Мәдениет

Махаббат мекені

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры 2024 жылдың 29, 30, 31 наурыз күндері  авторы белгілі жазушы-драматург Мар Байджиевтің әлем театрларында сахналанған «Махаббат жағалауы» атты психологиялық драма жанрындағы қойылымының премьерасы аншлагпен өтті.

Қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Асхат Маемиров.

Туындыны қазақ тіліне аударған «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Құжырғали Төлеуішов.

Қойылымда адами құндылық, адалдық туралы, адамгершілік қасиетінің қоғам мен адам өміріндегі рөлі және жеке тұлға бойында қалыптастыру мақсатында образдар арқылы шынайы бет бейнелерді көрсетеді. Жастар арасындағы махаббат, үш кейіпкердің өмірі, тіршілігі, олардың махаббатқа деген түсініктері сахна тілінде басқаша өріледі. Режиссер қоғамда ең қорқынышты нәрсе –  ол адамдармен өмір сүру және өзгеге сенбек түгілі өзіңе деген сенімің күдікті екенін түсіндіре отырып, адамгершілік пен ізгі жолды көрсететін алтын көпір салуға тырысады.

Белгілі жазушы-драматург Мар Байджиевтің әлем театрларында сахналанған шығармасы поэтикалық диалогке құрылған. Кейіпкерлердің өзара сөйлесуі, әңгімелесуі негізінде оқиға желісі  күрделене түседі. Қаһармандар ойы-тұспал, астар  емес керісінше, ашық баяндауға негізделген. Тұпқазық кейіпкер – Нази, Азиз және Ескендір.

Негізі театрға көрермен қоғамдағы келеңсіз оқиғалардан, еш бітпейтін сүреңсіз тірліктен қалт еткенде, жаны жалаңаштанып, рухани күш іздегенде барады. Театрдағы өнер, режиссер шешімі, актерлерлің ойыны, өмір мен өлім арасындағы құндылықтар сөз болған спектакльдер қарайып кеткен адам жанын жаңбырдан кейін тазалаған мөп-мөлдір тамшыдай әсер етері анық. Рухани азық алып, өз өмірін електен өткізгендей болары анық. Өнердің құдыреті де сонда.

Бақыт пен Махаббат тұрақты ма?  Қайырым мен қанағат бар ма? Өмір мен Өлім мәңгілік пе? Философиялық сұрақтарға жауап іздеген психологиялық драма әрбір адамның жүрек түкпіріндегі ғажайып, тылсым әлемге бойлап, «сезімдердің моласы» – адам жанының терең, тұңғиық екендігін көрсетті.

Сценография және қоюшы-режиссер – Асхат Маемиров осы премьерада тек талантты режиссер ретінде ғана емес, айрықша әндерімен кейіпкерлердің сезімін сөйлетті. Қойылымның киімдерін жасаған суретші – Арна Алпыспаева нәзік Назидың болмысына сай келетін аппақ көйлекті де, Ескендірдің тұлғасына лайықты костюмді де, қатерлі ісіктің соңғы стадиясындағы Азиздің адал, жұмсақ, мәдениетті характеріне келетіне ақ костюмді, сахнадағы қайық, балықшының құралдары бәрі көрерменге табиғи, нанымды берілген.

Премьерада дыбыс, музыка тыңдарманға ерекше әсер етті, дыбысын әрлеуші режиссер – Сабина Ильясова болса, жарық қоюшы суретші –Айдын Досаев, режиссердің ассистенттері – Алмас Шоман және Оразалы Игілік, режиссердің көмекшісі – Азамат Болатовтың еңбектерін айрықша атап өтуге болады.

Нәзік, адал жар іздеген Нази ролінде – Майра Марғұланқызы мен Аружан Бағзат ойнаса, жаны жомарт, ғазиз жүректі, адамдарды құтқару үшін өз жанын аямаған Азизролін  – Дінислам Нұрмағанбетов пен Әлішер Исмаилов керемет сомдады. Әсіресе, Дінисламға осы қойылым тек өзіне арналып жазылғандай, барлық сөзі, ісі көрермен жүрегіне жетті, көзімізден жас парлап ақты…

Өмірдің бар қызығы – ақша мен сұлу әйел деп ұғатын тоғышар мінезді Ескендірдің бейнесін – дарынды жас Оразалы Игілік пен Мұхаммедсаид Бағашаров орындады. Медбике ролінде – Аружан Бағзат пен Майра Марғұланқызы көрінді.

– Өз сөздерімнің сахнадан естілуі, аяулы махаббаттың куәсіндей жүректерді толқытуы, жастарға ой салуы – мені де терең толқытты, жаңа шығармалар жазуыма жігер берді. Асхат Маемировтың жүрекжарды, сезімге толы әндері спектакльдің өн бойына қан жүгіртіп, ерекше әсер берді. Талантты режиссерге де, дарынды актерлерге де алғысым шексіз!- деп автор Құжырғали Төлеуішов көзіне жас алды…

Махаббат жағалауында әртүрлі адам жолығуы мүмкін. Ол адамдарға қандай жақсылық жасады, ғұмыры текке өтті ме, адамдардың жанына үңіліп, сезімдеріне серік бола алды ма, махаббаттың қадіріне жетті ме, азғындық пен сатқындықтың арасы немен өлшенеді – осындай өмірлік сұрақтарға психологиялық драма интеллектуалды деңгейде, жоғары кәсіби өлшеммен жауап іздеді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button