МәдениетМәслихат

МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕР АХУАЛЫ АЛАҢДАТАДЫ

ERA_1567

Қалалық мәслихаттың мәжіліс залында өткен Депутат күнінде Астанадағы Мәдениет басқармасының тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау мен насихаттау барысындағы жұмысы талқыланды.

Осыған орай Астана қаласы мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов баяндама жасады. Оның айтуынша, елорда аумағында бүгінгі таңда 46 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Олардың екеуі – республикалық, ал қалғандары жергілікті маңызға ие. Оның ішінде 34-і – қала құрылысы және сәулет, 12-сі археология ескерткіші болып саналады.

Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштердің бірі – бұрын мұсылман мектебі болған, қазіргі таңда Отырар көшесіндегі 1/2, 1/3-үйінде орналасқан Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының қойылымдық цехының ғимараты. Онда биыл «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша – 50 106 587 теңге, 2015 жылға 123 108 407 теңге қаржы бөлініп, кестеге сәйкес ғылыми-жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

2014 жылға бөлінген қаржы үстіміздегі жылдың қараша айына дейін толық иге­ріл­генін айта келе, басқарма басшысы одан әрі жергілікті тарихи маңызы бар ескерт­кіштердің жағдайына тоқталды. Бұл ретте Б.Мажағұлов М.Горький атындағы Орыс драма театрының әкімшілік ғимараты мен К.Байсейітова атындағы Опера және балет театрының ғимаратын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленгенін жеткізді.

Ал, Астанадағы «Жастар» сарайы 1974 жылы салынған. 1100 орындық көрермен залы, мінберлерімен 400 орындық спорт залы, жүзу бассейні, вестибюль, күту залы және басқа да бөлмелері бар төрт қабатты ғимараттың инженерлік коммуникациялары бүгінде әбден тозған. Сыртқы жағының оңтүстік қапталындағы асфальт­бетонды жабыны, сондай-ақ, солтүстік, шығыс қапталындағы қасбеттері, батыс және оңтүстік қасбеттерінің гранитті қаптамалар ауыстыруды қажет етіп тұр. Ішіндегі қолаңса иіс те кетер емес. Қысқасы, бұл жерде астана мәртебесіне сай мәдени шара өткізу мүмкін болмай отырғанын ескере келе,
Болат Бауыржанұлы аталмыш ғимаратты сүру жөнінде ұсыныс білдірді.

Депутаттар бас қалада концерт зал­да­рының жетіп артылатынын, басқа да театр­лардың баршылық екенін айтып, мәселені әлі де болса зерттеп, ғимаратқа күрделі жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу арқылы тарих және мәдениет ескерткішін сақтап қалуға болатындығын жеткізді. Сондықтан, халық қалаулылары бұл мәселені әлі де болса толық зерттеу керек деген ортақ байламға келді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button