Елорда тынысы

Мәдени ошақтарға кіру бағасы өсе ме?

Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасына қарасты мекемелер көрсететін қызметтер, ұсынатын тауарлар мен жұмыстардың бағасы қала әкімдігінің қаулысымен бекітілген. Елорданың қоғамдық кеңесінің отырысында баяндама жасаған аталмыш басқарманың басшысы Санат Шапашов музейлер, театрлар мен концерт залдарына кіру бағасын көтеруді ұсынды.

[smartslider3 slider=1959]

Өзінің сөзін ол мәдени ошақтар шығындары өтелмейтінімен, музейлердің экспозицияларын толықтыру, оларға бірегей материалдар сатып алу қажеттігімен түсіндірді. Оның сөзінше, тиісті құралдардың нарықтық бағасы өскен. Осыны есепке алу керек.

Бұл мәселені қоғамдық кеңес мүшелері біраз талқылады. Олар музейлер мәдени-тарихи дәстүрлер мен құндылықтарды дәріптеу, зерттеу, сақтау нысандары болып отырғанын, өскелең ұрпақты тарихты қастерлеуге үйретіп, отаншылдыққа тәрбиелейтінін айта келе, студенттер мен оқушыларға музейлерге кіру бағасын көтермеу қажеттігін айтты. Сенімді басқаруға берілген Тәуелсіздік сарайы мен Бейбітшілік және келісім сарайының жағдайын сұрады.

Қалалық Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерсін Өтебаевтың айтуынша, аталмыш сарайлар өткен жылдың аяғында осы басқарманың балансына өтті. Бастапқыда бұл нысандарға 500 млн теңге бөлінді. Бірақ бюджет әлі нақтыланатын болады. Сондай-ақ «Бәйтерек» монументін де қаржылай қолдау жүргізілуде. Осы үш нысанның да штаты қысқармады. Керісінше, қызметкерлердің жалақысы өсті.

– Бұрын Тәуелсіздік сарайы мен Бейбітшілік және келісім сарайына бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінетін. Ал «Бәйтерек» шығындарын өзі өтейтін, – деді Е.Өтебаев.

Қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінен жұмыс тобы құрылып, жуырда аталмыш нысандар жұмысымен танысатын болады. Отырыс соңында қатысушылар осындай шешімге келді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button