Басты ақпаратЖаңалықтар

МӘДЕНИЕТТЕРДI ЖАҚЫНДАСТЫРҒАН МАҢЫЗДЫ БАСТАМА

юнеско 20

Бұрнағы күні Астанада ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялардың бірінші өңіраралық кеңесі өтті. Оған ұйымға мүше араб мемлекеттері, Азия және Тынық мұхиты, Еуропа және Солтүстік Америка, Латын Америкасы мен Кариб бассейні мемлекеттері мен өзге де халықаралық ұйымдардан бақылаушылар шақырылды. Жиын барысында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосқаны үшін аталмыш ұйымның ең жоғары марапаты – «Жібек жолы» төсбелгісі табыс етілді.

Атап өткен жөн, жаһандық деңгейдегі мұндай жиын алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Басқосуға Қазақстан Президентінің бастамасы ұйытқы болды. Осыдан екі жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 67-ші сессиясында 2013-2022 жылдар аралығын Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы деп жариялау туралы ұсыныс айтқан болатын. Осы орайда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы бұл салада елеулі тәжірибесі бар және мәдениеттерді дәріптеу ісінде әлемге ерекше танылған ЮНЕСКО-ға аталған халықаралық шараны өткізу жөнінде тапсырма жүктеді. Бүгінге дейін Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылын тойлау шеңберінде мүше мемлекеттер арасында мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылған.

Айтулы жиында Елбасының кеңес қатысу­шыларына арнаған құттықтауын Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков оқып берді.

«Барлығымызды ғаламдағы бейбiтшiлiк пен жоғары стандарттарға, бiлiмге, ғылыми про­греске, тұрақты дамуға деген ұмтылыс бiрiктiредi. 130-ға жуық этнос өкiлдерi тұратын Қазақстан үшiн ЮНЕСКО-ның мәдениетаралық, өркениетаралық және дiнаралық диалогты дамытуға бағытталған қызметi жақын. Бiз өз тарапымыздан ЮНЕСКО құндылықтарын, толеранттылық қағидаттарын және жаңа гуманизм идеясын дамытуға үлесiмiздi қосудамыз. Қазақстан Мәдениеттер жақындасуының жылы мен онжылдығы сынды бiрқатар жаһандық бастамаларды ұсынды. Астана әлемдiк және дәстүрлi дiнбасшыларының құрылтайы өтетiн орынға айналды. Бүгiнде ЮНЕСКО диалогтарын насихаттау ұйымның мүшелерi тарапынан үлес қосуды қажет етедi» делінген Президент құттықтауында. Елбасының айтуынша, ЮНЕСКО
iстерi жөнiндегi ұлттық комиссиялардың бiрiншi өңiраралық кеңесiн өткiзу серiктестiктi орнату жолында маңызды қадам болмақ.

БЕДЕЛСӨЗ

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, Астана қаласының әкімі, ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның бұрынғы төрағасы:

–Биыл табанды да баянды жұмыстардың нәтижесінде ЮНЕСКО-ның әлемдiк мұралар тізіміне елiмiздiң үш тарихи ескерткiшi енгiзiлдi. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Яссауи кесенесi, Тамғалы петроглифтері, Сарыарқа және Солтүстiк Қазақстан көлдерi мен жазықтары, Қорғалжын және Нау­рызым қорықтары. Биыл олардың қатарын елiмiздiң тағы да 8 тарихи нысаны толықтырып отыр. Осындай жәдiгерлеріміздiң әлемдiк мәдени құндылықтар қатарында дүниежүзiлiк мұралар тiзiмiне енуi тұтас халқымыздың арман-тiлегi мен риясыз пейiлiнiң көрсеткiшi деп бiлемiн.

Қазақстан ЮНЕСКО-мен мәдениет саласында ынтымақтастық орнатудың арқасында «Мәдени мұра» бағдарламасын сәтті жүзеге асырғаны белгілі.

Аталған бағдарлама шеңберінде республи­ка­мыздың 12 облысында 19 тарихи және мәдени ескерткіш қалпына келтірілді. Өзге де құнды жәдігерлер жайлы тың деректер анықталды. Мәселен, Қарағанды облысындағы Талды бейіттеріне қазба жұмыстарын жүргізу кезінде біздің заманымызға дейінгі ҮІ ғасырда жасалған скиф-сібірлік аң стиліндегі зергерлік бұйымдар табылды. Бүгінге дейін мәдени, тарихи тақырыптағы 18 деректі фильм түсірілді. Атап айтар болсақ, «Бауыржан Момышұлы», «Алашорда», «Мір­жақып Дулатов», «Мұхтар Әуезов», «Қожа Ахмет Яссауи кесенесі», «Ежелгі Түркістанның архи­тектуралық ескерткіштері» атты фильмдер көрерменге жол тартты. Сондай-ақ, жиында сөз алған елорда әкімі, ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияны он сегіз жыл басқарып келген Иманғали Тасмағамбетов адамзатқа ортақ руханиятты барынша жақындастырып, әлемдiк тұлғалар есiмiн таныстыруда «Атаулы даталар күнтiзбесi» жобасының да орны айрықша екенін атап өтті.

«ЮНЕСКО күнтiзбесiне бiздiң де төл тари­хымызға, ұлттық тұлғаларымызға қатысты ме­рей­тойлық даталар енгiзiлдi. Бұл әрине бiрiншi кезекте әлем елдерiн ұлттық әдебиетiмiздегi жауһар туындылармен сусындауға мүмкiндiк бердi. Осы арқылы жаһан жұртшылығы қазақ халқының мәдениетiмен, тарихымен танысты» деді И. Тасмағамбетов.

Айта кеткен жөн, ЮНЕСКО бас директоры Ирина Бокованың шешімімен арнайы тағайын­­дал­ған «Жібек жолы» төсбелгісін соңғы жиыр­ма жылда бірде-бір адам иеленбеген. Осынау мәрте­белі сияпатты ризашы­лық­пен қабыл алған Ас­тана қаласының әкiмi өз сөзiнде ЮНЕСКО бас­шы­лы­ғының елiмiзге жасаған бiрнеше ресми са­пары халықаралық беделдi ұйым арасындағы дос­тық әрiптестіктi жаңа сатыға көтергенiн айта келе:

– ЮНЕСКО құрылымында көп жыл қызмет істедім, Қазақстанның ұлттық комиссиясын басқардым. Мен үшін бұл жылдар кәсіби тұрғыда, сонымен бірге әлемнің түрлі елдеріндегі әріп­тестеріммен жеке қатынаста да ұмытылмас сәт­терімен ерекше. Мұндай беделді халықаралық ұйымның марапатына ие болу – үлкен мәртебе. Бұл менің ғана еңбегім емес, ЮНЕСКО миссиясын орындауда білімі мен жанын берген барлық әріптестеріме берілген жоғары баға деп білемін, – деп атап өтті.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button