Ел тынысы

LRT жобасы қашан аяқталады?

LRT жобасы келесі жылдың соңында аяқталады. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Қаңтар айының соңында Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте ­Қасым-Жомарт Тоқаев LRT жобасы жөнінде тоқталған еді. «LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен, қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал балама жобалар жоқ. Жалпы, әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын» деді Президент.

Әкімнің айтуынша, жерүсті метрополитенінің құрылысын аяқтау жұмысы өткен жылы басталған. «Өткен жылы Үкімет алғашқы қаржыны берді. Биыл бұл нысан құрылысы белсенді жүреді. Қазір жұмысты пысықтап, техника бойынша, осы ЛРТ-да жұмыс істейтін пойыздар бойынша аванстық төлемдер жүріп жатыр. Жоба 2023-2024 жыл ішінде жүзеге асырылып, келесі жылдың соңына дейін іске қосылуы тиіс деп жоспарланған» деді шаһар басшысы.

Елордадағы LRT құрылысы 2019 жылы сәуірде тоқтатылған еді. 2020 жылдың қаңтарында LRT-ға қатысты істі тергеу шаралары аяқталды. Сол жылы қазанда іс сот қарауына жолданды. Сондай-ақ былтыр 13 тамызда астана прокуратурасы елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты қылмыстық істің сотқа жолданғанын хабарлады. Бірақ, аталған екі күдікті қазіргі уақытта қылмыстық қудалаудан бой тасалап жүр.

Өткен жылы қазан айында Премьер-министр Әлихан Смайылов LRT құрылысына кезең-кезеңімен қосымша қаражат бөлетінін айтқан еді. Сондай-ақ үкімет басшысы құрылысты жалғас­тыруға қосымша 20 миллиард теңге бөлінгенін де атап өтті.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button