Мәдениет

Мәмбетов театрының табыстары

Өткен жылы Астана қаласы әкімдігінің Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры 5 жылдығын атап өтті. Былтыр өнер ошағы зор табыстарға жетіп, халықаралық және республикалық әртүрлі іс-шараларға, фестивальдерге қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Бірнеше премьера өтті. Жалпы 5 жыл ішінде репертуардағы спектакльдер саны 23-ке жетті.

Өткен жылғы жетістіктерге тоқталсақ, «Боранды бекет» спектаклі ел театрларындағы 400 премьераның ішінде үздік 4 қойылым қатарына еніп, «Ұмай» ұлттық сыйлығының дипломанты атанды. Ал «Чарли Чаплин» қойылымы Беларусь елінде өткен халықаралық фестивальде «Үздік ансамбль» марапатына ие болды. Осы трагикомедия «Сәлем» халық­аралық комедиялық театр фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Театрдың бас режиссері Ұланмырза Қарыпбаев «Театр және цирк өнерінің үздік туындысы» аталымы бойынша Қырғыз Республикасының Шыңғыс Айтматов атындағы мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Осы елдің астанасы – Бішкек қаласында өткен әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған «Айтматов және театр» атты VI халықаралық фестивальде театрдың жоғары санаттағы актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нартай Сауданбекұлы «Боранды бекет» қойылымындағы Едіге рөлі үшін «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымында топ жарса, «Боранды бекет» қойылымы фестивальдің арнайы жүлдесіне ие болды.

Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің «Сыншылар жүлдесі-2023» салтанатында театр актері, жас драматург Қазыбек Аманжол «Жыл драматургі-2023» жүлдесін жеңіп алды. Мәдениет және ақпарат министрлігі өнер адамдарының шығармашылығын қолдауға бағытталған жобада Ұланмырза Қарыпбаев «Театр өнері» аталымында «Үздік режиссура» сыйлығының дипломанты атанды. Ал өткен жылғы премьераның бірі «Болмаған балалық шақ» (авторы – Ақберен Елгезек, қоюшы режиссері – Әли Бидахмет) туындысы Көкшетау, Павлодар, Семей, Өскемен қалаларында көрсетілді. Ал 7 қаңтар күні сағат 18:00-де Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында осы жылдың алғашқы премьерасы – көрнекті жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің «Ауыл хикаялары-2» драмасы (қоюшы режиссерлері – Әли Бидахмет және Нұржігіт Мүсілімов) ұсынылады

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button