Қала мен Сала

LRT: маңызы неде, межесі қашан?

«Астана LRT». Бұл – елордалықтардың ғана емес, елдің назарындағы мәселе. Қаңырап тұрған құрылысқа қашан қан жүгіреді? 2005 жылдары басталған жобаға қашан нүкте қойылады? Осылай алаңдап жүргенде шаһардың мэрі Алтай Көлгінов LRT құрылысы жалғасатынын айтты. Бір емес, бірнеше жерде баяндады.

Халықаралық қоғамдық көліктер одағының (UITP) мәліметінше, LRT қазір өте қауіпсіз көлік ретінде дамуда. LRT желісі 53 елдегі 388 қалада күніне 45 миллион жолаушы тасымалдайды.

ХХ ғасырдың 80-жылдары қауіпсіз көлік қатынасын құру және көлік кептелісін азайту мақсатында Еуропа мен Солтүстік Америкада LRT жобасы басталды. ХХІ ғасырдың басында Таяу Шығыста, Азия-Тынық мұхиты мен Африкада да пайда болды. Сөйтіп, әлемде 70 жаңа LRT жүйесі ашылды. Оның ішінде, Рио-де-Жанейро, Циндао, Канзас-Сити, Сиэтл және Вашингтон қаласындағы көлік магистралын ерекше атауға болады. 2014 жылы Латын Америкасында Меделлин (Колумбия) және Сан Висенте мен Сантос (Бразилия) қаласын байланыстыратын жол ашылды.

2005 жылдары Астанада негізі қаланған LRT жобасы бас қаланың ажарын кетіріп, сиқын қашырып тұр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Себебі оны жай ғана бұза салу уақыт пен ақшаны жоғалтуды білдіреді. Демек, отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді шақырып, жобаны іске асырудың ықтимал нұсқаларын анықтаудан басқа жол жоқ» деп ескерткеннен кейін қала билігі құрылыс­ты қайта жандандыруға кірісті.

Бүгінде әуежайдан М3 көпіріне дейін 104-105 станция учаскесінде 40 құрама арқалық орнатылды. 2022 жылы арқалықтарды, 102-103 станциясының аралығында грильдерді, 113-114 станциясы аралығында қадаларды монтаждау көзделуде. 2023 жылы учаскелер бойынша темірбетон конструкцияларын жүргізу, инженерлік желілерді шығару және М3 көпірінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Басталған жұмыс аяқ­талуы керек. Бір жылдан астам уақыт бойы екінші деңгейлі банктермен тиісті талқылау жүргізудің нәтижесінде жоба жанданып келеді.

Бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов LRT-ны бизнес-жоба ретінде қарастыруға болмайтынын, өйткені ол ешқандай табыс әкелмейтінін атап өткен еді.

– Бұл құрылысқа көп ақша жұмсалды, бірақ, өкінішке қарай, жоба аяқталған жоқ. LRT табыс әкелмейді. Бұл – субсидиялауды қажет ететін қоғамдық көлік түрі. Оны бизнес-жоба ретінде қарастыруға болмайды. Құрылыстан экономикалық пайда жоқ, бірақ әлеуметтік пайда болады. ЛРТ қаланың көлік кептелістерін жояды, – деді әкім.

Қала басшысы Алтай Көлгіновтің сөзінше, бетон тіректердің сапасы жақсы, енді жобаны аяқтау маңызды.

«Бетон тіректері өте сапалы. Әрқайсысының салмағы, шамамен – 200-220 тонна, олар арматураланған, темірбетон және бетон бренді өте жоғары. Сапаны мамандар тексереді. Техникалық, авторлық бақылаулар бірнеше рет жүргізілді. Бүгінгі таңдағы басты мәселе – бұл жобаны аяқтауымыз керек» деді Алтай Көлгінов.

LRT не үшін керек? Біріншіден, Астананың әкімшілік аумағы кеңейіп, қала халқының саны артып келеді. Екіншіден, көшелерде көлік кептелісі көбейіп, жол қозғалысында қиындықтар туындай бастады. Міне, осы мәселелерді шешудің негізгі тетігі болады. Сондықтан оны жалғастыру үшін осындай факторлар ескерілетіні анық.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button