Мәдениет

Мәдени шаралар мәзірі

Осы аптада елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған 30-дан астам түрлі мәдени-танымдық шара ұйымдастырылады. Қаланың мәдениет мекемелері концерттер, қойылымдар, көрмелер, шеберлік сабақтарын, т. б. дайындады.

Мемлекеттік академиялық филармонияда 19 қаңтар күні кешкі сағат 19:00-де Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақ­станның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Еркеғали Рахмадиевтің шығармашылығына арналған «Таң самалы» концерті өтеді.

Жастар сарайында осы апта бойы таңғы 9:00-ден 18:00-ге дейін «Өнер фонтаны» интуитивті кескіндеме бойынша суреттер көрмесі мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. 21 қаңтар күні кешкі сағат 20:00-де сарай сахнасында Глеб Самойлов «Агата Кристи» тобының 35 жылдығына арналған бағдарламамен өнер көрсетеді.

«АЛЖИР» мұражай-мемориал­дық кешенінде 19 қаңтар күні «Ұрпақтар жадында» көрмесі ашылады. Сәкен Сейфуллин мұражайында 20 қаңтарға дейін «Сәкен және Гүлбаһрам» фотосуреттер көрмесін тамашалауға болады. Аталмыш музейде 19 қаңтарда «Ұлт мақтанышы» деректі фильмі көрсетіледі. 20-24 қаңтар күндері мұражайдың ашылғанына 35 жыл толуына орай «Латын және төбе қарпімен жазылған Сәкен шығармалары» көрмесі ұйымдастырылады.

Астана қаласы Тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету орталығы 19 қаңтарда оқушылар арасында Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша сынып сағатын өткізеді.

М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры 21 қаңтар күні сағат 11:00-де балдырғандарға М.Супониннің «Ешкі-Дереза» ертегісін, ал сол күні кешке В.Шукшиннің «Жарқын ойлар» спектаклін ұсынады.

Қуыршақ театрында 20-22 қаңтар күндері М.Арғымбаева­ның «Элвин және сиқырлы орман тұрғындары» қойылымын тамашалауға болады.

21 қаңтар күні сағат 19:00-де «Жастар» театрында «Мұң» драмасының премьерасы болады. Ал сол күні кешке «Жанарымдағы жалғызым – әуен» атты театрландырылған концерттік бағдарламасы өтеді.

Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры 20 қаңтарда «Ричард III» қойылымын ұсынады.

Музыкалық жас көрермен театры 19 қаңтарда «Шанель №5» деректі драмасына шақырады, 20 қаңтарда «Шәмші» мюзиклі көрсетіледі. 22 қаңтарда көрер­мендерді «Махаббат бар ма?» комедиясы күтеді.

Осы аптада қалалық кітап­ханаларда оқырмандар мен оқушылар үшін балалардың ой-өрісін кеңейтуге, олардың көрнекті қайраткерлердің өнері мен шығармашылығымен танысуға бағытталған өзекті тақырыптар бойынша танымдық сағаттар өткізіледі. 19 қаңтар күні сағат 15:00-де №2 балалар кітапханасында оқырмандарға ақпарат сағаты өтеді. №5 кітапхана Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай «Күй атасы атанған Құрманғазы» музыкалық сағатын өткізеді. 20 қаңтар күні сағат 14:00-де №12 кітапханада Абылай ханның туғанына 312 жыл толуына орай «Өзін қолбасшы және батыр ретінде дәріптеген» тақырыбында тарихи портрет іс-шарасы ұйымдастырылады, ал бір сағаттан кейін №15 кітапхана Мұрат Әуезовтің 80 жылдығына орай әдеби іс-шараға шақырады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button