Басты ақпаратМәслихат

Мәслихатты кімдер басқарды?

Биыл елорда мәслихатының 30 жылдық мерейлі датасы аталып өтуде. Осыған орай, әр жылдарда қалалық мәслихатты басқарған адамдар туралы ақпараттарды жинақтап, топтастырып жариялауды жөн көрдік.

1993 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілетті және атқарушы органдары туралы» заң қабылдады. Тәуелсіздік алуға, қоғам алдында тұрған мемлекеттік құрылым мен міндеттер нысанының өзгеруіне байланысты өкілетті биліктің құзыры да өзгерді.

1994 жылдың 7 наурызында Қазақстан Республикасында мәслихаттардың – І шақырылған (1994-1999 жылдар) депутаттар жиынының сайлауы өтті. Ақмола қалалық мәслихатының хатшылығына қаладағы кәсіпорындар мен ұйымдарды ұзақ жыл басқарған Александр Сергеевич Миронов сайланды.

ІІ шақырылым депутаттарының қызметі жас астананы дамыту кезеңінде жүзеге асты. 25 депутат мандаты үшін 147 тіркелген үміткер бәсекелесті. Сайлау процесінің барысын саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бақылады. Дауыс беру нәтижесінде, негізінен, педагогтардан, медицина қызметкерлерінен, кәсіпкерлерден тұратын 25 депутат сайланды. Николай Ильич Мещеряков, Сергей Михайлович Демочкин, Анатолий Петрович Островский, Вера Григорьевна Лукьянец, Александр Викторович Майер сияқты 5 депутат ІІ шақырылымның (1999-2003 жылдар) депутаттар құрамына қайта сайланды. Депутат Александр Иванович Демидов мәслихат хатшысы болып сайланды. Демидовтың депутаттық өкілетінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты 2002 жылы Вера Григорьевна Лукьянец мәслихат хатшылы­ғына сайланды.

ІІІ шақырылған Астананың мәслихат депутаттарының сайлауы 2003 жылдың 20 қыркүйегінде өтті. 25 сайлау округінен 177 үміткер тіркелді. ІІІ шақырылым депутаттарының жартысынан көбі бұрынғы шақырылымдардың депутаттары болатын. Соның ішінен Владимир Николаевич Редкокашин Астана мәслихатының хатшылығына сайланды.

2007 жылдың тамызында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Сайлаулар алғаш рет пропорционалды жүйе бойынша жүргізілді. Сондай-ақ депутаттар өкілетін кеңейтуге «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» заңның қабылдануы да ықпалдасты. Астанадағы 25 сайлау округінен 129 үміткер ұсынылды. Сайланған депутаттардың көпшілігі бұрын Астана мәслихатының депутаттар корпусына енген.

IV шақырылған мәслихаттың хатшылығына ІІІ шақырылымның хатшысы болған, депутат корпусының жұмысын шебер басқарған Владимир Нико­лаевич Редкокашин сайланды.

2009 жылдың қазанында мемлекеттік қызметке көшуге байланысты депутат Е.Нысан­баевтың депутаттық өкілеті тоқтады. Ел Парламенті Сенатының депутаттығына сайланған В.Редкокашиннің орнына Е.Оспанов Астана қаласы мәслихатының хатшысы болып сайланды.

V шақырылым депутаттары жұмысқа 2012 жылы кірісті. Басты назарда Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» стратегиясы аталатын Жолдауын жүзеге асыруға байланысты шешімдері тұрды. Сайланған барлық 25 депутат өмірлік тәжірибесі мол кәсіби мамандар еді. Олардың бәрі – Nur Otan партиясының мүшесі. Астана қаласы мәслихатының хатшылығына Сансызбай Сейіт­жанұлы Есілов сайланды. Әр шақырылым сайын мәслихаттың сапалық құрамы жақсарды, өйткені мәслихат қызметі оның өкілетіне, кәсіби даярлығына байланысты болатын.

VI шақырылған Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы қызметіне 35 жыл мемлекеттік қызметте істеген Жанат Нұрпейісов сайланды.

VII шақырылым депутаттарының бірауыздан қабылданған шешімі бойынша 38 жастағы Ерлан Каналимов Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы болып сайланды. Басқару институтының, сондай-ақ Қазақстан-Ресей университетінің түлегі өзінің еңбек жолын Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің маманы болып бастады, әр жылдары Ішкі саясат басқармасын басқарды. Кейіннен Байқоңыр ауданының алғашқы әкімі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары болды. Соңғы атқарған қызметі – Nur Otan партиясы елордалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Елорда мәслихатының бұл шақырылымдағы құрамында 31 депутат болды, олардың 26-сы – Nur Otan фракциясының мүшесі. Ең жас депутат Бақдәулет Жанділдаев 22 жаста болатын.

VIII шақырылым депутаттарының бірауыздан қабылдаған шешімі бойынша 40 жастағы Ерлан Каналимов елорда мәслихатының хатшысы болып қайта сайланды. Астана қаласы мәслихатының сессиясында төрт тұрақты комиссияның төрағалары да сайланды. Құқықтық тәртіп және халықпен жұмыс жөніндегі комиссияға Азамат Айтхожин, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері бойынша Кендебай Адамбеков төраға болды. Құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Владислав Сергеев, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комиссия төрағасы Асқар Смағұлов болды. Елорда мәслихатындағы Amanat партиясының фракциясы басшысы болып Берік Жәкенов бірауыздан сайланды.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button