Мәдениет

Мәдениет пен спорт ордасы

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 47-інші кезекті сессиясы өтті. Күн тәртібіне он бір мәселе қойылған жиынға Парламент Сенатының депутаты Серік Жақсыбеков қатысты. Негізгі мәселе – елордадағы мәдениет, дене шынықтыру мен спорттың жағдайы туралы, осы салаларды әрі қарай дамыту жұмысы жайлы қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов баяндама жасап, мәслихат депутаттарының сұрақтарына жауап берді.


Баяндамашы «Елордамыз еліміздің саяси орталығы ретінде ғана емес, өзінің мәдени және рухани биік мәртебесін жан-жақты көрсетіп келе жатыр» дей келе, бұл бағыттағы статистикалық деректермен таныстырды. Атап айтқанда, қысқы маусым бойы шаһарда ұйымдастырылған «Astana Winter Land» фестивалі аясында 19 нысан қызмет көрсетті. Конькилерді, шаңғыларды жалға беру орындары сынды осы нысандарға қыс ішінде 400 мыңнан астам келу тіркелген.

Бұл нысандарға бір адам төрт рет барды деп есептегенде, 100 мың адамдай шыққанын айтқан Н. Нұркенов қазір қала әкімінің тапсырмасымен қысқы демалыстың ғана емес, халық үшін жалпы жыл бойғы демалыстың жоспары жасалып жатқанын жеткізді. Яғни, көктемгі, жазғы, күз бен қысқы демалыстарға неғұрлым көбірек адам тартылмақ. Демалыс кеңістігі кеңейтіліп, бәлкім, бұл үшін инвесторларға жер телімдері бөлінеді.

«Қаламыз еліміздің спорттық астанасы болып танылды. Елордада аймақтармен салыстырғанда спорттық нысандар көп орналасқан. Үздік спортшылар мен жаттықтырушылар, спорт саласындағы жетекші мамандар осында тұрып, еңбек етіп жатыр» деген қала басшысының орынбасары спорт саласындағы жетістіктерге де тоқталды.

Мәдениет пен спорттағы жетілдіруді қажет ететін мәселелерді де жасырмай, түйткілдерді атап, оларды шешу бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты. Соның бірі Астаналық цирк, Қуыршақтар театры, би ұжымдарының әртістеріне қатысты болып отыр. Олар еңбек және зейнетақы заңнамаларына зейнетке шығу жасын төмендету бойынша өзгерістерді енгізуді сұраған. «Бұрын еңбек сіңірген қайраткерлер сахнада 20 жыл жұмыс істегеннен кейін зейнетке шығатын. Қазір әйелдер үшін зейнет жасы – 59 жас. Болашақта бұл жас 63-ке жетеді. Ал ерлерде – 63 жас. Мамандық ерекшеліктеріне байланысты, атап айтқанда, цирк, балет әртістері бұл жасқа жеткенше жұмыс істей алмайды. Осы мәселе Парламентте қаралды. Алайда әлі де ашық болып тұр. Тиісті жұмысты жалғастырамыз» деді Н. Нұркенов.

Мәдениет және спорт салаларының қызметкерлері үшін қолжетімді баспана мәселесі де өзекті екенін айтқан әкім орынбасары елордада қазір бұл салаларда 3800-ден аса адам жұмыс істеп жатқанын, олардың 2 мыңға жуығы тұрғын үй кезегінде тұрғанын жеткізді. Олардың арасында баспаналарын кеңейткісі келетіндер де бар.

«Баспананы жалға беру немесе шағын отбасыларға арналған жатақханаларды салу жолымен бұл мәселені шеше алар едік. Қазіргі кезде Қорғалжын тасжолының бойында жатақхана салу үшін жер телімі бөлінді. Бұл мәселе бойынша жұмыстың белсенді жүргізілуіне атсалысамыз» деді қала басшысының орынбасары.

Мектеп оқушылары мен колледж студенттері бұл күндері қала театрларына аз баратын болған. Оның себебі, білім беру мекемелерінде билеттерді сатуға тыйым салынды. «Қазіргі таңда театр көрермендері көбейген. Алайда оқушылар мен студенттердің үлесі азайған. Бұрындары театр онкүндіктері өткізіліп, онда оқу бағдарламасына сәйкес және патриоттық-адамгершілік тәрбие беру мақсатында барлық мектептердің оқушылары театрларға баратын. Бұл мәселе біздің бақылауымызда. Әрине, мектеп оқушылары мен колледж студенттерін қаланың мәдени өміріне тарту мүмкіндіктерін қарастырамыз» деді Нұрлан Жаңбыршыұлы.

Жуырда қалалық мәслихат депутаттары бірқатар мәдени және спорттық нысандарды аралап, сондағы түйткілдерді анықтады. Оның бірі Астаналық циркке қатыс­ты болды. Ғимараттың бір бөлігі сенімді басқаруға берілген. Қала басшысының орынбасары тексеріс қорытындысында цирктің төменгі қабатында орналасқан тамақтану орнын жалға алған адам өртке қарсы талаптарды сақтамағаны, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандусты бұзып тастағаны анықталғанын айтып, онымен әңгіме жүргізілгенін, депутаттардың ескертпелеріне сәйкес мәселе шешілетінін жеткізді.

Балалар мен жасөспірімдер спортындағы түйткілдерді атап өткен Н. Нұркенов спорт мектептерінің материалдық базасын күшейту, жаңа спорттық құралдарды сатып алу керектігін, жалпы қалада жаңа спорттық нысандарды салу, барын жаңғырту қажеттігін айтты.

Жөндеуді қажет ететін мәдени нысандарға тоқталған қала басшысының орынбасары, соның ішінде «Жастар» театрына тоқталды. «Ғимарат 1954 жылы салынған. Бұл  тарихи және мәдени ескерткіш болып саналады. Нысан 2014 және 2018 жылы  жөнделді. Алайда күрделі жөндеуден өтпеді. Біз ақау шыққан жерге қатысты акт дайындап, енді жобалық-сметалық құжатты әзірлейміз» деген Н. Нұркенов «Мәңгілік ел» салтанат қақпасына қатысты мәселені атады.

«Нысанның құрылысы кезінде жерасты өткелі үстіндегі көлік жолы сапасыз салынған. Жыл сайын жүргізілетін ағымдағы жөндеу жұмыстары мәселені шешпей тұр. Жолды қайта салу үшін 600 млн теңгеден астам қаржы керек» деді қала басшысының орынбасары.

Сондай-ақ «Толқын» спорт кешенінің шатырын жөндеуге қаржы керектігін айтып, қалада спорттық гимнастика, батуттық гимнастика, спорттық би сияқты спорт түрлерімен айналысуға залдың жоқтығын, дәрігерлік-дене шынықтыру диспансердің салынбағанын жеткізді. Спортшыларды тексеру қазір №5 қалалық емханада жүргізілетінін, бұл жайт мәселені шешпей келе жатқанын, диспансерді салу керектігін айтты.

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button