Мәдениет

Мағаз шығармалары таныстырылды

Кеше Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ ­әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, драматург Мағаз Разданұлының туғанына 100 жыл толуына орай үш томдық таңдамалы шығармаларының таныстырылымы өтті.

Кеш тізгінін ұстаған ҚР Жазушылар одағы Астана бөлімшесінің басшысы Бауыржан Бабажанұлы Қытай қазақ әдебиетінің даму жолына тоқталып, Мағаз Разданұлы сынды қаламгерлердің шығармалары қазақ рухания­тына қосылған баға жетпес қазына екенін атап өтті.

– Қытай қазақ әдебиеті – қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен рухани құндылықтарының бір бөлігі. Ол дәстүрлі ауыз әдебиетімен сабақтасып, ХХ ғасырдың басынан жазба түрде дамыды. Осы әдебиеттің өкілдері тарихи және заманауи тақырыптарды көтеріп, ұлттық сананы оятуға үлес қосты. Соның ішінде Мағаз Разданұлының шығармалары терең философиялық мазмұнымен, көркемдік қуатымен ерекшеленеді. Оның үш томдығының Қазақстанда жарық көруі – мәдениетімізге қосылған маңызды рухани қазына, – деді ол.

Жазушы, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынқан Зәкенұлы Мағаз Разданұлының өмір жолын, әдеби мұрасын жан-жақты саралап, аталған іс-шараны қаламгердің елорда төрінде ұлықталуы деп бағалады.

«Мағаз Разданұлы – ХХ ғасыр­дағы қазақ әдебиеті­нің көрнекті өкілі, көркем сөздің хас шебері. Ол – өмір­дің ащы-
тұщысын татып, соқтықпалы-соқпақты заманда да қаламын тастамаған қайраткер тұлға. Оның шығармаларында азаматтық үн, тарихи таным, терең философиялық толғаныс қатар өріліп отырады. Әсіресе өлеңдеріндегі ішкі қуат, образдық тұтастық оқырманын бей-жай қалдырмайды» деді жазушы.

Мағаз Разданұлы (1924-1998 жж.) – Қытай Халық Республикасы Жазушылар одағының мүшесі. «Алтайдың ақиықтары», «Ата заман сөйлейді» тарихи романдары, «Асулар толғауы», «Уақытқа жауап» жыр-толғаулары, «Сары бел» өлең-романы сынды елеулі еңбектерімен танымал. «Мәдениет төңкерісі» кезінде жазықсыз қуғынға ұшырап, 20 жылға жуық түрмеде отыр­ған ол 1978 жылы толық ақталып, ақтық демі үзілгенше туған жерінде шығармашылықпен айналысты.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button