Мәдениет

Мәдени мұра жаңғырды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының музейінде Қазақстан мен Индонезияның балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Менің елімнің мәдени мұрасы» атты халықаралық байқауының қорытындысы бойынша көрменің ашылуы өтті.
Байқауды Елбасы кітапханасы, Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы елшілігі, Индонезия Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі, Индонезия Республикасының Ұлттық кітапханасы және Нұр-Сұлтан қаласындағы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы ұйымдастырды.

[smartslider3 slider=318]

Қатысушыларды Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат құттықтады. «Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Индонезия Республикасы Тәуелсіздігінің 76 жылдығына арналған. Екі елдің балалар мен жасөспірімдер жұмыстарының көрмесі Қазақстан мен Индонезия арасындағы мәдени ынтымақтастық пен құндылықты, адамзат қоғамдастығының бөлігі саналатын достық қарым-қатынасты көрсетеді. Байқауға қатысқан қос елдің талантты жас буынын құттықтай отырып, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!» деді Бақытжан Темірболат.
Жобаның негізгі мақсаты – балаларды Қазақстан мен Индонезияның мәдениеті мен шығармашылығымен таныстыру, сондай-ақ олардың жеке әрі шығармашылық әлеуетін ашуға жағдай жасау. Байқау қорытындысы бойынша 60 үздік жұмыс іріктеліп, көрмеге қойылды.
Өз кезегінде Индонезия Республикасының Қазақстан Республикасындағы экс-елшісі Рахмат Прамоно балалар өз шығармашылығы арқылы Отанға, бейбітшілік пен достыққа деген сүйіспеншілікті дәріптейтін әлемнің елшілері екенін атап өтті. «Өнерге деген сүйіспеншілікті дамытатын шығармашылық бағдарламалар  балаларға басқа ұлттарды танып-білуді, құрметтеуді үйретеді. Сондай-ақ әлемдегі мәдениеттер мен дәстүрлерді бағалайтын болады. Екінші жағынан, екі елдің балалары мен жастарының әдемі суреттері – олардың туған жерге деген мақтанышы мен махаббатының адал көрінісі. Достықты ту еткен әр елдің жас елшілері саналатын барша жеңімпаздарды құттықтаймын. Индонезия мен Қазақстан арасындағы достықты нығайтуға өз үлестерін қосқан барлық қатысушыларға ризашылығымды білдіремін» деді елші мырза.
Индонезиялық қатысушылар мен жеңімпаздар, сондай-ақ Индонезияның Джакартадағы Ұлттық кітапханасы іс-шараға Zoom бейнебайланыс арқылы онлайн қатысты. Қазақстан мен Индонезияның балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Менің елімнің мәдени мұрасы» атты халықаралық конкурс маусым айының басында жарияланған еді. Екі елдің 400-ге жуық балалары мен жасөспірімдері жобаға қатысты. Көрме аяқталғаннан кейін балалардың барлық жұмыстары 2021 жылдың желтоқсан айында Индонезияның Джакарта қаласындағы Ұлттық кітапханасында көпшілік назарына ұсынылатын болады.
 
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button