Мәдениет пен өнердің майталманы
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалы Ардагерлер кеңесінің медиатоп мүшесі, радио-телевидение саласының ардагері, баспасөз саласының үздігі, жоғары категориялы диктор, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы мәдениет және өнер саласының үздігі Қарлығаш Құспан 1945 жылдың алғашқы төлдері – қарлығаштары қатарында, Ұлы Жеңістің елордалық құрдастарының бірі болып 80 жасқа толды.
Қарлығаш Бәкенқызы 1945 жылы 13 қаңтарда Семей облысы Абыралы ауданы Қайнар ауылында туған. Семей педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолында 1968 жылы Семей облыстық телевидение мен радио комитетінде тілші-редактор, диктор қызметін атқарып, 1970 жылы Семей телестудиясында редактор, комментатор-жүргізуші болған жылдары бірнеше дүркін республикалық теле-фестивалінің жеңімпазы, республикалық комитеттің облыстық партия, комсомол сыйлықтарының лауреаты, 1983 жылы Мәскеу қаласындағы Кеңес Одағының орталық «Останкино» телекомпаниясында арнайы стажировкадан өткен маман.
Астана қаласындағы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының медиатоп мүшесі және Есіл ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Есіл толқындары» халықтық ардагерлер ансамблінің продюсері, режиссері. Осы ансамбльдің «халықтық» атағын алуда атқарған жұмысының өзі үлкен еңбек.
«Есіл толқындары» ансамблі 2018 жылы құрылды. Алғашқы концерті Абайдың 175 жылдығына арнап «Абай әлемі» деген үш бөлімнен құрылған концертпен басталды. Одан соң Біржан салдың 170 жылдығына арнап Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан Біржан мен Сара айтысының 150 жылдығын негізге алып, сахналық қойылым көрсетті. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы Астана қаласының №48 орта мектеп-лицейінде жаңа оқу жылында жоғары деңгейде аталып өтті. Мерекелік даталардың барлығына арнайы бағдарлама даярлап, концерт көрсетуді парыз санайды.
Ансамбльдің репертуарлары, негізінен, халық әндерінен құралған. Ұмытылып бара жатқан ретро әндерді жаңғыртып, жастарға насихаттауда. Ансамбль тек хор айтумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге халқымыздың інжу-маржаны саналатын «Қыз Жібек»,«Айман-Шолпан» операларынан да сахналық қойылымдарды, ән-айтыс жанрын репертуарға енгізіп, қыз бен жігіт айтысын көрсетуде.
Жыл басында Қарлығаш Бәкенқызының жетекшілігімен ансамбль көшпенділер мәдениетінің биік шыңы, алғашқы өнер туын көтерген «Қоянды жәрмеңкесінің 175 жылдығына» орай «Арқада арда шыққан жәрмеңке тойы» деп бағдарлама жасап, сахнаға Керекудің Майрасы, атақты әнші Қали Байжанов, жәрмеңкені ашқан көпес Ботов, Біржан сал, Жүсіпбек Елебеков секілді тарихта болған дүлдүлдердің әні шырқалып, сауда қызып, ұлттық ойындар көрсетіліп, көрерменге ерекше тарту жасалды. Республика күніне орай «Арайлы Астана» атты мазмұнды бағдарлама көрсетілді.
Қарлығаш Бәкенқызы – шығармашыл жан, ұлттық құндылықты дәріптейтін «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасының өз дәрежесінде орындалуының жанашыры, ұлтжанды, патриоттық тәрбиенің басында жүретін кәсіби маман. Осы бағытты айшықтаған өнегелі іс-шара, астаналық бес аудан ардагерлерінің арасындағы отбасы байқауы жаңадан ашылған №106 жайлы мектепте өтті. Оның ережесі мен концерт бағдарламасының авторы да – Қарлығаш апай.
Зейнетке шықса да, елордалық «Астана ақшамы», республикалық «Egemen Qazaqstan» газеттерінің, ардагерлер ұйымының белсендісі. Қалалық Ардагерлер кеңесінің жанындағы медиатоп мүшесі ретінде 100-ге жуық ардагерлер туралы тақырыпта мақалалар жариялаған. Есіл ауданы «Аманат» партиясының мүшесі, қоғам қайраткері.
Қажырлы еңбегі бағаланып, Қазақ телевидениесінің 60 жылдық, Семей телевидениесінің 55 жылдық мерекелік медальдарының, «Семей қаласына еңбегі сіңген» медалінің иегері. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің алғыс хаттары мен Қазақстан Журналистер одағының құрмет грамотасымен марапатталған. 2020 жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған республикалық ардагерлер ұйымдарының шығармашыл көркемөнерпаздар ұжымдары байқауының жеңімпазы ретінде «ҚР Ардагерлер ұйымының құрмет белгісі» төсбелгісімен марапатталды.
Әріптестері Қарлығаш апай туралы «Бір өзі – бір театр» десе, «Мерейің асқан қашанда, мәртебең сенің жоғары, Өзің болсаң ортамыз, бір-ақ сәтте толады» деп замандастары сыйласа, асыл жары, балаларының әкесі марқұм Жеңісқали аға «Тілеуқор, сүйенішім болып әрқашан қасымда жүрші, Қарлығаш» деп арманмен бақиға аттаныпты. Қарлығаш Бәкенқызын Астана қаласы мен Есіл аудандық Ардагерлер кеңестерінің атынан 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, темірқазықтай қалпыңыздан таймай, аялап өсірген ұрпағыңызбен, ұл-қыздарыңызбен, немере-шөберелеріңізбен өмірдің қызығын көруге ұзағынан жазсын деген тілегімізді білдіреміз!
Шарипа УСТЕМИРОВА,
Астана қаласы Есіл аудандық Ардагерлер кеңесінің төрайымы