Люксембургте күй күмбірледі

20 наурызда Наурыз мерекесіне орай Люксембург елінде Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы «Сарырарқа» халық музыка ансамблінің концерті өтті.
Астана қаласы әкімдігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Сарыарқа» халық музыка ансамблі Люксембург елінде осынау Наурыз мейрамына арналған үлкен концерт өткізеді. Кеш аясында Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», «Қуаныш», Тәттімбеттің «Саржайлау», Дәулеткерейдің «Көроғлы», Сүгірдің «Бозінген», Қайрақбайдың «Өрелі кер», Шал Мырзаның «Ташауыз», Еспайдың «Терісқақпай», Әсет Дәненовтың «Көңіл көктемі», Серік Еркінбековтың «Шолпы», Қарагөз Гасимованың «Аңыз дала», Бәден Айсынның «Наурыз», Тоғжан Жахиннің «Сарын», Ержан Тоқсабановтың «Ортеке» сынды күйлері мен шоқтығы биік шығармалары орындалып, Халық әндері «Сары бидай», «Самалтау», «Жорғатай», «Қараторғай», Иса Байзақовтың «Желдірме», Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ», Кенен Әзірбаевтың «Жаса Қазақстаным» сияқты тағы басқа таңдаулы әндер шырқалды. Кешке Мәдениет саласының үздігі Қарагөз Гасимова, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаттары Жақсыгелді Маясаров, Омар Райхан, Әділет Сейтқұлов, Өзгеріс Шерікбай, Ержан Тоқсабанов, «Шалқыма» халық би ансамблі қатысты. «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі – Мәдениет саласының үздігі Тоғжан Жахин.
Ата-баба аманатын арқалаған ансамбль осылайша ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейтіп, Еуропаның төрінде ұлықтап қайтты. Ұлттық музыканы дәріптеп жүр. Ұлттық саз аспаптарының сиқырлы дауысы, шебер орындауы, келісті ұлттық костюмдер мен керемет халық әндері мен күмбірлеген күйлер шетелдіктерді тамсантты, таңдай қаққызды, тың серпіліс туғызды. Ұлттық мәдениеттің баға жетпес жәдігері, бояуы тұнық, сырлы, сиқырлы әлем – ұлық өнеріміз бен дәстүріміздің ғұмыры ұзақ болғай!