Мәдениет

«Махаббат сусынынан» дәм татқызды

«Астана Операда» Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» жарқын комедия­лық операсында театрдың тамаша солистерінің айтулы дебюттеріне елордалықтар куә болды. Адина мен Немориноның басты партияларында сахнаға алғаш рет танымал опера примасы Жаннат Бақтай мен керемет тенор Артур Габдиев өз өнерлерін көрсетті. Спектакльдер қойылымның музыкалық жетекшісі, театрдың бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың басқаруымен өтті.

Жетекші солист Жаннат Бақтай театр сахнасында бірқатар ұмытылмас бейнелер жасады. 15 наурызда әйгілі әнші-сопрано көпшіліктің алдына Адина сұлудың бейнесінде шықты.

– «Махаббат сусыны» операсымен кездескен әрбір жанды спектакль өзінің энергетикасымен, өмірге деген құштарлығымен, жастық жалынымен жігерлендіреді, сондықтан мен оны энергетикасы мықты шығарма деп атар едім. Сахнадағы және оркестрмен бірге жылдам екпінмен орындайтын әртістер орындаған музыкадан көрермендер таңғажайып әсер, драйв алды, – деді Жаннат Бақтай.

– Спектакльдің қоюшы режиссері Арно Бернар – француз мектебінің өкілі. Бұл мектеп басқаларынан қатты ерекшеленеді, ол үнемі қозғалыстағы, шығармашыл, қызықты саналады. Бүгінгі таңда маэстро Бернар – дүние жүзіндегі ең алдыңғы қатарлы опера режиссері, – дейді әртіс.

Танымал әнші Гаэтано Доницеттидің көзі тірісінде көптеген опералар жазғанын, өз заманының өте табысты композитор болғанын айтты, ал «Махаббат сусынын» ол небәрі екі аптада жазып шыққан.

– Доницетти опера композиторлары мен орындаушылары үшін үлгі болып қала береді. Көптеген авторлар оның спектакльдерін тамашалауға келіп, тәжірибе алған, осы туындылар арқылы шеберліктерін шыңдаған. Доницеттидің опералары биік талғаммен, жанрдың үздік ережелерімен жазылған, оларда барлығы өте ұғынықты, көңілге қонымды, дұрыс, оларды классика стандарты деуге болады. Мен Адинаның партиясын операдағы беткеұстар партия ретінде қабылдаймын. Осы бейнеде сахнаға шығу – мен үшін үлкен жеңіс. Әлбетте, Доницетти секілді кемеңгер композитордың музыкасын Арно Бернар секілді бірегей режиссердің қойылымында әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен үздік әлемдік театрлардың бірінде орындағанымды мақтаныш етемін, өзімді өнер иесі ретінде шексіз бақыттымын деп есептеймін. Атақты суретшілер Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапиноның декорациялары мен  костюмдері де керемет, – деді Жаннат Бақтай.

– Менің кейіпкерім – өте мейірімді, қарапайым, ашық, көңілді, бірақ сонымен бірге ол өз махаббаты үшін соңына дейін күресуге даяр, батыл жас жігіт. Бастапқыда оның көңілі қалса да, кейін ол қайткенмен өз дегеніне жетеді. Романтикалық махаббат жайлы армандай отыра, ол әдемі, асқақ сезімге құштар. Кейіпкердің бейнесі лирикалық қырлармен бөлініп берілген, бұлар оны орындаушылар үшін де, көрермендер үшін де ерекше тартымды етеді, – деп пікірімен бөлісті Артур Габдиев.

– Менің ойымша, Неморино – бұл армандауға тұрарлық партия, ол кез келген тенордың ең сүйікті партияларының бірі және әрбіреуі онда өзіне жақын дүниені табады. Сонымен қатар бұл – өте күрделі партия, онда түрлі ансамбльдерді көруге болады. Операның басынан аяғына дейін сахнадан түспей, «демалмастан» ән айту керек. Гаэтано Доницеттидің жауһарын орындау, ең алдымен, вокалистер үшін маңызды, әрі пайдалы екенін атап өту қажет. Себебі Доницетти мен Беллинидің туындыларында ғана солистің шеберлігі анықталады, өйткені олар – «белькантоның» дәулескер техникасын мектебінен өткендер.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button