Басты ақпарат

LRT құрылысы: Бұзғаннан салған тиімді

Елордадағы LRT-ның ертеңі не болмақ? Құрылыс жұмысы қайта жалғаса ма, әлде бұзыла ма? Осы және қаланың тұрғын үй құрылысы, мектеп салу, жол сапасы, сондай-ақ тағы басқа өзекті мәселелер туралы қала әкімі Алтай Көлгінов толық мәлімет берді. Он жылдан бері елорда жұртшылығының ғана емес, еліміздің назарындағы басты мәселеге айналған LRT құрылысы жалғасын таба ма? Оған қаржы қайдан бөлініп, алып құрылыс қанша уақытта салынып бітеді? Осы және қаланың тұрғын үй құрылысы, мектеп салу, жол сапасы және тағы басқа өзекті мәселелері туралы Baige News порталының «2022» жобасында қонақта болған Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов айтып берді.

[smartslider3 slider=3354]

Болашағы не болады?

Әкімнің айтуынша, «сақалды» құрылыстың болашағы туралы Урбанистика орталығы еліміздегі және шетелдік көлік саласындағы сарапшылардан барлығы 400-ден астам ұсыныс жинаған. Азаматтардың 51 пайыздан астамы құрылыстың жалғасқанын қаласа, 42 пайызы жобаның өзге альтернативада жасалғанын, салынғанын қолдайды. Ал 7 пайызы құрылыс­ты толық сүріп тастау қажет дейді. Жобаның ендігі тағдыры не болады деп талқылағанда, бірнеше нұсқа қарастырылған.

«Оның ішінде осы нысандарды бұзып, орнын тазарту идеясы да болды. Бірақ қалада әрқайсысы 220 тонналық 500-ден астам бағана бар. Оны толық сүріп тастау үшін шамамен 20 млрд теңге қажет. Сосын келесі нұсқа урбанистикалық жобаны қарастырып көрмек болдық, яғни жаяу жүргіншілер немесе велосипед жүретін қоғамдық кеңістіктер түрінде жасау туралы айтылды. Бірақ бұған да тым көп қаржы кететіні белгілі болды әрі жоба бойын­ша барлық желі ұзындығын қамти алмайтын болдық. Оның үстіне елордада жылы маусым тым аз екенін ескерсек, бұл тиімсіз еді. Келесі нұсқа көліктің баламалы түрін, мәселен, эстакадада электр автобусын жүргізу туралы көзделді әрі ол экологиялық көлік түріне жататын. Бірақ халықаралық деңгейде жасалған келісімшарт бойынша қытайлық әріптестер бұған қарсы болып, бастапқы жобада инженерлік конструкция жеңіл рельсті көлік түріне арнап жасалғанын алға тартты. Сондықтан бюджеттен көп қаржы жұмсалғанын ескере келе, сүріп тастағаннан гөрі LRT құрылысын толық аяқтау ойға қонымды деп шештік. Дегенмен үнемдеуге тура келеді. Бастапқыда жобаны толық аяқтауға 1 млрд доллардан астам ақша қажет болатын. Ал біз шығындарды қысқарту арқылы құрылысты аяқтауға 577 млн доллар қажет деп отырмыз» деді елорда әкімі.

Жоба аясында алғашында жеңіл рельс үстіндегі көлік желісі бойында 18 станса салу көзделсе, оны қысқарта келе 8 станса салынатын болды, дегенмен болашақта станса санын көбейту үшін орын қалдырылады. Желі әуежайдан бастап Қабанбай батыр даңғылын бойлай, Сығанақ көшесінен оңға бұрыла, «Мыңжылдық» аллеясын басып өтіп, «Нұрлы жол» вокзалына дейінгі аралықты қамтиды. Ұзындығы 22 шақырымды құрайды. Әкімнің сөзінше, осы жолда бастапқыда 19 жылжымалы құрам жүргізу көзделген, оңтайландырғаннан кейін оны 5 құрамға қысқартқан. Әр құрамға жалпы саны 600 адам сыятын 4 вагон жалғанады. Олардың аралығындағы уақыт 15 минуттан болады деп жоспарланып отыр.

– LRT – негізі, болашақтың құрылысы. Оны жалғастыру туралы шешімге келерде қала халқының қарқынды өсу динамикасы ескерілді. Қазір қаланың басты көшелеріндегі негізгі магистрал­дарда, мәселен, Қосшыдан қалаға кіреберісте, Қабанбай батыр, Тұран даңғылы бойында, Сығанақ, Түркістан көшелерінде кептеліс көп, сондықтан бұл көлік түрінің қажеті зор, – деді әкім.

Қаржы көзі қарастырылуда

Жобаның құрылысын жалғастыру бойынша соңғы екі жылда халықаралық және ішкі банктермен жүргізілген келіссөздер нәтиже бермей, олар мемлекеттік деңгейде кепілдеме берілгеннің өзінде келісім бермеген. Сол себептен қазіргі таңда қаржыландыру көзін табу ең басты мәселе болып тұр. Сондықтан тек бюджеттен қаржыландыру жолы ғана қалып тұр, бәрібір бұрынғы несиелер бюджеттен пайызбен қайтарылуда.

Алдын ала есеп бойынша LRT жобасын субсидиялау жылына 3 млрд теңгеге шығады, салыстырмалы түрде айтар болсақ, елордада қоғамдық көлікті субсидиялауға жыл сайын жергілікті бюджеттен 13 миллиард теңге бөлінеді. Бастапқы есеп бойынша жеңіл рельс үстіндегі көлікті күніне 25-30 мың адам пайдаланады деп жоспарлануда, ал автобусқа күн сайын 700 мың адам мінеді.

– Бюджеттен қаржы бөлу мәселесі Үкімет, тиісті министрліктер деңгейінде талқыланды. Енді қаржы бөлінсе болды, қытайлық консорциум жоба құрылысын 2 жылда аяқтау­ға уәде етіп отыр. Бұдан әрі қаржыландыру мәселесін соза беруге болмайды. Себебі ондай жағдайда, яғни келісімшартты бұзған жағдайда, халықаралық әріптестер халықаралық арбитраж­ға шықпақ. Ал бізге бұл тиімді емес, – деді әкім.

Одан әрі әкім үлескерлер мәселесіне тоқталды. 2019 жылы елордада 16 мыңнан астам үлес­кер отбасы болды, бұл – 150-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені деген сөз. Олардың көбінде жобалық-сметалық құжаттар, қаржы аудиттері, техникалық тексеру болмаған. Әкімдік әрбір «сақалды» құрылыс бойынша қадамдық жоспар жасалып, соның нәтижесінде 13 мың үлескер отбасының мәселесі шешілген. Қалған 3 мың отбасының мәселесі биыл және 2023 жылы шешімін таппақ.

Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Тұрғын үй құрылысы елордада қарқынды жүргізіліп келе жатқанын айтқан әкім 2019 жылы 1 млн 700 мың шаршы метр тұрғын үй салынғанын жеткізді. 2020 жылы 3 млн шаршы метр, өткен жылы 3 млн 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Осылайша қалада құрылыс индустриясы дамып жатқаны қуантады. Дегенмен полиорталық жүйесін сақтау мақсатында бас жоспарға егжей-тегжейлі жоспарлау аясында түзетулер енгізілуде. Сол бойынша әрбір шағын аудандағы жаңа құрылыс алаңында өз мектебі, балабақшасы, емханасы болуы керек. Бас жоспарда осы талаптар ескерілуі керек. Құрылыс компаниялары үй салу барысында тұрғындар құқығын бұзбауы қажет.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елордада қолжетімді тұрғын үй құрылысы көлемі 5 есе көбейтілді. Мәселен, 2018 жылы – 1100 пәтер, 2019 жылы – 2900 пәтер, 2020 жылы – 7000 пәтер, 2021 жылы шамамен 10000 пәтер пайдалануға берілді. Мұндай көлемдегі үйлерді бюджет қаржысына қысқа мерзімде салу мүмкін емес, сондықтан әкім бұған басқа да мемлекеттік органдармен бірге қосымша тетіктері әзірленгенін жеткізді. Мәселен, жастарға арналған «Елорда жастары» бағдарламасы іске қосылды.

«Елордада шамамен 50 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың көбі – әлеуметтік осал топтар. Бұл кезектегі азаматтар санының жыл сайын артуын ескере келе, біз қолжетімді тұрғын үй құрылысы көлемін арттыру бойынша шара қабылдаймыз. Кезектегі халық санын азайту үшін жылына 10 мың пәтер салу көзделеді. Бұл ретте «7-20-25» және «Бақытты отбасы» бағдарламаларының да көмегі көп» дейді әкім.

Орташа жөндеу әр он жыл сайын, күрделі жөндеу одан да көп мерзім ішінде жүргізіледі. Ал елордада климаттық ерекшеліктерге байланысты ағымдағы жөндеу жиі жасалады.

«Су тас теседі. Біздегі ауа райы үнемі жауын-шашынды болғандықтан, жолдар сапасы тез нашарлайды. Бір жерде тесік пайда болса бітті, тасжол бүлінеді. Мамандардың айтуынша, бізде битум сапасы да сапаны жақсартуды қажет етеді. Жұмыс сапасы да маңызды. Соңғы үш жылда 300-ден аса көшені жөндедік. Биыл 100-ден астам көшені жөндеу жоспарланған» дейді А.Көлгінов.

Жыл сайын 10-15 мектеп салынады

Әкімнің айтуынша, бірнеше жыл бұрын тұрғындардан Кіші және Үлкен Талдыкөлден жағымсыз иіс шығады деген шағым түскен.

«Судың көп бөлігі нөсер кәріздерінен жиналады және ол тазаланбаған, содан нашар иіс шыға бастаған. Сосын ­кәріз-тазарту құрылғыларын салдық, қазір бұл сулар Талды­көлге емес, өзенге ағады. Сондықтан көлдегі су көлемі 8 есе азайып қалды. Осыған байланысты біз судың бір бөлігін қалдыруды жөн көрдік, әйтпесе көл суы болашақта құрғап кетуі мүмкін» деді әкім.

Ол сондай-ақ Кіші Талдыкөл су нысандарының бір бөлігі бұрын жерасты көзімен келгенін, ал сол жағалау салынғанда көп жерасты көзі көміліп қалғанын жеткізді. Сондықтан нөсер жауын қазіргі жалғыз су көзі болып отыр. Бірақ ол барлық су нысандарының қажеттілігін жаппайды.

Жыл сайын елордада мектеп көптеп салынғанмен, әлі де білім ошақтары нысандарына қажеттілік бар. 10 жыл бұрын қалада мектеп жасындағы 75 мың бала болса, былтыр олардың саны 220 мыңнан асты. 2018 жылы елордада 4 мектеп салынса, 2019 жылы 6 мектеп, 2020 жылы 11 мектеп, былтыр 16 білім ошағы салынды. Осылайша 8 үш ауысымды мектеп төртеуге азайды. 24 аса тығыз мектептер саны 14-ке түсті.

«Егер біз осы қарқыннан бір жыл болса да кеш қалсақ, бұл сан қайта қалпына келетін болады. Ал бұл тікелей білім сапасына әсер етеді. Себебі қалада жыл сайын мектеп жасындағы балалар саны арта береді. Сондықтан салынатын мектептер санын көбейте түсуіміз керек» деп атап өтті қала әкімі. Осылайша жыл сайын елордада 10-15 мектеп салу көзделіп отыр. Биыл 16 нысанның құрылысы жүргізілуде, 11 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға бермек.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button