Мәдениет

Мәдениет ошақтары шақырады

Осы аптада Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасына қарасты мәдени ошақтар қызықты қойылымдар, аспаптық ансамбльдердің концерттерін, көрмелерді, дәрістер және тағы басқа шараларды ұсынады.

[smartslider3 slider=2741]

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония 19 сәуір күні сағат 19:00-де көрермендерді «Астана Операдағы» К.Байсейітованың камералық залына «Уақыт айнасы» хор музыкасының концертіне шақырады. 22 сәуірде сағат 19:00-де филармония әртістері Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына арналған «Жез киік» концертінде өнер көрсетеді. Күндіз мұнда «Le Printemps Romantique» симфониялық оркестрінің концерті өтеді.

Музыкалық жас көрермен театры екі қойылым ұсынады. 21 және 22 сәуірде сағат 19:00-де көрермендер «Шанель» деректі драмасын, 24 сәуірде сағат 18:00-де «Шәмші» мюзиклін тамашалай алады.

Қуыршақ театрында 22 сәуір сағат 16:00-де және 23-24 сәуірде 12:00, 14:00, 16:00-де халық эпосының желісі бойынша Қ.Ежембектің «Ер Төстік» қойы­лымы өтеді.

22 сәуірде креативті ин­дустрия­ны дамыту орталығы NOMAD City Hall-да лиганың бірінші кезеңі «Көңілді тап­қырлар алаңы» ойынын ұйым­дастырады, ал 23 және 24 сәуірде Шара Жиенқұлованың 110 жылдығына арналған хореографтар мен балетмейстерлердің «Қамажай» республикалық конкурсын өткізеді.

«Жастар» театры 19 және 20 сәуірде С.Қасымбектің «Лифт» психологиялық драмасына шақырады. 21 сәуір күні сағат 11:00-де «Ұр, тоқпақ» қазақ халық ертегісі, 23 сәуір сағат 19:00-де С.Раевтың «Жұмаққа қарай ұзақ жол» қойылымы, Н.Оразалиннің «Қылкөпір» драмасы көрсетіледі. 24 сәуірде жастардың орындауында Ш.Айтматов, О. Бөкей, Р. Мұқанованың шығармалары негізінде «Ғасырдан да ұзақ» триптихін көруге болады.

Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі күнделікті іс-шараларды мүмкіндігінше көп оқырман тарту үшін ұйымдас­тырады. 20 сәуір күні Орталық қалалық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінде «Қазақтың біртуар әншісі Әміре Қашаубаев» атты слайд-презентация өтеді. Осы күні №2 бұқаралық кітапханада «Ән өнерінің саңлағы – Әміре» әдеби музыкалық сағаты, №2 балалар кітапханасында «Жүрегіме жол тартқан сүйікті өлкем» танымдық сағаты, №8 балалар кітапханасында «Зиянды әдеттер. Өмір бос өтіп кетпес үшін…» іс-шаралары өтеді. 21 сәуірде Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы оқырмандарды «Біз кітапханаға барамыз» танымдық сағатына шақырады. Сол күні түстен кейін Орталық қалалық кітапхананың қызмет көрсету бөлімі «Мұның бәрі ол туралы» викторинасын, №5 балалар кітапханасы – «Кітапты ашамын – әлемді ашамын» ақпараттық сағатын, №2 Балалар кітапханасы – «Ғажайыптардың ғажайыбы» ақпарат сабағын өткізеді. 23 сәуір күні № 10 бұ­қаралық кітапханада «Кітап – мәң­гілік елдің құндылығы» атты әдеби марафон өтеді. 24 сәуір күні № 3 көпшілік  кітапханасы «Өнегеге толы өмір» атты әдеби-көркем сағатқа шақырады.

Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені 20 сәуірде «Тағдыр тоғыс­тырушы жіп» тақырыбында дәріс өткізеді.

19 сәуірде «Мәңгілік ел» салтанат қақпасында «Қазыбек бидің туғанына 355 жыл» онлайн-сабағы өтеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button