Мәдениет

Мәңгілік махаббат жыры

Абайдың «Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат қызық мол жылдар? Ақырын-ақырын шегініп, Алыстап кетті-ау құрғырлар» деген өлең жолдарымен басталатын жазушы Әзілхан Нұршайықовтың романы желісімен жазылған спектакль осыдан үш жыл бұрын Алматыда көрермен назарына ұсынылған болатын.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сәуір айының 29-30  күндері Астана қаласына гастрольдік сапары кезінде Жастар театрының сахнасында осы  қойылымды елордалық көрерменге ұсынды.

Қоюшы-режиссер Фархад Молдағали сахналаған спектакльде басты кейіпкерлер өмірі монолог секілді микрофон арқылы беріледі. Арасында ән айтылып, би көрсетіледі. Қой   ылымның хормейстері Ғалымжан Берекешов, хореографы Шырын Мустафина, композиторы Ербол Нариманұлы, қоюшы-суретшісі Айдана Бисембаева.

Спектакль Меңтайдың бала үстінде қайтыс болғанынан кейін жазған күнделігін оқыған Ерболдың монологынан басталады. Жүректі шым еткізген қайғылы сәтте кейіпкер өткен өмірін бір шолып, қызықты күндерін еске алады.

Ерболдың Алматыдағы Қазақ университетінің студенті боп қабылдануы, 33-аудитория, қыздар, махаббат хикаясы, Ербол мен Меңтайдың сүйіспеншілігі, Тұмажанның аярлығы, қос ғашықтың кеш те болса, бір-біріне оралуы, азғантай болса да бақытты өмір сүруі суреттеледі.

Ерболды Дархан Сүлейменов, Жақсылық Тұрлығазы ойнаса,  Меңтайдың нәзік болмысын Гүлбахрам Байбосынова мен Бақытгүл Серікбаева  сомдады. жағымсыз кейіпкер, тек өзін ойлайтын, өтірік сөйлейтін, арсыз жан, Меңтайдың ағасының майдандасы жəне Меңтайды алдап өзіне атастырып қойып, қызды зорлаған Тұмажанның рөлін Ұлан Болатбек пен Нариман Егимбеков ойнады.   Динара Нұрболат пен Нұржамал Әбілқиясқызы сомдаған Зәйкүл бейнесі –  өте қу, жеңіл мінезді, өз мақсаты жолында ештеңеден тайынбайтын қыз, оған қарамастан жаясында қыз жəне Ербол мен Меңтайдың курстас досының образы сәтті шыққан.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры базасы мықты, әртістері де сайдың тасындай төселген өнер ұжымы ғой, дегенмен, көрермен ретінде бірер ой айтқанды жөн көрдік. Шығармадағы оқиғалар, кейіпкерлер туралы алдын ала білгендіктен, қойылымның берілу форматына, кейіпкерлердің ойыны мен ойналған музыка мен қойылған биге мән бердік. Соғыстан кейінгі жылдарда, 33 аудиторияда кілең жас бойжеткендер билеген би шынында да сол заманға келмейтіндей, мұны режиссер алдағы уақытта қайта қарайтын шығар деген үміттеміз, бұл туралы біздің газетімізде ілгеріде жазылды да. Сосын уақыты. 2,5 – 3 сағатқа сағыздай созу керек емес секілді. Оқиға барысы белгілі, махаббат, сезімдер, өкініш бәрін тастай етіп бір жарым сағатта тап-тұйнақтай етіп жеткізген дұрыс па деп тет ойлайсың. Басты кейіпкерлердің кәдімгі темекіні оншақты рет сахнада тартуы, әрине, Еуропаға еліктегендік болар, бірақ, өкпесі әлсіз көрермендердің пікірін де ескерген дұрыс шығар деген ойға қалдық. Негізгі кейіпкерлер спектакль басында қобалжып бастағанымен, соңына қарай рөлдерін ойдағыдай ойнап шықты. Қойылымнан бірақ ауыр оймен шықтық, қазіргідей бала мен әйелдің құқын қорғау мәселесі өзекті болып тұрған кезеңде сценарийге аздап өзгеріс те керек секілді.

Қойылым ең бастысы – жастарға сезім мен махаббаттың мәңгілік екенін көрсетті.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button