Қала тіршілігі

МӘДЕНИЕТІ МАҢДАЙШАДАН КӨРІНЕДІ

70fd65879086281c0945fd36192

Бұрнағы күні Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Осының алдындағы отырыста аталмыш комиссия төрайымы, қала әкімінің орынбасары Аида Балаева шаһар мекемелерінің маңдайшалары мен көшелерде орналасқан рәміздердің тиісті заң талаптарына сәйкестігін анықтау үшін рейд жүргізуге тапсырма берген еді.

Рейд қорытындылары туралы баяндаған елорданың Ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Тілеповтің сөзінен бұл мәселеге салғырт қарайтын мекемелер мен кәсіпкерлік нысандар әлі де молынан ұшырасатыны белгілі болды. Олар – Астана қаласының Зейнетақы төлеу мен Жылжымайтын мүлік орталықтары, Алматы ауданының Әділет департаменті мен осы ауданның Халыққа қызмет көрсету орталығы, Қаржылық бақылау инспекциясы, Жер қатынастары басқармасы. Мемлекеттік рәміздерге жүрдім-бардым қараған мекемелердің қатарына осылармен бірге Астана қаласының Әділет департаментімен қала прокуратурасы кірген. Бұл мекемелердегі ортақ кемшілік – маңдайшаларыңдағы Мемлекеттік Ту қақ айырылған, Елтаңбаға қараңғы мезгілде жарық түспейді. Сондай-ақ, бірқатар қонақ үйлер мен шетелдердің мәдени орталықтары Мемлекеттік Туды дұрыс орналастырмаған.

Рейд қорытындылары бойынша аудан әкімдіктері де кемшіліктер анықталған мекемелерге қолданылған шаралармен таныстырды. Алматы ауданы әкімінің орынбасары Түсіп Рысбеков рәміздерге қажетті деңгейде қарамағандарға 37 мың теңге айыппұл кесілгенін айтты.

Осының бәрін тыңдаған Аида Ғалымқызы бір емес, бірнеше рет рәміздерге дұрыс қарамаған мекемелерді анықтауды тапсырды. Сонымен қатар, елордада дауыл жиі тұратындықтан Бас Ту жиі түсірілетіндігін, адам өміріне қауіп келетіндіктен, жел тоқтағанша оны қайтадан жоғары көтеру мүмкін еместігін, осыны халыққа түсіндіру қажеттігін айтты.

Мемлекеттік хатшы келесі жылдың сәуіріне дейін геральдиканы қолдану бойынша тексеріс жүргізуге тапсырма берді. Осыған орай Ішкі саясат басшысы Б.Тілепов тиісті адамдардан комиссия құрып, Жаңа жыл мерекесінен кейін бұл істі бастап кетуге тапсырма алды.

 

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button