Басты ақпаратРуханият

Мағжан неге қудаланды?

Мағжан ақынның алғашқы өлеңнен құрастырылған жинағы 1912 жылы «Шолпан» деген атпен, көлемі 50 бет болып Қазан қаласында жарық көрді. Қазан университетінің профессоры, тегі хакас Николай Катанов бастаған цензорлар тобы қазақ тілінде шыққан әрбір кітапты тексеріп, орыс мемлекетінің отаршылдық саясатына қарсы-ау деген пікірлерді Петербургке жіберіп отырған. Әрине, іздеген соң, тапқан. Өлеңдерден кесек-кесек үзінділер алып, олардың астарындағы ойларды ашып, тіпті асқындырып дейікші, орысшаға аударған. Дәлірек айтсақ, нағыз саяси тыңшылық. Ішкі істер министрлігінің баспасөз басқармасы сол аудармаларды Қазандағы жандарм орындарына жіберіп, тиісті кітаптарды таратпау және авторларын қуғындау туралы нұсқау беретін.

Енді Мағжанның «Шолпанына» байланысты не тапты екен? Алдын ала айтып қояйын, цензор, шығыстанушы, профессор Н.Катанов – қазақшаға жүйрік, сөз қадірін білетін, астарлы ойларды да аңғарымпаз маман. Ақындықтан да құр алақан емес. Күдікті-ау деген жолдар мен шумақтарды ұғынықты етіп, жолма-жол орысшаға аударып бере алған. Жақша ішіне кейбір сөздердің астарлы мағынасын да ашып көрсеткен.

Мағжанның күрескер ретінде танылуы ол 1917 жылғы ақпанда орыс патшасы өз еркімен тағын тастағаннан кейін орнына жаңа үкімет келуін қолдады, қазаққа жақсылық келетініне сенді. Алайда мемлекет билігін заңсыз басып алған Ленин бастаған большевиктер де орыс емес халықтарға жайлы бола қоймайтынын, қайран ақын, түсінген жоқ еді…

Мысалы, Мағжанның 1912 жинағындағы «Жатыр…» деген өлеңнен:

Кең жері күннен-күнге

құрып жатыр,

Сұр жылан қанын-сөлін

сорып жатыр… деген екі жол

орысшаға былай аударылған:

Широкая земля (казака)

что ни день, гибнет

 А черная змея всю кровь его

(казака) сосет.

немесе,

Кешегі шешек жарған қазақ гүлі

Сарғайып, бір су тимей

солып жатыр.

Мінекей, қазақ солай бітіп

жатыр.

Күн сайын артқа қарай

кетіп жатыр.

Орысшасы:

Вчера был цветок –

казак во цвете,

А теперь он без воды пожелтел.

Так, маленький казак погибает:

Все время назад, назад шагает,

Не чувствуя, что он так

умирает.

«Сорлы қазақ» деп аталатын екінші өлеңнен үкімет саясатына қарсы үгіт салқыны бар-ау деп цензордың үзіп алынған шумақтары:

Сорлы қазақ жаны алқымға

тығылып,

Қара күн кеп, тіккен туы

жығылып,

Алға баспай, барлық ісі кері кетіп,

Нәр тата алмай, күшсіз,

әлсіз бүгіліп,

Оқу-білім жақындатпай,

жолатпай,

Қырын қарап, қазақ ісін ұнатпай,

Пыр-пыр ұйықтап сорлы қазақ

тек жатыр,

Қанды көзбен екі көзін

шылатпай…

Қозғал, қазақ, білім іздер

кез келді!..

Қылыш алып, «надандық» саған

кез келді…

Байғұс қазақ бас көтеріп

тұрар ма?

Көңілі түсіп, білімге мойын

бұрар ма?

Күні туып, оңынан – Күн,

солдан – Ай,

Оқуменен жайнатып дүкен

құрар ма?

Осы шумақтар да орысшаға жолма-жол аударылып тіркеліпті. (Орысшасы қазіргі қазаққа тансық емес қой, келтірмей-ақ қояйық. – З.Т.) Ал енді, бір ғажабы, осынау өлең жолдарында азуын айға білеген Ресей империясына қауіп төндірер қандай қатер бар? Ақынның бар жазығы – туған елінің жаңа экономикалық, қоғамдық қатынастарға бейімделуін тілегені, оқу-білімге үндегені.

Міржақыптың «Оян, қазағын!» бесігінде тұншықтырмақ болып, сан түрлі қиянат жолын іздеген отаршыл билік мына өлеңдері үшін Дулатовтың шәкірті Мағжанды да нысанаға алған. «Шолпанның» таралуына тыйым салынып, автордың соңына жансыз әкімшілік бақылау қойылған. Сәбит Мұқанов: ­

«…Мағжанның ақындығын қозғау­ға екінші себеп – Міржақып болуы керек» дегенді не пиғылмен айтса да, негізсіз емес

Бірақ, «тырнақ астынан кір» іздегендер, әйтеуір сақтық жасап: «қазақтың жаны алқымға тығылды», «қара күн келді», «тіккен туы жығылды», «барлық ісі кері кетті», «басын көтере алар ма?» деген сөздерден қайдағы бір қаскөйлік ниет таныған. Қазақ халқын әкімшілік билеуші патшалық жүйеге қарсы қарулы көтеріліске шақыру деп түсінген. «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» дегенге сайып, кімнің де аузын ашыр­масқа бет алған.

 Жер кетті, жаның кетті,

қам жемедің,

Құл болдың қара табан енді

малсыз…

Қарағым, арыстаным,

қайратты ерім,

Тұрдың ба қару қылмай,

құр амалсыз? – деп шырқыраған жас ақынның жан дауысы қалың қазақты оятып, тарихтан өзіне лайық орын іздеуге бастағандық еді. Мұны тыңшылар, обалы қанша, жақсы байқаған. Ақынның саяси көзқарасы теріс деген тұжырымға келген. Оның құдіретті жырларынан сескенген.

Міржақыптың «Оян, қазағын!» бесігінде тұншықтырмақ болып, сан түрлі қиянат жолын іздеген отаршыл билік мына өлеңдері үшін Дулатовтың шәкірті Мағжанды да нысанаға алған. «Шолпанның» таралуына тыйым салынып, автордың соңына жансыз әкімшілік ­бақылау қойылған. Сәбит Мұқанов: «…Мағжанның ақындығын қозғауға екінші себеп – Міржақып болуы керек» дегенді не пиғылмен айтса да, негізсіз емес. Және осы пікірдің дәлелі ретінде Мағжан Міржақып ағасының түрмеге қамалуына, түрмеден босанып шығуына байланыс­ты бірнеше өлеңдер жазды. Әлихан Бөкейхан бастаған алашшыл зиялы қауымның азаттық күресіне саналы түрде қосылып, Алашорда үкіметінің шаңырағын көтерісіп, уығын қадас­ты. Кейін, Кеңес дәуірінде де «Оян, қазақтың» авторына жағылған күйе, оның шәкіртіне де кінә болып тағылған.

Міне, Мағжанның күрескер ретінде танылуы осыдан басталды. Ол 1917 жылғы ақпанда орыс патшасы өз еркімен тағын тастағаннан кейін орнына жаңа үкімет келуін қолдады, қазаққа жақсылық келетініне сенді. Алайда мемлекет билігін заңсыз басып алған Ленин бастаған большевиктер де орыс емес халықтарға жайлы бола қоймайтынын, қайран ақын, түсінген жоқ еді…

1919 жылы Казревком құрылып, 1920 жылғы 20 тамызда автономия дәрежесі беріліп, қазақтың ұлттық мемлекетінің нышанын көрген Мағжандар тағы үміт күтті. Омбыдағы Сибревком жанындағы мұсылман секциясынан қазақ тобын бөліп алып, өз алдына қазақша «Кедей сөзі» деген атпен газет шығара бастады. Жаңа тұрпатты қазақ баспасөзін қалыптастыруға кірісті. 1921 жылғы 12 қаңтарда газет бетінде «Автономия кімдікі?» деген ашық сұрақты бас тақырыпқа шығарып, мақала жазды. Жаңа заманның заңды сұрағына өзі жауап беріп, әлеуметтік-саяси бетін ашып көрсетті:

«Оқыған азамат жұмыла автономия ісіне кіріскен жоқ. Оқығандар арасында ұғыныспағандықтан, түскен көңілсіз, орынсыз жік әлі жойыла қойған жоқ. Ұғыспау әлі бар. «Бұл автономия сенікі емес, менікі!» деген ұнамсыз сөздерді әлі естуге болады. Кеше, 17-18-19-жылдары «автономия» деп атқа қонған азаматтардың біразы қазір автономияға үмітсіз, салқын қарайды. Кіріскісі келмейді» деп қынжылады да Мағжан ақын өзінің туған халқына деген, қазақ бауырына деген адал ниетін оқырмандарына бейнелі сөзбен жеткізе отырып, мақаланың бас тақырыбындағы «Автономия кімдікі?» деген сұраққа мынадай айқын жауап береді:

«Айлы, күнді, қанды отты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар; басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. …Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі»… «Аязды күні айналған, Бұлтты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған, Ер қазақтың автономиясы бұл!»

Қазақстанның автономиялық рес­публика болып, Ресейдегі басқа да ұлттармен теңелді-ау деп, қолдаған Мағжанның сол кездегі қалам тербеуі елім деп соққан пәк жүректің дүрсіліндей адал, әр сөзі кіршіксіз таза еді. Мұны айтқанда біз жоба-жосығы осы-ау деп төтелеп отырған жоқпыз, нақты дәлелдер келтіріп, 1921 жылғы ақпанда Ресейде басталған башыгеш-кулактар көтеріліс өрті Қызылжар мен Көкшетау төңірегіне жайылғанда, коммунистер мен советке қарсы қанды қырғын көтерілістің салдары қазақтың сорын бұрығыдан да қайнататынын болжаған Мағжан: «Қазақ бауырлар, жолдастар! Сіздер ол жаулардың тіліне елігіп, соңынан ермеңіздер. Аты өшкір үкіметтің заманында көбірек тепкі көрген, езілген, құлдықта жүрген халықтың бірі – біздің қазақ халқы болатын. Қазақ халқын өткен уақытта ешкім қатарға алып, адам санына қоспады. Туып-өскен жерінен, Сарыарқа сары белінен еңіретіп зарлатып, қуып шығатын кім еді? Бұлар сол қараңғы уақытта Совет Үкіметіне қарсылық жасап жүргендер! Олар өтіп кеткен қайғылы қара түнді қазақ халқына қайта орнатпақшы! Ондай қулардың Совет Үкіметі туралы неше түрлі болса да, құтыртып, ертіп таратқан хабарларына нанбаңдар. Ешнәрсеге алаң болмай, істеп келе жатқан шаруаларыңызды жүргізе беріңіздер! Ел арасына бұзақыларды ұстауға шыққан қызыл армияға жәрдемдеріңізді аямаңыздар. Жасасын, Совет Үкіметі! Жасасын, Қазақ Жұмқұрияты! Жасасын, істі қазақ еңбекшілері!»

Губерниялық газет «Бостандық туының» 1922 жылғы 19 наурыздағы бірінші санында осылай деп ұран тастаған ақын, газеттің 3 сәуірдегі екінші санындағы «Екіден – бір» деген мақаласын былай аяқтайды: «Сондықтан, біздің алдымызда екі ғана жол бар. Азаттық, не құлдық. Не совет бостандығы. Не Николай-Колчактың құлдық қамыты. Міне, қазаққа осыны ұғатын мезгіл жетті. Алдымызда екі жиын қара тұр. Біреуі – ел болам деген қазақты шетінен бауыздау керек деп қылышын даярлап тұрған Дутов, Иванцов, Ринов сықылды қара жүздер. Екіншісі – құлдықта езілген сорлы елді, қатарға кір, ел бол деп, құшағын жайып тұрған Ленин, Сталин жолы».

Қазақ автономиясы құрылып, Ақмола губерниясының орталығы болған Қызылжарға Омбыдан аттанар алдында, «Бостандық туы» газеті бетінде (12 сәуір, 1922) Мағжан қазақ оқығандарына хат жариялады. Онда: «Жас қазақ республикасының барлық шаруашылығын қолына алып… елге қамқор оқығандар билік төріне шығуы керек… Көксегені – бақ, күйттегені – дәреже, сән-салтанат, мақтану, өзінің өзгеден үстем екендігін көрсететін» оқығандар емес. «Оқыған адамдарда ең бірінші қасиетті сипат сол – оларда дүниеге қараған белгілі көзқарас болады, нық бекіген мақсаты болады, айнымайтын бір идея меншіктейді».

Күрескер, қайраткер ақын сол кезеңнің қазақ үшін ақиқат шындығын боямасыз көрсетіп, түсіндірді. «Қазақ төңкерісті өзі жасаған жоқ. Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейінгі үш жылда да теңдікке қолы жетпеген… Отаршылдықтың жарасы әлі жазылмаған» жағдай еді. Мұндай жағдайда «Қазан төңкерісінің нәтижелерін қазақтың мойнына қамытша кигізе салуға болмайды» деп дұрыс тұжырым жасады.

Қош… Орыс патшасы тағынан құлады, аумал-төкпелі замандар өтті. Кеңес өкіметі орнады, большевиктер билік басына келді. Бұрынғы ескі тәртіптің бәрі теріске шығарылып, жаңа заман келген. Сөйтсек… әлі келген жоқ екен. Отаршылдар қашан да кекшіл болады. Аталарының кегін кейінгі ұрпақтары алады. Оны көп жыл архив ақтарғанда талай көріп, көзіміз жеткен. Сонау Екатеринаның империялық заманында басталған тыңшылық, қудалау, жазықсыз жазалау тәртібі сол күйінде, кеңес заманында одан әрі жалғасқанын көрдік. Патша жандармериясының құпия қағаздарын коммунист-чекистер түгел басып қалды да, социалистік қоғам жағдайында өз қажетіне пайдаланды. Бұрын бақылауда болғандарға кеңес заманында да күзет қойылды. «Не шықса – солардан шығады» деген белгілі пиғыл…

1921 жылы мамыр айында Мағжан Жұмабайұлы жаңа құрылған Ақмола губерниясының басшысы Әбдірахман Әйтиевтің шақыруымен Петропавлға (Қызылжар) «Бостандық туының» редакциясын ала келіп, газет шығарды. Мамыр айының басында «Аш-арықтарға көмек көрсету жөніндегі губерниялық төтенше комиссия» төрағасының орынбасары ретінде аштан қырылып жатқан жерлестеріне көмектесті. Сол күндердегі жағдайды танып-білу үшін баспасөз дерегіне жүгінейік. Петропавл қаласында орыс тілінде шығып тұрған, губерниялық «Мир труда» газетінің бетінде 1922 жылдың 11 маусымында Мағжан «Сарыарқадағы аштық» деген тақырыппен көлемді мақала бастырды. Автор қазақ даласын жайлаған аштық туралы және қазақтың табиғи бітім-болмысы төзімді екендігі, аштан қырылып жатса да тұяқ серіппейтін момындығын айтты.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан

университетінің ­профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button