МӘМС қоры мен «Шипагер» орталығы

Сақтандыру қоры мен медициналық орталық арасындағы мәселе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының елордалық филиалында талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Істің мән-жайын Астана қалалық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Олжас Аязбаев айтып берді.
– Биыл 29 қаңтарда палата атына «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығы ЖШС-ден денсаулық сақтау ұйымы тарапынан мемлекеттік сатып алу шарты бойынша төлемді кешіктіріп жатқаны туралы өтініш келіп түсті.
2025 жылғы 2 қаңтарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен «Шипагер» орталығы арасында кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры шеңберінде медициналық қызметтерді сатып алу шарты жасалған. Шартта орталық көрсететін қызметтің сомасы сол сияқты аванс алу мүмкіндігі де көзделген, – деді.
Айтуынша, «Шипагер» орталығы МӘМС қорына жалақы, медициналық қызмет және басқа да шығындарды өтеуге аванс қажет екендігі туралы өтініш жазған.
– Алайда, аванс төленбеген, бұл жағдай «Шипагердің» медицина қызметкерлері арасында әлеуметтік шиеленіс тудырып отыр (шамамен 350 адам). Жұмыстағы үзіліс пен кедергі халыққа медициналық қызмет көрсету сапасының төмендеуіне әкелді, – дейді ол.
Сондай-ақ палата өкілі былтыр елордалық кәсіпкерлер денсаулық сақтау ұйымы тарапынан мемлекеттік сатып алу шарты бойынша төлемнің кешігуіне қатысты жиі жүгінгенін айтты.
Әңгімені одан әрі «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығының құрылтайшысы Бақыт Жанкубаев жалғастырды.
– Біз елорданың сол жағалауы тұрғындарының 50%-ын медициналық қызметпен қамтамасыз етеміз. Келісім бойынша аванс берілуі тиіс, уақтылы төленуі керек. Біріншіден, мекемені дер кезінде қаржыландыру керек, екіншіден, өткен жылы қаржыландыру бойынша біраз кешіктіру болды, 5 айға дейін созылды, оған да шыдадық. Бізде 362 дәрігер жұмыс істейді, олардың жұмысында іркіліс туындап тұр, – деді Б. Жанкубаев.
Орталық басшысының айтуынша, төлем жасаудың нақты механизмі болуы керек.
– Аванс берем немесе бермеймін деген мәселе болмауы тиіс, оны заң аясында шешу керек. Сосын желілерде лицензияға қатысты әңгімелер айтылады, бізде лицензия бар, elicense.kz мемлекеттік платформасы арқылы бәрі көре алады, – дейді орталық басшысы.
Орталықты қаржыландыруды кешіктірудің мән-жайын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Астана қалалық филиалының директоры Гүлжан Шайхыбаевадан сұраған едік.
– Өткен жылғы төлемнің кешігуі ақпараттық жүйенің дайын болмауымен байланысты. Ақпараттық жүйені Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарамағындағы ұйым жасауы тиіс еді, бірақ уақтылы жасалмады. Сол себептен төлемді жүргізе алмадық, бірақ маусым айына дейін 50 пайызға дейін аванс беріп отырдық. Маусымнан бастап төлем уақтылы төленді.
Кешіктірудің екінші себебі – республикалық бюджеттен қаржының толық түспеуімен байланысты болды. Біздің қор төлейтін қаржы алдымен халықтан МӘМС жүйесіне түседі, кейін бізге аударылады, ал кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында қаражат республикалық бюджеттен аударылады, – деді Г. Шайхыбаева.
Филиал басшысының мәліметіне сүйенсек, жыл соңында өткен жылдың 11 айы бойынша барлық медициналық мекемеге төлем толық өтелген. Сонымен қатар былтырғы желтоқсан айы бойынша қаражаттың 70%-ы төленді.
– Қалған 30%-ын жақын арада төлейміз. Биылғы төлемге келсек, қаңтардың ақысын ақпанның 20-на қарай төлеп бастаймыз. Ай біткен соң медициналық мекемелер есептерін тапсырады, біз оның дұрыс-бұрыстығын тексереміз.
Әрине, төлемнің уақтылы жүрмеуіне байланысты арыз-шағым болды. Бірақ, мәселе бізге байланысты болмаған соң түсіндіру жұмысын жүргіздік, – деп түсіндірді елордалық филиал басшысы.
Гүлжан Шайхыбаева келтірген дерекке сүйенсек, былтыр әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының астаналық филиалы 175 медициналық мекемемен шарт жасаған, оның ішінде 10 ұйым өткен жылы қыркүйекте шартты бұзып, қызмет көрсетуді тоқтатты.
Ал биыл қор мен 145 медициналық қызмет көрсететін мекеме (105 жеке мекеме) арасында шарт жасалыпты.
– 2024 жылы біз медициналық мекемелерге 263 млрд теңге төледік, ал шарт бойынша 276 млрд теңге төлену керек. Қалған соманы осы айдың 20-на дейін төлейміз. «Шипагер» орталығына келсек, биыл аванс бермеген себеп – біздің қордың алдында қарызы бар. Бірақ, біз оларға биыл желтоқсанға дейін жабу туралы шарт қойдық, соның негізінде 31 қаңтарда орталыққа 288 млн теңге (10%) алдын ала төлем жасалды, – деп толықтырды Г. Шайхыбаева.
Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасы жедел пысықталып, осы сессияның соңына дейін қабылдануы тиістігін айтқан болатын.