Мәслихат төрағасы тұрғындармен кездесті
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден елорда тұрғындарымен кездесу өткізді. Алғаш рет өтіп отырған кездесу барысында төраға азаматтардың өмір сапасын жақсарту, спорттық және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі бірқатар өзекті мәселе мен ұсынысын тыңдады.
Кездесуде мәслихат төрағасы келушілермен, соның ішінде тұрғын алаптар мен көппәтерлі тұрғын үй кешендері өкілдерімен бірге апатты және ескі үйлерді сүру, сондай-ақ медициналық, мектеп және мектепке дейінгі мекемелердің құрылысы бойынша жұмыс кестелерін талқылады.
«Жақын арада тұрғын алаптардың мәселелерімен тікелей танысу үшін «Агроқалашық» тұрғын алабынан сайланған Талғат Ерғалиевпен бірге апатты үйлерді аралап, тұрғындармен кездесу жоспарланды. Кездесу барысында аула аумақтарын абаттандыру мен санитарлық тазалау бойынша міндеттерді бөлу, елордадағы маңызды оқиғалар туралы хабар тарататын телеарна ашу, сондай-ақ өткен жылы мәслихат депутаттары жеңімпаз атанған Senat Open шахмат турнирін ұйымдастыру мәселелері көтерілді. Барлық мәселе назарға алынды, ал жедел шешуді талап ететін сұрақтар бойынша қала және аудан әкімдіктерінің басқарма өкілдері шақырылды» дейді Табиғат Зейнұлқабден.