Махатма Гандиге құрмет көрсетілді

Бас қалада Үндістанның елшілігі Махатма Гандидің 154 жылдығына орай іс-шара өткізді. Үндістанның елшісі, доктор Т.В.Нагендра Прасад жұбайы Падмавати ханыммен бірге жергілікті мәртебелі меймандар және Астана медицина университетінің студенттері М.Ганди мүсініне гүл шоқтарын қойды.
Елші Нагендра Прасад пен Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев Махатма Ганди және оның ұлағаты жайында келелі сөз қозғады.
Елшілік жанындағы «Свами Вивекананда» мәдени орталығының әртістері танымал әндерді орындады.
Махатма Гандиге құрмет белгісі ретінде оған бүкіл әлемде бюсттер мен мүсіндер әйгілі жерлерде орнатылған. Қазақстанда Махатма Гандидің екі мүсіні Алматы мен Астанада айрықша өз алдына бөлек орнатылған және оның жанашырлық пен мейірім, адалдық, зорлықсыз келешек жайлы айтқан даналық сөздері, жасаған ізгі істері еліміздің ұстанған бейбіт, келісім бағыттарына сәйкес келеді. Өз елінің тәуелсіздігін армандап қана қоймай, ғажайып білімімен, қайраткерлігімен әлемді өзгерткен тұлға – Махатма Гандиді дүние жүзі халықтары ерекше құрмет тұтады, жыл сайын туған күнін айрықша атап өтеді.