біздің еліміздің мүмкіндіктерін байқатуға мүмкіндік беретін басты жоба» деп ерекше атап өтті.

Сондықтан да ТМД-да алғашқы рет өткелі тұрған мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің сәтті болуы әрбір астаналық тұрғынның және еліміздің әр азаматының белсенді қатысуына байланысты болады. Біз осы шараның өтуіне тек қана жеке үлесімізді қосып қана қоймай, сонымен қатар, өзімізді білімді, мәдениетті, тәрбиелі, ықыласты, заңға бас иетін, толерантты, қонақжай халық ретінде көрсетуіміз керек. Қазақта «қонақ аз отырып, көп сынайды» деген мақал бар. Біз сырттан келген адамды «құдайы қонақ» деп қабылдаған өзіміздің қонақжай ата-бабаларымыздың атына лайықты болуымыз керек.

Сәкен МАЙЛЫБАЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button