Жаңалықтар

Мәдени байланыстар көпірі

Фото2

Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Француз Республикасына сапармен келді.

Сапар барысында  ҚР Мемлекеттік хатшысы ЮНЕСКО-ның  штаб-пәтерінде болып, Ұйымның Бас директоры Ирина Боковамен кездесті. Тараптар әңгімелесу барысында ЮНЕСКО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін, сондай-ақ Қазақстанның ЮНЕСКО-ның мәртебелі мақсаттары мен қағидаттарына деген ұстанымының өзгермейтінін атап өтті.

Оған қосқан нақты үлесі ретінде ЮНЕСКО аясында Қазақстанның бастамашылығымен Мәдениеттерді жақындастырудың 2013-2022 жылдар кезеңіндегі халықаралық онжылдығын ілгерлету екені атап айтылды.

Мемлекеттік хатшы ЮНЕСКО жетекшісіне білімді, ғылым және мәдениетті, гендерлік теңдікті дамыту үшін Қазақстан Үкіметі қабылдап жатқан шаралары туралы әңгімеледі. Бұл ретте И.Бокова ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол» атты Жолдауының негізгі ережелерімен, сондай-ақ Қазақстан халқы ассамблеясының қызметімен танысты.

ЮНЕСКО-ның Бас директоры Қазақстан басшылығының Ұйымның әлеуетін кеңейтуге, оның ішінде бірқатар бағдарламаларды қаржыландыруға көрсетіп жатқан қолдауын, еліміздің ЮНЕСКО-ның қызметіне белсене қатысуын жоғары бағалады.

Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы идеясын одан әрі ілгерлетудегі Қазақстанның рөлін айрықша атап өте отырып, И.Бокова алдағы отырысына өзі қатысуды жоспарлап отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жаһандық күн тәртібіндегі маңызды рөлін атап көрсетті.

Назар аударсақ, 2014 жылғы қарашада тұңғыш рет адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының таныстырымдылық тізіміне: домбырада күйді орындау өнері және қазақ, қырғыз киіз үйін дайындау шеберлігі енгізілді. Сонымен қатар, Дүниежүзілік мұралар тізіміне Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі, Тамғалы археологиялық ландшафтының петроглифтері, Жібек жолы және Сарыарқа, сондай-ақ Солтүстік Қазақстанның жазық далалары мен көлдері, Биосфералық қорықтардың дүниежүзілік желісіне Қорғалжын, Алакөл, Ақжайық, Қатонқарағай енді.

Гүлшара Әбдіқалықова Парижге сапары аясында сондай-ақ франциялық «Кампус Франс» білім беру агенттігінің Бас директоры Антуан Грассэнмен, «Париж Сорбонна Сите» университеттер қауымдастығының президенті Жан-Ив Мэрэндолмен және қоғам қайраткері, «Сорбонна-Қазақстан» университетін құрудың бастамашысы Марек Хальтермен кездесулер өткізді.

Франция Президенті Франсуа Олландтың 2014 жылғы желтоқсанда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды назарға ала отырып, тараптар Қазақстан-Француз стратегиялық серіктестігінің басымдықтарының бірі болып табылатын университетаралық ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен келешегін егжей-тегжейлі талқылады.

Атап айтсақ, кездесуде Орталық Азия өңіріндегі француздық алғашқы жоғары оқу орны – «Сорбонна-Қазақстан» университетінің қызметінің мәселелері қаралды. Сондай-ақ үстіміздегі жылы екі елдің жетекші жоғары оқу орындары басшыларының қатысуымен Парижде немесе Астанада университетаралық форумды ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сол күні Қорқыт Ата кітабының алғашқы шығарылымының 200 жылдығына, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның 70 жылдығына орай Халықаралық Түркі академиясы Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Түркіменстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдіктерімен бірлесіп салтанатты іс-шара ұйымдастырып, оған Ұйым Хатшылығының, Француз қоғамының, дипломатиялық корпустың, қазақ диаспорасының өкілдері, сондай-ақ ресми делегациялар, ғалымдар, түркітілдес елдердің мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Аталған іс-шара барысында Қазақ ұлттық өнер университетінің симфониялық оркестрі Қорқыттың белгілі туындыларын ұсынды.

Іс-шараның ашылуында сөйлеген сөзінде Г.Әбдіқалықова Қорқыт бейнесі Еуразияның бүкіл  кеңістігіндегі түркі халықтарының мәдени және рухани дәстүрлері үшін алтын көпірге болып табылатынын атап өтті. Ол сондай-ақ, «Қорқыт ата кітабы» түркі халықтарының мұрасы ғана емес, барша адамзаттың игілігі екенін айтты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы іс-шараның осындай жоғары деңгейде өткізілуіне жәрдемдескені үшін ЮНЕСКО-ға алғысын білдіріп, ЮНЕСКО бүкіл әлемнің мәдениеттері арасындағы байланыстырушы буын болып табылатынын атап өтті.

ҚР СІМ баспасөз қызметі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button