Лордтар палатасының мүшесі дәріс оқыды
Ұлыбритания Лордтар палатасының мүшесі, оңалту және пробация жөніндегі лордтар спикері Майк Герман Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне дәріс оқыды, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Лорд Майк Герман өзінің саясаткер ретінде қалыптасу жолына тоқталып, Қазақстан туралы әсерімен, білім берудің маңыздылығы туралы ойларымен бөлісті.
«Саясаткердің міндеті – қоғам өмірін жақсарту. Менің міндетім – заңдарды құру және өзгерту, азаматтардың салықтары есебінен қалыптасатын еліміздің бюджеті қалай жұмсалатынын шешу және сайып келгенде, халықтың өмірін қалай жақсарту керегін шешу», – деп атап өтті спикер.
Ұлыбритания Лордтар палатасының мүшесі Қазақстанға сапары кезінде алған әсерлерімен бөлісті.
«Дүниежүзілік тарихта Шығыс пен Батыс арасындағы байланыстар Жібек жолы арқылы жүзеге асқаны белгілі. Сіздердің елдеріңіздің тарихы адамдардың, тауарлар мен қызметтердің Шығыс пен Батыс арасындағы қозғалысына негізделген. Жібек жолы бүгінде де өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Бұл тұрғыда сіздердің артықшылықтарыңыз – екі жақты байланыстыру қабілетіңізде жатыр. Біздің қарым-қатынасымызды нығайту аса маңызды деп санаймын», – деді.
Лорд Майк Герман жастарға арнаған сөзінде оларды тек білімді меңгеріп қана қоймай, стратегиялық және сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамыта отырып, оны қолдана білуге шақырды. Ол сондай-ақ Қазақстан жастарының ел болашағын айқындайтын шешімдер қабылдау үшін көзқарасы мен қажетті дағдылары болуы тиіс екенін айтты.
Сонымен қатар қонақ студенттердің пробация қызметі, Орталық Азия елдерінің әлеуеті, Ұлыбританияның ғылыми басымдықтары туралы сұрақтарына жауап беріп, табысты саясаткер болу туралы кеңестермен бөлісті.
Жиын соңында ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов Ұлыбританияның Лордтар палатасының мүшесі Майк Германға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Құрметті профессоры атағын беру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.