Мәскеуде мәдениет мәйегін паш етті
Астана қаласының Мәскеудегі мәдениет күндері «Қыз Жібек» этнофольклорлық мюзиклімен ашылды. Қазақтың өшпес эпосын, махаббат гимнін Драмалық өнер мектебінің сахнасында Астана әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры ұсынды.
Көрсетілім алдында Мәскеу Үкіметінің министрі, Сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің басшысы Сергей Черёмин бүгінде мәдени алмасудың ізгі дәстүрін жалғастыру өте маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, өнердің тілі қос көршілес елдер арасындағы достық байланыстарды сақтауда және тереңдетуде үлкен маңызға ие.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өз кезегінде Астананың Мәскеудегі мәдениет күндерінің былтырғы желтоқсанда Астанада ұйымдастырылған Мәскеудің мәдениет күндері секілді биік деңгейде өтетініне сенім білдірді. Ол «Қыз Жібектің» өзектілігін жоймайтынын және қазақ халқының мәдени мұрасы екенін еске салды.
Мәңгілік махаббат тақырыбындағы мюзикл талғампаз Мәскеу жұртын серпінді сюжетімен, сазды музыкасымен, әртістердің шебер ойынымен баурап алды. Көрермендер қазақтың поэзиялық мұрасын және бай мәдениетін мойындағандай болып, сан қырлылығы мен сұлулығын таныды. Бұл қойылым мәскеуліктерді ұлттық ерекшелікпен арбап, қызықты драматургия және костюмдердің ғажайыптығымен сиқырлы әлемге жетеледі.
Спектакльдің қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров басты міндет қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен рухын көрсету болғанын атап өтті.
Мәдениет күндерінің екінші күні мәскеуліктер «Гауһартас» қойылымын да ыстық ықыласпен қабылдады. Көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековтің қаламынан осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын туған туынды сюжеті әлі өзектілігін жойған жоқ. Ондағы бір қазақ отбасының өзара қарым-қатынасы бүгінгі күні де ойландырмай қоймайды. Бұл шығарма желісімен 1975 жылы көркем фильм түсірілді. Ал өткен жылы Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының сахнасына жол тартты. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. «Гауһартастың» әр қойылымы Астанада және ел өңірлерінде зор табыспен, аншлагпен өтті. Тіпті, көрермендер билет таба алмайтын.
Мәскеудегі мәдениет күндері аясында Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов бастаған мәслихат депутаттары, елорда әкімінің орынбасары Есет Байкеннің бас болуымен әкімдік делегациясы Мәскеу Үкіметімен, Мәскеу қалалық думасы және Санкт-Петербург заң шығарушы жиналысының депутаттарымен бірқатар ресми кездесулер өткізді. Сондай-ақ қос тараптың қатысуымен креативті индустрия, туризмді, қала шаруашылығын, қоғамдық көлікті дамыту, көгалдандыру және абаттандыру, IT-индустрия мәселелерін талқылау бойынша дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды.
Астананың мәдениет күндері Мәскеудің «Люблинск» саябағында «Астана – менің махаббатым» атты фотокөрмемен жалғасты. Онда Қазақстан астанасының ең көрнекті нысандары бейнеленген дарынды қазақстандық фотографтардың жұмыстары таныстырылды. Ал мәдениет күндерінің бағдарламасы Мәскеу халықаралық музыка үйінде өткен Астана өнер шеберлерінің гала-концертімен түйінделді.
«Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында Астана мәдени күндерін өткізуге көмектескені үшін Мәскеу қаласының Үкіметіне, Сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің басшысы Сергей Череминге, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаевқа алғыс білдіремін. Келесі жылы астаналарымыздың бауырлас қалаларға айналғанына 25 жыл толатынын атап өткім келеді» деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.
Аманғали Қалжанов