көрші ақысы

Мәдени байланыстар мәйегі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның Иран Ислам Республикасына сапары Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығында екі ұлы әрі қуатты елдің мәдени байланыстарының өткені мен болашағына шолу жасауға себеп болып отыр.

 [smartslider3 slider=3244]

 

Екі ел арасындағы ресми қарым-қатынастар барлық салада, соның ішінде саяси, экономикалық, мәдени қарым-қатынастар Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін 1991 жылы басталғанымен, екі елдің мәдени қарым-қатынасының тарихы осы отыз жылмен ғана шектелмейді.

Екі елдің мәдени байланыстары мен ортақ тұстарының алғашқы белгісі қазақ халқының тілінен аңғаруға болады. Қазақ тілінде үш мыңнан астам парсы сөздерінің болуы, әсіресе апта күндерінің (сенбі, жексенбі, дүйсенбі…, жұма) атаулары екі ел халқының өткен ғасырлардағы қарым-қатынасы мен байланыстарының ауқымдылығын көрсетеді.

Екінші белгісін Наурыз мерекесінен іздеу керек. Қазақстанда Наурыз мерекесі өтетін ай Наурыз айы деп аталады, мұның өзі – ел үшін табиғаттың осынау ұлы өзгерісінің маңыздылығының ең жақсы көрінісі. Бір қызығы, үш ресми демалыс күндерімен қатар, бір айға жуық уақыт бойы  түрлі орталықтарда, мекемелерде, жоғары оқу орындарында мерекелік шаралар өтеді.

Үшінші белгіні қазақ елінің жер-жерінде кездесетін ортақ адам есімдерінен: Гүлнұр, Назгүл, Гүлжан, Баян, Бану, Тахмине… сияқты әйел есімдері және Бақтияр, Мұрат, Данияр, Әлішер, Рүстем сияқты ерлер есімдерінен аңғаруға болады.

Қожа Ахмет Ясауи немесе Аттар Нейшабуридің Мантиқ ат-Таирде айтқанындай, «Түркістан қариясын», екі ел арасындағы мәдени ортақтықтардың маңызды белгілерінің бірі деп санауға болатыны сөзсіз. Ол хиджра жыл санағы бойынша бесінші ғасырдың ортасында қазақ жеріндегі Испиджаб аймағында Сайрам ауылында дүниеге келген. Бұл ұлы тұлға Бұхараға барып, шейх Юсуф Хамеданиден дәріс алып, оның тариқатында сопылықтың халифа дәрежесіне жеткен. Кейіннен Қазақстандағы қазіргі Түркістан, бұрынғы Яссы қаласына қоныс аударып, Ясавие тариқатының негізін қалайды. Айта кетер маңызды жайт, Қожа Ахмет Ясауи дүниеден өткеннен кейін шираздық, исфахандық және тебриздік сәулетішілер мен шеберлер Әмір Темірдің бұйрығымен Түркістан қаласында Ясауиге арнап салтанатты кесене тұрғызады. Бұл – қазір сол ел халқының киелі ордасына айналған Қазақстанның маңызды тарихи ескерткіштерінің бірін ирандық сәулетшілер салған деген сөз. Ғимаратқа ойып жазылған бұл ғимараттың сәулетшісінің есімі – Хадже Хоссейн Ширази.

Екінші жағынан, Қазақстан халқының Иранның Хафиз, Фирдоуси, Саади, Рудаки, Хайям, Низами, т.б. ақындары және әдеби тұлғаларымен, сондай-ақ Фирдоусидің «Шахнамасының» «Ростам мен Сохраб» хикаясының 1961 жылы шыққан Тұрмағанбет Ізтілеуұлының (1882-1939) қазақ тіліне аудармасымен етене таныс болуы қазақ елінде Иран халқының мәдениеті мен әдебиетінің болуының маңызды белгісі деуге болады.

Қазақ зерттеушілерінің айтуынша, қазақ елі тарихының 90%-дан астамы парсы деректерінде сақталған. Бұрынғы заманда аймақтық үкіметтердің ресми тілі парсы тілі болғандықтан, тарихты және оқиғаларды қағаз бетіне түсіру сияқты сарай істері осы тілде жүргізілгендіктен, қазақ ғалымдары өздерінің жазба тарихы мен өткенін толығырақ білу үшін парсы тілін үйренуге қызығушылық танытқан. Фазлулла ибн Рузбехан Ханжи Исфаханидің (850-927жж.) туындысы «Мұхаммед Шайбани патшалығының тарихы бойынша Бұхара мехманнамасы», Рашид ад-Дин Фазлулла Хамеданидің (648-717 жж.) кітабы «Джами ат-Тауарих», Мұхаммад Хайдар Дулатидің (905-958 жж.) «Тарихи Рашиди» кітабы және Орталық Азия аймағы мен Қазақ хандығының тарихына қатысты басқа да көптеген парсы тіліндегі дереккөздер осы шындықты растайды.

Бұл арада Қазақстанда бірнеше мың ирандықтың және Иранда көптеген қазақтардың өмір сүруін екі елдің ортақтастықтарының бірі ретінде атап өтпеу мүмкін емес. 1937, 1938, 1946 жылдары бір топ ирандықтар Сталин билігі тұсында Кеңес Одағы түрмелеріне қамалып, жазасын өтеп шыққаннан кейін Оңтүстік Қазақстан облысында қоныстанып, бүгінгі таңда қазақ бауырларының қасында осы елдің азаматтары ретінде өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ 1934 жылы Сталин билігі кезінде орын алған ашаршылыққа байланысты көптеген қазақтар көрші елдерге, соның ішінде, Иранға қоныс аударып, қазіргі таңда Гүлстан провинциясында ирандық бауырлардың арасында Иран азаматтары ретінде өмір сүріп жатыр.

Кеңес Одағы ыдырап, 1991 жылы Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін, Иран Ислам Республикасы Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі болып, екі ел арасында жақсы саяси қарым-қатынастар басталды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін екі ел ежелден келе жатқан мәдени байланыстарына негізделген мәдени келісімге қол қоюды ұйғарды. Бұл маңызды оқиға 1993 жылы 17 сәуірде орын алып, осы келісімге қол қою арқылы Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматы қаласында Иран Ислам Республикасының Мәдени орталығы құрылды. Сол кезден бері келесідей мәдени іс-шаралардың куәсі болдық: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ сынды жоғары оқу орындарында ирантану және парсы тілі кафедраларының ашылуы, аталмыш кафедраларда сабақ беру мақсатында ирандық ұстаздарды шақырту, аталмыш университеттерде ирантану аудиторияларын ашу, Иранда магистратура және докторантура деңгейлерінде білім алу үшін қазақстандық студенттерге оқу гранттарын беру, ирандық шеберлердің Қазақстанның өнер және музыкалық фестивальдеріне қатысуы, ИИР-ның мәдени апталары мен кино апталарын өткізу, каллиграфия өнерін үйрету курстарын өткізу, кітап көрмелеріне қатысу, парсы тілінен қазақ тіліне және қазақ тілінен парсы тіліне кітаптар аудару, Қазақстанның ұлттық кітапханасы қызметкерлерін қолжазбаларды қалпына келтіру ісіне баулу, екі елдің ойшылдары мен данышпандарын таныту бағытында конференциялар мен жиындар өткізу, парсы-қазақ сөздігін шығару, екі елдің жоғары оқу орындары ректорларының сапарлары, Арак және Қарағанды, Гүлстан мен Ақтау, Тебриз және Шымкент қалаларының бауырластығы, ИИР-ның Қазақстан астанасында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезінің хатшылығындағы тұрақты мүшелігі мен үш жылда бір өтетін осы съезге тұрақты түрде қатысуы.

Бүгін бұл қарым-қатынастардың жарқын өткеніне және оның бүгінгі таңдағы үздіксіз жалғасуына қарай отырып, бұл қарым-қатынастардың болашақта, әсіресе, ИИР мен ҚР-ның екіжақты қарым-қатынастарына айқын көкжиектер сыйлаған «Ортақ қадам» бағдарламасынан кейінгі кезеңде екі елдің екіжақты қатынастарды жан-жақты кеңейтуге деген ерік-жігері негізінде дами түсетініне үміттенуге болады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Иран Ислам Республикасына сапарымен және жақын арада 2022-2025 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасына қол қойылуымен, жақын болашақта дос, бауырлас, көршілес екі елдің мәдени және ғылыми қатынастары ауқымының кеңейе түсуіне куә боламыз деп үміттенеміз.

Әли Акбар Талеби Матин,

ИИР-ның ҚР-дағы елшілігінің

мәдени істер жөніндегі кеңесшісі

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button