Жаңалықтар

«Майдан әндері»

11088872_929039677142384_3957205431978579501_o

Жақында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен «Майдан әндері» атты моноспектакльдің премьерасы болды. 

Шығарма авторы – жазушы Роллан Сейсенбаев. Моно­спектакльдегі кейіп­керлерді бастан-аяқ сомдап шығатын Қазақстанның халық артисі – Тілектес Мейрамов. Қоюшы режиссер – Ұлпан Серікболқызы.
Спектакльдегі бас кейіпкер Садыр Байбарысов – сұрапыл соғыстан аман келген солдат. Соғыстан оралған соң бір меке­менің ревизоры болып, отыз жылдай қызмет атқарады. Той-томалақта, басқосуларда арақ ішуді онша теріс көрмейді. Ішіп алса, ұрыс даласында салған әндерін айтады. Түсінде де көретіні – соғыс, оқ бораған сұра­пыл күндер. Оққа ұшқан досы, жаралы орыс қызын бір түн арқалап жүргені өмірі есінен кетпейді. Сосын ішеді, ән салады… Бір сағат бойы осындай ауыр тағдыр иесінің образына кіріп, көрерменді күлдіретін жерде күлдіріп, жылататын жерде жылатқан Халық артисі Тілектес Мейрамов: «Қазір, өкінішке қарай, ардагерлерімізді Жеңіс күні ғана еске аламыз. Қалған күндері назардан тыс қалып жатады. Менің әкем де соғысқа қатысқан, сол соғыстың зардабынан 63 жасында қайтыс болды. Мен сол соғысқа қатысқан ардагерлер, әкем мен өзімнің балаларымның, немерелерімнің арасындағы дәнекер сияқтымын. Әкем көрген азапты балаларыма, немерелеріме түсіндіре алсам, парызым орындалды деп есептеймін» деп Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне деген құрметін білдірді.

Ырысбек ДӘБЕЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button