Мәдениет

Мәделіқожа зеңбірегі

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауда­нының орталығы Шәуілдір кен­тінде бүкіл респуб­ликаға белгілі Отырар мемлекеттік архео­ло­гиялық қорық-музейі­нің ашылғанына келесі жылы 35 жыл толады.

Ал осы мекемеден қол созым жерде тағы бір керемет мұражайдың орналасқанын көпшілік онша біле бермейді. Бұл мәдениет ошағын алғашында кішігірім ғана, Отырар музейінің филиалы ретінде ашып, іргесін қалаған – Абдолла Жұмашев деген біртуар азамат. Ол бөлімше қорын барынша толықтырып, 2011 жылдан бастап өз алдына мемлекеттік негіздегі «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби» мұражайы деп атап, жаңа музей ете білген. Осы жаңа мұражайдың басты ерекшелігі – оның өзегін құрайтын заттар күнгей зиялыларының тұтынған жәдігерлері. Сол жүздеген дүниелердің ішінде нағыз маржандары – Мәделіқожа, Құлыншақ, Майлықожа, Манат қыз, Ергөбек, Шәді төре, Нұралы ақын, Сүгір күйші, Қызыл жырау, тағы басқа да өнегелі азаматтардың өнері мен өміріне қатысты бұйымдар. Міне, солардың ішінде ерекшеленіп тұрған – Мәделіқожа батырдың Қоқан ханының қалшаларымен соғысып жүріп, олжалап алған шойын зеңбірегі.
60-ыншы жылдары халық мұрасын жинауда орасан қыз­меттер атқарған, жерлестері «музей-адам» атап кеткен Асантай Әлімов Мәделіқожаның зеңбірегін батырдың ұрпақтары тұрып жатқан Ақбұлақ елді мекенінен іздеп тауып, өзі ашқан мектеп-мұражайына алып кеткен екен. Бір қызығы, Асантай аға сол жолы «батыр бабаларыңыздан қандай заттар қалып еді?» деп сұрастырғанында ақсақалдардың бірі «ескі жұртында зеңбірегі жататын еді» дегенді айтып, сол қарияның ертіп барып көрсеткен тұсын біраз қазбалаған соң зеңбіректі төрт елідей топырақтың астына батып кеткен жерінен тауып алыпты. Қуанышы қойнына сыймаған Асантай аға оны тракторға салып, Арыс стансасына апарып, сол бекеттің бастығымен келісіп, өтіп бара жатқан пойыздардың біріне артып, Темір стансасына жеткізіп, сол жерден өзі ашқан мектеп-мұражайына кіргізіп қойыпты.
Зеңбіректің шығу тарихы жөнінде Абдолла Жұмашев оны батыр Мырзаби оқиғасы кезінде алғанын айтып берді. Оның білуінше, оқиға былай өрбіген екен: бас зекетші бұл қаруды бір төбенің басына орнатып, қасына 12 сарбазды қарауыл қойып, Мәделіқожа солардың ту сыртынан орағыта шауып келіп бәрін қылышымен кескілеп өлтіріп, зеңбіректі Бадам өзеніне домалатып жіберіп, өзі әрі соғысып Мырзабиді өлтірген соң, туған елінен ауып кетіп, біраз уақыт Қожатоғай маңындағы үңгірді паналап, сол уақта оған Майлықожа жиені тамақ тасып, кейін ел іші тынышталғаннан кейін қаруды су түбінен көтеріп, өзінің үйінің алдына орнатып қойыпты.
Міне, осы шойын Қоқанның зеңбірегін Мәделіқожа батырға қатысты барлық зерттеулерде «қытайша» деп атау қалыптасқан. Бұлай болуының себебі батырдың Майлықожа ақынмен айтысында:
Мендегі қытайшаның оғы түгіл,
Апта сені ыңырантқан жиде тікен, – деген сөздер бар, содан бастау алатын секілді, одан басқа уәж ұшыраспайды.
Зеңбіректердің ішіндегі «қы­тайша» деген түріне қатысты бір мәлімет сақталыпты. Бұл сирек дерек Молда Жүніс деген сарттың орыстардың өтініші бойынша 1865 жылы полковник Черняевтің Ташкентті қалай алғаны жайлы шағатай тілінде жазған әңгіме­сінде кездеседі. Онда:
«13-го дня месяца зильхиджа 1820 года русские войска подступили к Ниязбеку. Начальником сарбазов был чужестранец по имени Батча-Батур. Кош парванаши с ташкентскими войсками и начальником гарнизона выступил к Дурмену. Утром на другой день Кош парванаши сел на коня и, выехав на холм близ кишлака Кыбрая, стал наблюдать русских в подзорную трубу. Батча-Батур, захватив с собою несколько небольших пушек и несколько китайских, отправился к Уймаут-арыку; здесь он сделал по русским несколько холостых выстрелов» деген сөздер бар екен.

Ералы ОСПАНҰЛЫ,
суретші, өлкетанушы,
Шымкент қаласы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button