«МӘМС қажет пе?»
«МӘМС қажет пе?» – Елордалық дәрігерлер тұрғындарға жүйенің артықшылығын түсіндірді, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Қазақстандағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) қатысты сұрақтар мен наразылықтар ешқашан тоқтаған емес. Біреулер жүйенің пайдалы жақтарын көрсе, халықтың басқа бөлігіне МӘМС-тің керегі мен тиімділігі түсініксіз.
Біз Астана қаласындағы №2 Қалалық емхананың директоры Айдын Ашимхановпен сөйлесіп, бұл мәселе бойынша неге әртүрлі пікірлер бар екенін сұрап, сондай-ақ сақтандырылған және сақтандырылмаған адамға амбулаторлық деңгейде қандай медициналық көмек қолжетімді екенін анықтадық.
– Емхана деңгейінде МӘМС аясында қандай жұмыс жүргізіледі? Қандай негізгі міндеттер атқарылады және медициналық сақтандыруда шешілмеген қандай мәселелер бар?
«Медициналық көмектің екі пакеті бар: ТМККК және МӘМС. Емханаға тіркелген халық үшін «сақтандырылған» статуста болуы маңызды, өйткені бұл қосымша қызметтерді алу мүмкіндігін кеңейтеді. Мысалы, учаскелік дәрігер сақтандырылмаған науқасқа анализдер немесе бейінді маманның консультациясын алу үшін жолдама бере алмайды. Егер адам сақтандырылмаған болса, оған тек бастапқы медициналық көмек көрсетіледі: дәрігердің қарауы немесе шұғыл медициналық көмек. Керек болса стационарлық ем тағайындалады, бірақ бұл жағдайда, бүкіләлемдік практикада көрсетілгендей, сақтандырылмаған науқас стационарлық ем үшін ақы төлеуі тиіс. Сондықтан пациентке МӘМС аясында ұсынылып отырған толық қызметті көрсету мүмкін болмайды. Осындай жағдайларды болдырмас үшін және әр азаматқа толық көлемде медициналық көмек қолжетімді болу үшін біз тіркелген тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
Біздің емханаға 58 мыңнан астам адам тіркелген, олардың 10,6 мыңнан астамы сақтандырылмаған, яғни жалпы санының 18 пайызы ғана. Сақтандырылмаған адамдарға қоңырау шалып, МӘМС-тің артықшылықтарын, оның тиімділігі және сақтандырудың маңыздылығын түсіндіреміз».
Спикердің айтуынша, МӘМС-тің керек жүйе екенін тұрғындар әртүрлі қабылдайды:
«Кейде адамдар «ауырып қалғанда сақтандырамын, әзірге осылай да жақсы» дейді. Алайда бұл дұрыс емес, себебі әр адам ауырған кезде шұғыл әрі қолжетімді медициналық көмекті іздейді, ал сақтандырылмаған науқас МӘМС жүйесінде жоқтығын және ақылы емге көбірек уақыт пен қаражат жұмсау керектігін уайымдайды. Пациенттермен әңгімелесу барысында, көбісі МӘМС үшін көп ақша кетеді деп ойлайды. Алайда, ай сайын бар болғаны 4250 теңге ғана аударылады. Бұл ай сайынғы аз ғана сома екенін түсініп, сақтандыруға келіседі.
Біздің емханаға 60 мыңға жуық халық тіркелгендіктен, біз олардың денсаулығына жауаптымыз. МӘМС-ке кіретін скринингтік тексерулер, жоспарлы госпитализация, оңалту – бәрі МӘМС пакетінде бар. Сақтандырылған тұлғаның артықшылығы көп – біз оларды лабораториялық зерттеулермен қамтамасыз етіп, барлық жоспарлы және скринингтік тексерулерді жүргізе аламыз. Әлеуметтік мәні бар ауруларды уақытында анықтап, стационарлық емдеуге жібереміз. Егер сіз МӘМС жүйесінде болсаңыз, бәрі қолжетімді. Маңыздысы – жоғары технологиялық медициналық қызметтер (ЖТМҚ) мен стоматологиялық қызметтер де МӘМС аясында бар. ЖТМҚ – өте қымбат қызмет, ол 1 миллионнан 6 миллион теңгеге дейін тұрады. Бірақ МӘМС аясында пациентке бұл қызмет тегін көрсетіледі. Өз қалтасынан төлемейді, мемлекет бұл шығынды өз мойнына алады. Яғни адам ай сайын 4250 теңге төлейді де, ал 1 миллион теңгенің тегін қызметін ала алады. Мұндай мүмкіндіктің сақтандырылған адамдарға қолжетімді екенін білген қандай жақсы! Біз қазір осыларды халыққа түсіндіріп жатырмыз».
– Сақтандырылудың маңыздылығы мен қажеттілігін түсіндіруде қандай проблемаларға кездеседі?
«Біз МӘМС-ті насихаттағанда, сақтандырудың барлық негізгі қаидаларын түсіндіреміз. Кейбір адамдар бір жылға төлем жасағысы келмей, зерттеулер мен дәрігерлердің кеңесі үшін жеке клиникаларда көп ақша жұмсайды. Кейбір тұрғындар үшін бұл тез әрі ақылы түрде өткен оңай жол сияқты. Бірақ олар жұмсаған ақшаларын есептеп, «неге сонша көп ақша бердім?» деп сұрайды. Ал емханада ол бұл қызметтерді тегін ала алар еді. Әр адам өз денсаулығына жауапты болуы керек, ал мемлекет қолжетімді медициналық қызмет пакеттерін ұсынып, оның қамын ойлайды. Біз жыл сайын флюорографиядан өтуіміз керек, санитарлық кітапшамыз бар, бірақ адам өзінің жағдайы нашарлаған кезде ғана денсаулығы туралы ойлайды. Мысалы, жақында Еуропада жұмыс сапарында болғанымызда, адамдардың көлікті аз қолданатынына таңғалдық. Барлығы дерлік жаяу жүреді немесе велосипед мініп, айдайды. Оларда спорттық көліктерге арналған тұрақтар автокөліктерге қарағанда көбірек. «Неге осылай? Бұл жергілікті сән ме?» деп сұрағанымызда: «бізде ауыру өте қымбат» деген жауап алдық. Онда дәрігердің кеңесі шамамен 200 мың теңге тұрады. Сол себепті адамдар аурудың алдын алуға тырысып, салауатты өмір салтын ұстанады.
Мысалы, сақтандырылған пациент бірнеше зерттеулерден тегін өтеді, біз оның холестерин деңгейінің жоғары екенін байқасақ, оны жүрек патологиясын анықтау үшін тексеруге жібереміз – бұл тегін әрі уақтылы жүзеге асады. Мұндай ерте анықтаулар арқылы біз көптеген аурулардың асқынуының алдын аламыз».
-Емханада бейінді мамандарға жазылу қалай жүріп жатыр? Тұрғындар МӘМС-ке жарна төлейді, бірақ мамандардан көмек алуда қиындықтар бар деп ашуланады халық…
«Иә, кезек бар, бірақ қазір бұл процесс жақсарды. Бұрын мамандарға кіру үшін 2 аптадан көп кұтетін. Біз бұл жағдайды шешу үшін профильдер бойынша қосымша мамандар қабылдадық: қазір бізде 3 кардиолог, 2 эндокринолог, 3 травматолог, 2 онколог бар. Бұл күту мерзімін 3-5 күнге дейін қысқартты».
-Жақын арада көптеген адамдар МӘМС-ті қолдайтын болады деп ойлайсыз ба?
«Иә, жақынд арада соған да жетеміз. Көптеген қазақстандықтар отандық медицинаны шетелдік медицинамен салыстырады. Біздің елімізде, әсіресе, денсаулық сақтау саласында бәрі халық үшін жасалған. Бізде дәрігер әр науқасқа қоңырау шалып, тексеруге шақырады, скрининг туралы еске салады, үйге барып патронаж жүргізеді. Көптеген шетелдерде мұндай жағдай жоқ. Онда принцип: «денсаулығың тек өзіңе керек». Әркім өзіне жауапты және бұл дұрыс! Жақында біз де осындай жүйеге көшеміз деп үміттенемін».