Басты ақпаратҚала мен сала

LRT құрылысы қарқынды

Жемқорлық жобасы атанып, соңғы екі жылда құрылысына қайта жан біткен елордадағы LRT қазіргі таңда бір мезгілде бірнеше жерден салына отырып, қарқынды жүзеге асырылуда. Құрылыс басында болып қайтқан әріптестер де, қала ортасын көктей өтетін алып көлік нысанының жанында тұратын тұрғындар да соған куә болып жүр.

Жалпы бұл жобаның елордада басталғанына 20 жылға жуықтады. Заманауи көлік жүйесін салу туралы Астанада 2005 жылы-ақ айтыла бастаған, ал құрылысы 2011 жылы басталған болатын. Бастапқы жобасы бойынша оның құрылысы 2019 жылдың 31 желтоқсанында аяқталып, 2020 жылы жазда іске қосылуы керек еді. Сол кездегі оның құны 1 миллиард 888 миллион долларды құрап, желінің жалпы ұзындығы 22,4 км болады деп көзделген.

Жақында City Transportation System (CTS) мекемесі «жоба бойынша қарастырылған, жеңіл рельсті көліктің эстакадалық жолдарының барлық 799 бағанасы салынып бітті» деп мәлімдеді. Оның жұмысына 2,5 мың адам жұмылдырылған. Оларды құю үшін 53,7 мың текше метр бетон, 42 мың тонна арматура жұмсалған. Әр бағананың төменгі жағының ені 2-2,4 метр болса, жоғарғы бөлігінің ені – 6,8 метр. Ал биіктігі – 5-18 метр аралығында. Бір бағананың орташа салмағы 200 тоннаға жетеді. Аталған компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба бойынша құрылыстың эстакадалық бөлігінің бәрі биыл жыл соңына дейін 100 пайыз аяқталады.

Қазіргі таңда құрылыс-дәнекерлеу жұмыстары LRT желісінің әуежайдан бастап жаңа теміржол вокзалына дейінгі аралықтағы бірнеше көшедегі барлық телімдерінде жүргізілуде. Арыс көпірінен бастап Мәңгілік ел даңғылына дейінгі аралықтағы Сығанақ көшесіндегі телім бойынша 13 қазанға дейін жолдар жабылып, аталған көпірде қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізілді.  Бұл ретте Сығанақ көшесі бойынша екі жаққа да қозғалыс ашық қалып отыр. CTS деректеріне сәйкес 2024 жылы барлық эстакадалық бөлімінің және әуежай жақтағы 101 стансасының қас бет бөлігін ішінара аяқтау арқылы стансаның негізгі темірбетон конструкциясын салып біту, сонымен қатар рельстер мен бағыттама бұрмаларын салып бастау жоспарланып отыр.

Жоба құрылысы қыста да тоқтамайды, ол кезде келесі маусымға дайындық жұмыс­тары жүргізіледі. Бұған дейін стансалардың бірі тікелей Abu Dhabi Plaza ғимаратымен бірігіп кететіні айтылған. Қазір сол тұстағы жүріп жатқан қарқынды құрылыс жұмыстары да соның айғағы. 2025 жылы рельс төсеу, белгі беру және байланыс жүйе­сін баптау, стансалардың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізу және құрамдарды қоятын депо салуды қоса алғанда жолдың жоғарғы бөлігінің құрылысын толықтай аяқтау көзделуде. Жоба тұрақты қаржыландырар болса LRT құрылысын келесі жылы аяқтап, 2026 жылы іске қосу міндеті тұр.

«Жүзеге асыру мерзімінде өзгерістер жоқ» екенін CTS компаниясы өкілдері атап өтті. Қаржыландыру үшін қосымша қаржы тартылмаған, себебі қосымша мердігерлер тартуға қажеттілік жоқ. Бұған дейін қала әкімі Жеңіс Қасымбек халықпен кездесуінде стансалардың бәрінде қауіпсіздіктің жоғары стандарты сақталатынын айтқан. Әкім биыл 3 станса құрылысын аяқтау жоспарланғанын жеткізді.

Астанадағы LRT – бұл қаладағы мобильділікті жақсартуға бағытталып,  заманауи қоғамдық көлік жүйесін құруға арналған ірі инфрақұрылымдық жоба. LRT жүйесі – жылдам рельс көлігі, ол әуежайды, жаңа теміржол вокзалын, іскерлік орталықтарды, халық қалың шоғырланған көшелерді қоса алғанда елорданың ең басты аудандарын біріктіреді. Сонымен қатар ол көлік кептелісін және ауаның ластануын азайтуға бағыттала отырып, автомобиль көлігіне балама ретінде ұсынылады. Жобаға сәйкес LRT бойынша ауқымды жолаушылар легін тасымалдауға есептелген заманауи вагондар қолданылады. Көлік бөлінген рельстер бойынша жүріп, жоғары қозғалыс жылдамдығы мен тұрақты қозғалыс­ты қамтамасыз етеді. Жүйеде қаланың халқы анағұрлым көп нүктелеріне аялдамалар қою қарастырылған. LRT бағдары арқылы тәулігіне 25 мың жолаушыны тасымалдау күтіліп отыр. 22,4 км бағдар бойына 18 станса салынып, ол Пригородный тұрғын алабын, жаңа Орталық мешітті,  «Мегасилквей» сауда орталығын, Назарбаев университетін, Ботаникалық бақты, Абу-Даби Плаза орталығын, Министрліктер үйін, Ұлттық музейді, Мыңжылдықтар аллеясын қамтиды.

Жоба халықаралық стандарттарға сай, қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып салынады деп уәде етілді. Стансаларда билет сатып алу аймағы, сауда орындары бар залдар, санитарлық-гигиеналық тораптар, адамдардың қауіпті телімдерге шығуының алдын алатын жүйелер қарас­тырылған. Қимыл-қозғалысы қиын адамдар үшін стансаларда эскалаторлар мен лифтілер болады. Қосымша қолайлылық жасау үшін оншақты жерасты жолдары мен жеті жерүсті өткел жолдарын салу жоба жоспарында бар. Жоба бойынша 19 жылжымалы құрам іске қосылып, оларды жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуге арналған депосы болады. Пойыздарды Қытайдың CRRC Tangshan Co. Ltd. деген вагон жасау компаниясы шығарады. 652 адам сыятын TRITON пойыздары сағатына 80 км жылдамдықпен қозғалады. Олар толықтай автоматтандырылған және оны оператор қашықтан басқарады. Құрылыстың бас мердігері – China Railway Asia-Europe Construction Investment қытай компаниясы. Құрылысқа 1300-ге жуық адам жұмылдырылған, соның ішінде 1000 адам – Қытай азаматтары. Қоғамдық көлік халықаралық одағының деректері бойынша әлемде 53 елде, яғни 388 қалада LRT бар, сол көлік жүйесімен күн сайын 45 млн жолаушы тасымалданады. Шамамен әлемнің 80 қаласында LRT құрылысы салынуда және салу жоспарлануда.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button