Басты ақпаратМәдениет

ЛУВРДАҒЫ ҚАЗАҚ АУЫЛЫ

Франция астанасының қақ ортасындағы Пале Рояль алаңында, есігінің алдынан турист үзілмейтін, Капетингтер әулетінен бергі көздің қарашығындай сақталған ескілікті өнер және тарихи жауһарларымен әйгілі Лувр алдында сәні мен салтанаты жарасқан қазақ ауылы қаздай тізіліп қона қалды. Иә, бұл – Сенадан ат суарған қазақтың достық даңғылымен көшелі көш түзеп, мұрапалы топ бастаған айтулы сапары. Иә, бұл – әлемнің мен деген елдерімен меймандос көңілде ізеттескен Астананың Париждегі күндері.

Осынау күнде бола бермейтін шараның салтанатты ашылуына қазақстандық делагацияны бастап барған Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева, Париждің Бірінші округінің мэрі Жан-Франсуа Легарэ және Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Дәненов қатысты.

Париж – әлемнің жұмбақ та таң­ғажайып қалаларының бірі. Көне көшелері мен ғимараттарының тас қабырғаларында тарпаң тарихтың сорабы мен бағзыдан үзілмеген үлкен мәдениеттің рухы сезіліп тұратын Париж бізге осындай әсер береді. Әсілі, бұл хат тануға жараған бала күнімізден басымызға жастанып оқыған Виктор Гюгоның суреттеуіндегі қисық ауыз Квазимодасы мен айдай сұлу Эсмеральдасы, Оноре де Бальзактың сақалына дейін сараң Гобсегі, Гюстав Флобердің бақытсыз Бовариі, несін айтасыз, Жюль Верн, Антуан де Сент-Экзюпери, Альбер Камю сияқты сөзден сурет салған әлемдік әдебиет классиктерінің шығармаларымен әбден таныс образдарды ойға оралтқан шаһар ғой. Әлбетте, оған фран­цуздардың мақпал даусымен ын­тықтырған Эдит Пиаф, Шарль Азнавур, Джо Дассен, Мирей Матье, өткен жылы ғана астаналық өнерсүйер қауымды сүйкімділігімен сүйсіндіріп, көңілге шоқ салатын әндерімен көміп кеткен Патрисия Каасты  қосыңыз.

Бірақ бұл біздің қарт Еуропаның қақ ортасындағы Франция туралы мағлұматымыздың әшейін бір ұштығы ғана екен. Осынау таңғажайып елге ұшақтан түсіп табанымыз тигенде, ұшпа көңіліміз біртүрлі қанаттанып, Париждің  көне көшелері мен қазіргі көз сүйсінерлік келбетінен бір жара­сымдылық іздейді. Айталық, аумағы ат шаптырым орта ғасырлық сарайлар бұл жерде әсіре заманауи еңселі ғимараттармен үйлесім тапқан,  көлігі мен кісісі өзендей жөңкілген кең арналы көшелер тыныштықта тұйықталған тар орамдарды көктей өтеді. Әне, салоннан жаңа шыққандай жарқыраған жаңа автолармен жарыса сыны да, сыры да кетпеген ретрокөліктер сыңғырап  кетіп барады.

Көңілді шуақты күннің шұғыла­сындай түрлендірген осынау көрі­ніс­тердің арасында Париж жұртының маңғаз мойнын бұрғызған, жүрісінен жаңылдырып жақын келіп көргізген экзотикалық көрініс – қазақтар тіккен этноауыл десем, артық айтқандық емес. Ақ туырлықты киіз үйлер, ырғақты алтыбақандар, балғасын тықыл­датып әшекей соғып отырған қолөнершілер, әншілер мен би­шілер, қонақ­тарды қарсы алған алмадай арулар мен еңсегей жігіттер жазиралы даладан Сена бойына ға­йыптан тайып орнай салғандай.

Салтанатты ша­раның алдында Париждің Бірінші округінің мэрі Жан-Франсуа Легарэ, Қазақстанның Франциядағы елшісі Нұрлан Дәненов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева және Париждің басқа да округтерінің мэрлері мен түрлі ел­­дердің дипломаттары сынды сый­лы қонақтар этноауылды аралап, киіз үйіміздің бай жасауымен, зер­герлердің бұйымдарымен танысып, ұлттық дәмнен ауыз тиді.

Дәл осы кезде Астана филар­мо­ниясының ұлт аспаптар оркестрінің орындауында қазақтың сырлы сазы төгіліп тұрды. Салтанатты ашылу кербез сұлулардың әдемі биімен айшықталды.

Жиылған жұрт алдында сөз алған Қазақстанның Франциядағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Нұрлан Дәненов екі елдің арасындағы қарым-қатынастың тарихи бас­тауына тоқталып, қазіргі жай-күйімен таныстыра кетті. Қос елдің бейбітсүйгіш саясаты, Францияның қолдауы арқасында Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа қарай жасаған қадамдары туралы баяндады.

Ал, Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева этноауыл қазақ халқының мәйекті мәдениеті мен бай  салт-дәстүрін, тарихи мұрасын таныстыруды мақсат тұтатынын айтты. Сосын Қазақстан бүгінде Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртып, Батыс пен Шығысты байланыстыратын ауқымды транзиттік жобаны жүзеге асырып жатқандығынан мол мағлұмат бере кетті.

Париждің Бірінші округінің мэрі Жан-Франсуа Легарэ өз сөзінде шараның жоғары деңгейде ұйым­дас­тырылғанын айтып, ел мен елдің, қарт құрлықтың екі түрлі тарабында жатқан халықтарды бір-бірімен таныстырған мұндай шараның ма­ңыздылығын ескере кетті.

Мсье Жан-Франсуа Легарэ өз әсерін қазақстандық тілшілермен де бөлісті:

– Мен бүгін Париж төрінде қа­зақстандық қонақтарды күткеніме бек қуаныштымын. Осынау шараны ұйымдастыруға екі тарап та шын ниетімен кірісті. Француздар кең даланы ат тұяғымен дүбірлеткен еркін қазақтың мәдениетімен жан-жақты таныса алатын болды, – деді.

Астанадан аттанған делегацияны Париж төріне бастап барған Аида Ғалымқызының айтуынша, екі күн бойы өтетін мәдени-көпшілік шара­ларға жергілікті жұртшылықтың көп жиналатынын мерекенің бас­тама­сынан-ақ аңғаруға болады. Па­риждіктердің алдында Астана қала­лық мемлекеттік филармо­ниясы, «Терра», «Тұран», «Шалқыма» би ансамбльдері өнер көрсетеді. Париж­дегі мәдени күндер 2 қарашада «Опера Бастилияда» өнер шеберлерінің қа­тысуымен өтетін «Азия дауысы» гала-концертімен аяқталады.

«Сондай-ақ, алдағы желтоқсан айында Қазақстанға іскерлік сапармен Франция Президенті Франсуа Олланд келеді деп күтіліп отыр. Өз­деріңіз білесіздер, Франциямен бір­лескен бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Густав Русси атындағы онкология институтының химиялық зертханасымен қарым-қатынасты нығайтуға күш салудамыз. Осы сапарымызда Францияның «ЭКСПО-2017» халықаралық ма­мандандырылған көрмесіне қа­тысу мәселесі де талқыланады» деді Аида Ғалымқызы.

 

P.S: Париж төрінен ауыз толтырып айтар жаңалықтарымыз осымен түгесілмейді. Астана күндері жалғасуда. Оқырмандарымызды алдағы нөмірлерде тағы да хабардар қыламыз.

Нұрғали ӘБІЛДАЕВ,

арнайы «Астана ақшамы» үшін Парижден

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button